27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Исламдағы жастардың орны

Исламдағы жастардың орны

Ислам тарихы

Құран Кәрімде: «Алла сендерді әу баста тым әлсіз етіп жаратты. Кейін сол әлсізліктен соң күш-қуат береді. Содан кейін күш-қуатты кемітіп, қайтадан әлсіз һәм қарт қылады...[1]»,-деген аят бар.

Бұл аятта адам өмірінің үш кезеңі: балалық шақ, жастық және қарттық кезең баян етілуде. Жастық шақты «күш-қуат» деп сипаттауда. Расында, жастарға күш-қуат, ынта-жігер және белсенділік тән. Жастық – бала армандайтын, қарт аңсайтын шақ. Жастық шақта адам он екі мүшесінің күші тасып, бес сезім мүшесі кемеліне жеткен кезең. Жәннатқа кірген адамдар да мәңгілікке қартаймайтын жас қалпында кіреді. Бұл адам өмірінің ең бақытты кезеңі жастық шақ екенін аңғартады. Демек, жастық шақта адам білім мен еңбекке көбірек ұмтылуы керек. Отанына мейлінше көбірек пайдасын тигізетін шақ та жастық кез.

Ал енді, мұндай күш-қуаттың теріс жағы да бар. Өйткені, жастың бойындағы күш-қуаты имандылыққа құлақ асса жақсы жолдан таймайтыны ақиқат. Ал, албырт жастық буына мас болып, тасыған күш-қуатын құмарлық құлы етсе, одан жаман нәрсе жоқ. Міне, сондықтан да пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күні пенде төрт нәрседен сұралмайынша аяғын да қозғалта алмайды: өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағында не істегендігі, білімін қалай қолданғандығы, мал-дүниесін қайдан тапқаны және қайда жұмсағандығы[2]»,-деген. Демек, жастық шақ бөлек сұралады. Өйткені, өмірдің бұл кезеңінде адамда балалық пен қарттықта жоқ күш-қуат пен қабілет бар. Кез келген дамушы мемлекеттің күші жастар болып табылады. Болашағын ойлаған ел жастардың сапалы білім алуына, салауатты өмір сүруіне және әлеуметтік тұрғыдан аяққа тұрып кетуіне жағдай жасайды. Себебі, жастарға жұмсалған қаражат, ел болашағына жасалған инвестиция болып табылады. Аға буыннан қамқорлық көрген жастар ортасында отансүйгіштік және ұлтжандық қасиет қалыптасады. Мұндай жастар мемлекетті дамудың жаңа сатысына көтереді. Ал, қажетті қамқорлық жасалмаған жастар арампиғылды топтардың «оңай олжасына» айналады. Демек, жастар бойындағы тасыған күшті дұрыс арнаға бұра білсек, елдің гүлденіп дамуына үлкен үлесін қосады. Ал, бұл күш қараусыз қалса, бұзушы жәнее қиратушы күшке айналады.

Құранға қайта үңілетін болсақ: «Алғашында Мұсаға өз қауымынан бірен-саран жастардан басқа ешкім иман етпеді. Өйткені, қауымы перғауынның және оның шонжарларының зорлық-зомбылығынан қорқатын еді...[3]»,-деген аят бар. Сондай-ақ: «...Олар Раббыларына шын көңілден иман келтірген бір топ жас жігіттер еді...[4]»,-деген аятқа зер салыңыз. Қос аятта да жастардың қаншалықты күшті, тапқан ақиқатына берік болатындығы айтылуда.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да төңірегіне топтасқан сахабалардың дені жастар еді. Хазрет Омар отызға жетпеген жігіт еді. Ал, Әли, Абдулла бин Масғұд, Сағид бин Зайд, Мұсғаб бин Ұмайр, Арқам бин Әбу Арқам, Хәббәб тіпті жас жігіттер еді. Мұндай жүздеген сахабалар болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол жастарды елдің болашағы етіп тәрбиеледі. Әрқайсысына ерекше көңіл бөлетін, сөйлесетін, бағыт-бағдар беретін. Жас сахаба Жарир бин Абдулла (р.а.): «Мен мұсылман болғалы Алла елшісіне (с.ғ.с.) келгенімде қабылдамай кері қайтарған кезі болмады. Сондай-ақ, әр кез мен жылы шыраймен қарсы алатын...[5]» дейді.

Біздің де міндетіміз жастарға аға буын ретінде ізгілік пен жақсылықта үлгі бола білу. Мағжан Жұмабаев атамыз:

Алаш айбынды ұраны,

Қасиеттi құраны,

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемiн!

Мен сенемiн жастарға.

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бiр таңда,

Мен жастарға сенемiн!, - демекші жастарға әркез қолдау көрсетейік.

      

[1] Рум сүресі, 54-аят

[2] Тирмизи

[3] Юнус сүресі, 83-аят

[4] Каһф сүресі, 13-аят

[5] Бұхари

 

Бағдат Абдукаримов,

«Әл-Ғани» мешітінің бас имамы

Бөлісу: