20
Сенбі,
Сәуір

һижри

«Қиямет қарсаңында адам кешке мұсылман, таңертең кәпір боп тұрады»

«Қиямет қарсаңында адам кешке мұсылман, таңертең кәпір боп тұрады»

Ислам тарихы

«Қиямет қарсаңында қараңғы түннің бір бөлігі іспетті көптеген фитналар, бүліктер орын алады. Бұл шақта адам мұсылман боп таң аттырып, кәпір боп кеш батырады және кешке мұсылман, таңертең кәпір боп тұрады. Дінін болмашы дүниеге сатып жібереді».

Пайғамбарымыздың бұл сөзі келе жатқан қауіп жайлы болмақ. Аталмыш сөзден адам баласы болашақта болатын сынақты сезіп, өзін орап алатын бүлікті ұғына түседі. Осы фитна ұстауға және сезінуге болатын құбылыс болмақ. Айналаны ымырт түн қоршағаны тәрізді адамды құшағына алатын бүлік. Қорқақтың жүрегін билеп алатын үрей іспетті фитна. Осындай қорқынышты күйге куә боп, тұла бойы мен жан дүниесін билеп алған сезімнен қорықпаған адам қалмайды.

Бүлік иық тірестіріп, сап түзеп тұрған әскерге ұқсайды. Бұл бүлік әлсін-әлсін басталып, артынан үдере түседі. Ақыры, айналаны түгелдей қаптап кетеді. Ешбір сәулеге орын қалдырмайды. Құран Кәрімде:

«(Кәпірлердің барлық істері) тұңғиық теңізді жапқан қою қараңғылық іспетті. Үсті-үстіне толқын басқан, оның үстінен қап-қара бұлт қаптаған, бірінің үстінен бірі төнген қат-қабат қараңғылықтар. Осынау қат-қабат қараңғылық ішінде қалған адам созған қолын да көре алмайды. Алла кімге нұр бұйырмаған болса, ол нұрдан мүлдем мақұрым қалмақ (яғни оның жүрегі, ақыл-ойы, сана-сезімі, бұл дүниедегі тіршілігі мен ақиреті нұрдан мақұрым болып, қат-қабат зұлмат ішінде қалмақ)», – дейді. Қарсы алдындағы затты көрмейтін қараңғылық басқанындай көз алдындағы ақиқатты көрмеу қаупі басым.

Мұны көзімен көрген адам ауыр бүлік пен қиын сынақ пенделердің жүрегін бір күйден екінші жағдайға төңкеріп жатқанына куә болады. Адам таңертең иманмен оянып, кешке күпірлікке бет бұратын заман келеді. Тура жолда жүріп, күн батқанша адасушылыққа кіріп кететін уақыт туады. Осылайша, адам ең ауыр сынаққа тап келеді. Сірә, адамның иманы мен мұсылманшылығына тиген пәлекеттен ауыр сынақ болмас!

Ақиқатты ғана айтатын Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «материалдық пәлекет» жайлы айтуда. Бұл фитна – дүние бүлігі. Бұл – жүрегі дүние дертіне шалдыққан адамдарды толқынмен  алып бара жатқан ағыс. Осы дертпен ауыратын адам құлқыны мен құмарлығы үшін ғана өмір кешеді. Олар – мәңгілік ақиретті өткінші дүниеге айырбастағандар. Дүниенің жалт-жұлт жылтырына алданғандар. Дүниенің жылтырына алданған бейбақтар. Олар хақында:

«Міне, солар – тура жолды таңдаудың орнына адасушылықты сатып алғандар. Бұл саудадан олар титтей де пайда көрмеді. Өйткені олар әу бастан табысты жолды таңдамаған еді», – деп қолындағы ең қасиетті де қастерлі дүниесі иманды, көк тиындай құны жоқ затқа айырбастаушы бақытсыздар жайлы баян етуде.

Бұл бүлік рухани құндылық, мінез-құлық пен имани қасиетті ұғымдарға шабуыл жасайтын азғындық. Адамның есіл-дерті дүние боп, бар өмірін сол қоңыздың тезегіндей құны жоқ дүниенің соңынан қуумен өткізеді. Мұсылман баласы жүрек түбіндегі иманын қорғау үшін: «Уа, Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқыта көрме! (Уа, Раббымыз, Өзіңнің мейірімің болмаса, тура жолда қалуымыз мүмкім емес, олай болса) бізге Өз тарапыңнан мейірім төккейсің! Шүбәсіз, Сен Уәһһабсың (құлдарыңды мол сый-сияпатқа бөлеушісің)», – деп дұға жасауы қажет. Өйткені бақыт иманда. Имансыздықтан артық құлдырау болмас!

материал «Сүннет қазынасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: