10
Жұма,
Мамыр

һижри

Дінімізде мұғжизаға сену қаншалықты маңызды?

Дінімізде мұғжизаға сену қаншалықты маңызды?

Ислам тарихы

Жұрт пайғамбардан әдеттен тыс, ешкімнің қолынан келмейтін іс жасауды талап еткен. Құран бұл көріністерді «аят» десе, ол бізге «мұғжиза» деген сөзбен таныс.

«Мұғжиза» сөзінің тілдік мағынасы «шарасыз, әлсіз қалдыру» дегенге саяды. Ал терминдік мағынасы: « Пайғамбар, өзінің пайғамбарлығын жария еткеннен кейін өзіне сенбегендерге қарсы Алланың қалауымен көрсеткен әдеттен тыс істері ».

Мұғжиза – табиғат заңдарына бағынбайтын әдеттен тыс істер. Мысалы Адам (а.с.) топырақтан жаратылуы, Иса (а.с.) әкесіз жаратылуы, Һауа анамыз Адамның (а.с.) қабырғасынан жаратылуы, Ибраһим пайғамбардың отқа жанбауы, т.б. бұлардың барлығы дүниелік өлшемдерден тыс. Пайғамбарға, Аллаға сенгендер бұл мұғжизаларына да сенген. Ал пайғамбарға, Аллаға сенбегендер бұл мұғжизаларға да сенбей сиқырға, көзбояушылыққа теңеген.

Олай болса, мұғжизаға сену мұсылман үшін міндет, өйткені дінімізде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көрсеткен мұғжизалары Құранда және кейбір мутауатир(Бір оқиғаны шыншыл бірнеше адамның куәлігімен, сандары азаймастан кейінгі ұрпаққа жеткізіліп отыру жолы) жолмен жеткен риуаяттар мен нақты хадистерде айтылған. Мұса мен Иса пайғамбардың және Ибраһим пайғамбардың көрсеткен мұғжизалары, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көрсеткен мұғжизасы Құран аятымен бізге жеткен. Сондай-ақ осы күнге дейін келіп кеткен сан мыңдаған әулиелер мен ғалым-ғұламалардың барлығы мұғжизаларға аяндай сенген, сондықтан бұл мұғжизаларға сенбеу Құран аятына сенбеу, Пайғамбарымыздың айтқанына сенбеу және осы мұғжизаға сенген барша әулиелер мен ізгі адамдарды ақымаққа теңеу. Мысалы, біреу ай екіге жарылмады десе, біріншіден, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ісін жоққа шығарған болады, екіншіден, Алла Тағаланың құдіретіне күмәнмен қараумен тең және осыған сенген адамдардың сенімін жоққа шығарған болады.

Негізінде, қазірдің өзінде мұғжиза болмаса да таң қаларлық істер болып та жатыр. Мысалы, адамның шиша немесе шеге үстіне жатуы, шоққа күймеуі, темірді денесінің бір жеріне кіргізсе де қан ақпауы т.б. түрлі жағдайлар кездесуде. Бұларды көре тұра сенбеуіміз мүмкін емес. Алайда бұлар мұғжиза емес, өйткені бұл істі басқа біреу де істей алады. Заманымыздағы бірнеше тонна ұшақтың аспанда ұшуы, бір сәтте мыңдаған шақырым ұзақтағы адаммен көрісіп, онымен сөйлесу секілді істер себеп-салдар нәтижесінде болса да бізден бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген адамдар үшін ертегі болып саналған еді. Алайда бұлардың барлығы болып жатыр, бірақ біздің көзіміз үйреніп, оны табиғи заңдылық ретінде қабылдап кеткенбіз. Ойланған адамға Алланың құдіретімен болып жатқан қазіргі таңдағы істердің өзі де мұғжиза іспеттес. Мысалы, жұлдыздар бір мұғжиза, жердің тартылыс күші бір мұғжиза, адамның рухы бір мұғжиза, адамның бойындағы қан тамырларының айналым жүйесі бір мұғжиза. Тіпті Адам (а.с.) пайғамбардың жаратылуы секілді біздің жаратылуымыз да бір мұғжизалық ұқсастық бар, өйткені Алла Тағала Адам атаны (а.с.) топырақтан (жердің элементтерінен) құрап сосын рух беріп жанды еткені секілді біздің де бір жансыз тамшыдан және жер бетіндегі азықтардан нәр алып қалыптасқан ана жатырындағы денемізге Алла рух беріп жанды етті. Алайда адам баласы үшін көз алдындағы мұғжизаның қадірі болмайды. Бұл мәселеге мынадай мысал келтіре кетейік: бұл Жер шары, әлеміміз жаратылмай тұрып, бір адамға осы әлемді бейнелеп, тау-тасымен, өзен-көлімен, түрлі жанды-жансыз жаратылыстарымен бейнелеп, осындай бір әлем жаратылады десек, дереу оның ойына қияли нәрсе секілді көрініп, күмәндана бастауы мүмкін. Алайда ол адам осы өмірге келіп, көзі үйренгеннен кейін бұл әлемдегі барлық құбылыстар қалыпты жағдай секілді көрініп, мұғжиза жоқ секілді көрінеді. Алайда ойланып, ой жіберген адамға бұл әлемдегі құбылыстар үлкен мұғжиза. Сол үшін Аллаһ тағала пайғамбарларды ерекше мұғжизалармен жіберген. Мұғжизаларының мынадай ерекшеліктері бар:

1) Мұғжиза тек Алланың қалауымен жүзеге асады. Пайғамбар мұғжизаны болдыра алмағаны секілді оны тоқтата да алмайды. Мысалы, хазірет Мұсаға Алла Тағала: «Ей, Мұса! Қолыңдағы аса таяқты жерге таста!» – дейді. Хазірет Мұса оны жерге тастап жібергенде, ол таяқ улы жыланға айналып шыға келеді. Түр-түсі сұп-суық оқ жыландай ысылдап хазірет Мұсаның өзін қорқытты. Сонда Хақ тағала Мұсаға: «Оны қайта қолыңа ұста, қорықпа. Оны әуелгі қалпына келтіреміз» («Таһа» сүресі, 20) , – дейді. Бұл жыланнан хазірет Мұсаның қорқуы, бұл мұғжизаның Мұсаның емес Алланың қалауымен болғандығын көрсетеді. Құранда: «Ешбір елші Алланың рұқсаты болмайынша бір мұғжиза келтіре алмайды » («Ғафыр» сүресі, 78) деп бұл мәселені нақтылаған.

2) Әдеттен тыс: Егер әдеттегі нәрсе болса, яғни, табиғат заңдылықтарына сай келсе, ол мұғжиза бо- лып саналмайды. Мысалы, менің мұғжизам күннің шығыстан шығуы десе бұл мұғжиза болып саналмайды, өйткені Күн әдетте шығыстан туады, сондықтан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Айды екіге жарғаны, саусақтарынан су аққаны, құрма түбіртегінің жылағаны секілді әдетте қайталанатын істен бөлек болуы керек.

3) Мұғжиза пайғамбарлықты жариялаған адамда көрінуі керек. Ол – пайғамбардың Алланың жіберген елшісі екендігін растайтын айғақ. Қалайша бір адам бір елдің азаматы екендігін дәлелдеу үшін сол елдің төлқұжаты болуы керек секілді Пайғамбардың да пайғамбар екендігін растайтын бір дәлелі – мұғжиза. Олай болса, мыналар бұл қағидаға кірмейді:

– Керемет – әулие адамда кездесетін, табиғат заңдылықтарына бағынбайтын құбылыс. Бұл Алланың сүйікті құлдарында жиі кездеседі.

– Иһәнет (қорлау) – жалған пайғамбаршылардың жалғандығын білдіру үшін Алла оның қалағанының терісін болдырады. Мысалы, өзін пайғамбармын деген Мүсайламатул-кәззәп: «Менің мұғжизам – мына ауырған көзіңді емдеу», – деп біреудің көзін емдеуге тырысқанда, оның сау көзі соқыр болып қалады. Осылайша оның жалған пайғамбар екендігі тағы әшкереленеді.

– Истидраж – пасықтың немесе өзін құдаймын дегеннің қалауының орындалуы. Алла Тағала бұл екеуінің қалауын орындау оларға жақсылық секілді көрінгенмен мұның ақыр соңы оларды үлкен азапқа ұшыратады. Бұл жайлы Құранда: « Оларға білдірмей біртіндеп зауалға бет алдырамыз » («Ағраф» сүресі, 182) деп олардың істерін табысты етіп, күнәсін арттырып азапқа лайықты етеді. Тіпті олар біздің қалауымыз орындалып жатыр, біз тура жолдамыз деп ойлауы да мүмкін, алайда олар зауалға, құрдымға кетіп бара жатыр.

- «Мауна» – Алланың жәрдемі: көпшілік білмейтін қарапайым тақуа адам қиын жағдайға тап болғанда, Алла Тағаланың оған әдеттен тыс күтпеген бір іспен жәрдем беруі.

4) Пайғамбарлықты жария еткеннен бастап, Алланың қалауымен мұғжиза көрсетеді. Мысалы, расулаллаһтың 40 жасынан бұрынғы көрген кереметтері мұғжиза болып саналмайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: « Мен пайғамбар болмай тұрып Меккеде маған сәлем беретін бір тасты білемін. Ол тасты қазір де білемін »( Мүслим, Нәбәуи шархымен, 15 том, 36 бет, 2277-хадис.). Сондай-ақ түсінде көргендердің барлығы айна-қатесіз өңінде қайталануы. Бұлардың барлығы пайғамбарлыққа дейін болғандықтан, бұларды мұғжиза емес «ирхасат» деп атайды.

5) Өзгелердің шамасы жетпейтін іс болуы керек. Сиқыр мен көз бояушылықты көптеген адам істей алғандықтан, бұлар мұғжизаға жатпайды. Бұған мысал, Мұса (а.с.) пайғамбардың барлық сиқыршыларды өзіне бағындырып, Аллаға иман келтірткені секілді. Соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) көрсетіп кеткен мұғжизалары мен ақирет күніне дейін жалғасатын Құран мұғжизасы біздер үшін қайталанбас, теңдесі жоқ ғажайыптар. 

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: