10
Жұма,
Мамыр

һижри

Мен Алланың қорғауын таңдаймын

Мен Алланың қорғауын таңдаймын

Ислам тарихы

Ислам дінінің насихаттала бастаған алғашқы жылдарында мұсылмандар адам төзгісіз азаптарды басынан өткерді. Осы қиыншылықтардан құтылу үшін Хабашистанға һижрет ете бастады.

Мұсылман бауырлары сияқты әзірет Әбу Бәкір де һижрет ету мақсатымен жолға шықты. Меккеге бес күндік арақашықтағы Бәрқул-Ғимад елді мекеніне келіп жеткенде, ол жерде Кара қауымының көсемі Ибнуд-Дуғунна қарсы алды:
– Уа, Әбу Бәкір! Қайда бара жатырсың? Туған жеріңді не себепті тастап кеттің? – деді. Әзірет Әбу Бәкір:
– Туған жерімді тастап кетуіме қауымымның жасаған жәбір-жапасы себеп болды. Әлемді шарлап саяхат жасап һәм Раббыма еркін құлшылық жасағым келеді, – деп жауап берді. Ибнуд-Дуғунна:
– Әбу Бәкір, сен сияқты адамның туған жерін тастап кетуге мәжбүрлеу былай тұрсын, тіпті шығаруға болмайды! Өйткені сен өте бағалы заттарыңды халықпен бөлісесің, туысыңмен жақсы қарым-қатынаста болып, әлсіздерге көмек қолын созасың. Қонағыңды құрметтеп күтіп алып, әртүрлі апаттан зардап шеккен жандарға қамқорлық жасайсың. Мені тыңда, сенің көршіңмін, мен сені қорғауыма аламын, – деді.
Осыдан кейін әзірет Әбу Бәкір Ибнуд-Дуғуннамен бірге кері қайтты. Ибнуд-Дуғунна сол күні кешке құрайыштың бетке ұстар басшыларын аралап, былай деді:
– Әбу Бәкір сияқты адамның туған жерінен мәжбүрлі түрде қуылуы былай тұрсын, тіпті оны шығаруға болмайды! Сіздер халықпен қолында барымен бөлісетін, туыстарын сыйлайтын, әлсіздерге көмектесетін, қонағын құрметтеп күтетін, апаттардан зардап шеккендерге пана болатын адамды елінен қалайша қуып шығасыңдар?
Құрайыш Ибнуд-Дуғуннаның сөзіне де, әзірет Әбу Бәкірді қорғауына алатыны жайындағы шешіміне де қарсы шықпады. Оған былай деді:
– Әбу Бәкірге айт! Раббысына үйінде ғибадат етсін, намазын үйінде оқысын, не оқығысы келсе де оған тыйым салынбасын, бірақ бізді мазаламасын. Ашық түрде уағыз айтпасын! Өйткені әйелдеріміз бен балаларымыздың басын айналдырып ала ма деп қауіптенеміз!
Ибнуд-Дуғунна құрайыштың айтқан сөздерін Әбу Бәкірге жеткізді. Ол да осы шартпен келісіп, туған жерінде қалды. Енді ол үйінде Раббысына құлшылық жасайтын болды, бірақ сыртта намаз да, Құран да оқымады.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін, әзірет Әбу Бәкір үйінің алдына намаз оқитын жер дайындайды. Ол осы жерде намаз, Құран оқыды. Бірнеше күннен соң, мүшріктердің әйелдері мен балалары оған таңданып, оны көру үшін жинала бастайды. Тіпті күн өткен сайын адамдар жиналып, бір-бірін итеріп, үйдің маңайына сыймай кетеді. Әзірет Әбу Бәкір мейірімді һәм көркем мінезді жан болды. Құран оқығанда көзі жасқа толушы еді. Әзірет Әбу Бәкірдің жағдайы Құрайыш мүшріктерін уайымға салды. Ибнуд-Дуғуннаға хабар берген соң, ол дереу жетті. Оған былай деді:
– Біз Әбу Бәкірге Раббысына үйінде құлшылық жасау шартымен рұқсат берген едік. Әбу Бәкір болса шектен шықты, үйінің алдын мешітке айналдырды. Ол үйінің алдында жария түрде намаз, Құран оқиды. Әйелдеріміз бен балаларымыздың алданып қалуынан қорқамыз. Әбу Бәкір бұл райынан қайтсын. Раббысына тек үйінде ғана құлшылық жасасын деп айт! Айтқанымызды қабылдаса, келісімшартымыз жалғасады, құлшылығын жария түрде жасаймын деген ойынан қайтпаса, оны қорғаймын деген уәдеңді бұзатыныңды мәлімдейсің. Саған берген уәдемізде тұрғымыз келеді. Бірақ Әбу Бәкірдің ғибадатын да қабылдай алмаймыз!
Ибнуд-Дуғунна Құрайыш мүшріктерімен сөйлескен соң, Әбу Бәкірдің жанына келді де:
– Әбу Бәкір! Менің сенімен қандай келісімшарт жасағанымызды өзің жақсы білесің. Осы уәдемізге келісесің не болмаса саған берген кепілдігімнен бас тартамын! Өйткені берген антымды бұзғанымды арабтардың естігенін қаламаймын.
Ибнуд-Дуғунна сөзін аяқтаған соң, әзірет Әбу Бәкір:
– Онда мен сенің қорғауыңнан бас тартамын. Алланың қорғауын таңдап, разы боламын! Оның қамқорлығы маған жеткілікті, – деді.

материал «Алланы сүю» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: