Құран мүшріктер мен кәпірлердің ақиқатқа жатпайтын сөздерінің «Обалы өте үлкен сөз», «Бос сөз», «Қарама-қарсылыққа толы сөз» екенін баяндайды.
Баста Аллаға серік қосуды білдіретін шірк сөздері, екібеткейлікті білдіретін нифәқ сөздері менкәпірлікті білдіретін күпір сөздері сияқты Аллаға қарсы айтылған сөздер болып, әртүрлі «жалған сөздерге» де қатты тыйым салады. Бұл тұрғыдан алғанда жалған куәлік жасағандарды Құран қатты ескертеді.
Алла «жаман сөздер» мен жаман іс-әрекеттердің кез келген жер мен кез келген уақытта айтылып паш етілуіне тыйым салған. Ал зұлымдыққа ұшыраған адамның қазының алдында айтуы бұл тыйымнан тыс. Өйткені кейбір жамандықтар айтылып құлаққа естіледі де, оларға үйреніп, кейін олардың етек жайуына себебші болады. Әдепсіздік пен ұятсыздыққа қатысты сөздер де осы санатқа жатады. Хадис шәрифте былай айтылған: «Ұятты сөздер айту мүнәфиқтықтын белгісі» (Термези, Китәбүл-Бирр уәс-Сыла, 80). Сондықтан жаман сөздерге үйреніп алудан сақтану керек.
Мына бір оқиға бұны тамаша түсіндірген:
Хазіреті Иса u жолда бір доңызды кездестіреді. Оған ол: «Сәлеметте болғайсың, жолды босат!» – дейді. Жанындағылар: «Бұны мына доңызға айтып жатырсың ба?» – деп сұрайды. Ол «доңыз» сөзін айтуға және ол жануарға сөйлегенде дөрекі сөз қолданудан сақтанғанын білдірмек болып:«Мен тілімді жаман сөздер айтуға үйретуден қорқамын» деп жауап береді (Муатта, Кәләм, 4).
Сөйлегенде сөзді қажетті-қажетсіз көп қайталау баяндау әлсіздігі болып табылады. Әсіресе мұндай сөз жағымсыз немесе дөрекі болса, бұның кемшілігі одан да үлкен болады. Бұл жаман мінез салих адамдарды мұңайтып одан алыстатады. Ал бұл жағдай мүминдерге әсте жараспайды. Хадис шәрифте: «Алла алдындағы ең жаман адам – аузының жамандығынан адамдар онымен араласу мен кездесуден бас тартқан адам» – делінген (Бұхари, Әдеп, 48). Алла Расулы әңгіме кезінде дөрекі, жаман сөздердің қолданылуын қаламай, сол мағынаны білдіретін басқа сөз болса, әдеп пен сыпайылыққа ең сай келетінін таңдауға кеңес беретін.
Адамдарды алдамақ болып сөзді бұрмалап, бір нәрсені болған жағдайдан басқаша түрде көрсету мақсатымен асырмалы түрде «жалтыраған сөздерді» қолдану да Құран тыйым салған сөздерге жатады. Мүмин адам сөздерінің оңай түсінілуіне мән беруі керек. Сөйлегендегі мақсаттың ой-арманын нақты жеткізу екенін ұмытпауы керек. Сөз әсемдігін көрсету, яғни өз табиғи сөйлеу мәнерінен тысқары түрде әсем сөздермен көркемдеуге тырысу және білеміндікке салыну тыңдаушылар назарындағы сенімі мен абыройына нұқсанкелтіреді. Адамдар ол туралы тек сөйлеген болайын деп осылай істегенін ойлайды. Хазіреті Пайғамбар мұндай сөздер иләһи ашу тудыратыны туралы хабар берген және былай деген: «Кімде-кім адамдардың жүрегін аулау үшін сөздің иірілуін қолдануды үйренсе, адамдарды жалықтыратындай қажет мөлшерінен артық айтса, Алла қиямет күні оның парыз құлшылықтарын да, нәпіл құлшылықтарын да қабылдамайды» (Әбу Дәуіт, Әдеп, 86/5006). Сондықтан сөзді көбейтпей қысқаша ғана және өзегін баяндау керек. Сөздеріміз таза су сияқты тұнық, қарапайым, бірақ тартымды болу керек. Хазіреті Мәуләнаның сөзімен айтар болсақ: «Ұзақ сөйлейтіндер мақсатын жеткізе алмайтындар».
Сөзді көбейту мен қайталай беру тыңдап отырған адамды жалықтырады һәм оны түсініксіз адам жеріне қою деген сөз. Бұған мылжың болу делінеді. Көркем сөйлеу үшін алдымен тыңдауды үйрену шарт. Алла көбірек тыңдап, аз сөйлеуі үшін адамға екі құлақ, бір тіл берген. Қажетсіз көп сөйлеу адамды абыройсыз етеді. Сонымен қатар бос талас-тартыстармен ұзақ сөйлесіп уақыт өткізуден сақ болу керек.
Имам Әузағи (өл. 157) былай дейді: «Алла бір қауымға жамандық қаласа, оларға орынсыз талас-тартыс есігін ашады. Сөйтіп оларды ізгі амалдардан алыстатады».
Сол себепті қажетсіз теке-тірестер мен бос әңгімелер сөз ысырапына жатады. Хазіреті Пайғамбар r айтады: «Адам баласының сөздері өз пайдасына емес, зиянына. Жақсылықты әмір етіп, жамандықтан тыю үшін айтқан сөздері бұдан тысқары» (Ибн Мәжә, Фитән, 64).
«Ей, Хафса! Көп сөйлеуден сақ бол. Айтылған сөз зікір болмайынша жүректі өлтіреді. Алланы еске көп ал. Міне, жүректі сол тірілтеді» (Әли әл- Мүттәқи, No 1896).
«...Жақсы нәрселер айту – үндемегеннен жақсы. Жаман нәрселер айтудан үндемеген жақсы» (Хаким, III, 343; Бәйхаки, Шұаб, 256/4993). Олай болса қай жерде, қашан және қаншалықты сөйлейтінді жақсы білу керек.
Шәйх Сағди Ширази тамаша айтқан: «Екі нәрсе ақыл осалдығын көрсетеді. Сөйлейтін жерде үндемеу, үндемейтін жерде сөйлеу». Сонымен қатар тыңдаушының жағдайына қарай дауыс ырғағына да үлкен көңіл бөлу керек. Өте қатты, сыңғырлаған үнмен, құлақ тырмалайтындай дөрекі сөйлеу Құран тыйым салған сөйлеу үлгісі.
Аят кәримәда айтылады: «Жүргенде байыпты жүріспен жүр, дауысыңды бәсеңдет, күмәнсіз, дауыстың ең сүйкімсізі – есектің дауысы» (Лұқман, 19). Кейбір сахабалар Хазіреті Пайғамбардың құзырында дауыстап сөйлегенде, иләһи ескерту келген: «Ей, мүминдер! дауыстарыңды Пайғамбардың дауысынан жоғары көтермеңдер. Пайғамбарға өзара сөйлегендей дабырлап сөйлемеңдер. Әйтпесе, амалдарың босқа кетіп, сендер мұны аңғармай қаласыңдар» (Хұжурат, 2) Бұл да үлкендердің, құрметті адамдардың алдында әдептілік танытып, дауысты бәсеңдету керек екенін білдіреді. Және де тілді өсек, ғайбат, жала, теріс пиғыл сияқты жамандықтармен де кірлетпеу керек. Бұлар жүректегі ақауды көрсететін тілге тән апаттар.Қысқасы, Құран ахлағымен безенген мүмин ашылған гүл сияқты әсемдігімен, хош иісімен жанды сипауы керек. Оның әрбір сөзі жанға азық болатындай алмас сөздерден тұруы керек. Үнемі күлімсіреген жүзімен, тәтті тілімен мейірім төгуі керек. Тұлғалығы мен іс-әрекеттері жағынан «ахсән, әжмәл және әкмәл» пішінде болуы керек.
Ахсән, яғни әр ісі көркем болуы керек, айналасына үнемі әсемдік төгуі керек.
Әжмәл, яғни көңілге бақыт пен тыныштық беретін нәзік те жұмсақ болуы керек.
Әкмәл, яғни өте толымды, кемел болуы керек.
Осыншама үлгі тұтарлық мүминдердің әр ісі мен туындылары Исламның әсемдігін, көркемдігін, әдебін, тұнықтығы мен жылы шырайын паш етеді.
Хазіреті Пайғамбар мырзамыздың жүзінде жарқын нұр, сөздерінде үйлесімділік, әрекеттерінде жұмсақтық, тілінде көркемдік, сөздерінде тереңдік, баяндары керемет мағыналы болатын. Әңгімесі өте тәтті және көңіл аларлық, сөздері көп те, аз да емес. Әр сөзін нақыштап, сөйлейтін, тыңдаушылар оны жақсы түсінетін. Жылдам сөйлеп, сөздерін тізбектемейтін. Ол адамдардың ең шешені, қысқа да нұсқа, даналық пен өзекті сөз сөйлейтін және қалауын тура баян ететін жан еді.Әбу Кұрсафа былай дейді: «Мен, шешем және нағашы әпкем Хазіреті Пайғамбар мырзамызға барып, бәйат еттік. Құзырынан шыққанда, шешем мен нағашы әпкем маған: «Құлыным-ау, бұл адамдай ешкімді көрмедік! Әсем жүзді, киімдері таза, сөзі жұмсақ. Киелі аузынан нұр шашылып тұрғандай екен» – деді» (Хәйсәми, 8, 279-280).
Раббымыз бізді әлемдерге рахмет – Пайғамбарымыздың мейірім тіліне ынтық етсін! Құран ахлағымен безендіріп, әр жағдай мен іс-әрекетімізді Құран үлгісімен реттей алуымызды нәсіп етіп, жемісті қылсын!
материал «Хақ достарының үлгілі мінез-құлқы» кітабынан алынды,
ummet.kz