18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Аллаға деген махаббатты күшейтудің себептері

Аллаға деген махаббатты күшейтудің себептері

Ислам тарихы

Біліп алғайсың! Ақыреттегі ең бақытты адам – Алла Тағалаға махаббаты ең күшті адам. Ақыреттегі бақыттың мағынасы, Алла Тағаланың құзырында тұру жəне Оның сұлулық шарапатына бөлену.

Ұзақ уақыт бойы сүйгенін көре алмаған ғашық үшін Оның құзырында тұру – арман жетпес бақыт. Сол сияқты, таусылып қалады деп уйымдамай, сақшы немесе күзетсіз еркін тұрып, кедергіден қорықпай мəңгі қарау да үлкен бақыт. Алайда бұл бақыт махаббат күшінің мөлшеріндей ғана. Сондықтан (Аллаға) махаббаты артқан адамның ақыреттегі бақыты да арта түседі. Пенденің Аллаға деген махабаты осы дүниедегі өмірден бастау алады.

Аллаға деген махаббаттың негізінен ешбір адам мақұрым емес. Бірақ Аллаға махаббатты қуаттандыру, оны ғашықтық мəртебесіне жеткізу амалы барлық адам үшін нəсіп болмайды. Бұған жетудің екі жолы бар:

Бірінші жолы – дүние махаббатынан алшақтап, Алладан өзге нəрселердің барлығын жүректен шығарып тастау. Себебі жүрек дегеніміз бір ыдыс. Оны судан толық босатпайынша, оған əсел құйып қою мүмкін емес. Сол үшін Алла Тағала: «Ешбір адамның кеудесіне Алла екі жүрек жаратқан жоқ», – деп хабар берген (Ахзаб: 4).

Махаббаттың кемелдігі Алланы бүтін жүрекпен жақсы көру. Адам басқа нəрсеге көңіл бөлген сəтте жүрек еріксіз сол нəрсемен машғұл (əуре) болатыны заңдылық. Сондықтан оның Аллаға махаббаты кеми түседі. Ыдыстың ішінде су қаншалық көп болса, əсел де соншалық аз болады. Сол сияқты жүрек Алланы жалғыз деп таңдаса, Одан басқа нəрсенің барлығынан алшақтайды:

«(Ей, Мұхаммед!) Сен айт: «Мұсаға келген кітапты, адамдар үшін нұр жəне тағылым болған кітапты, сендер бөлек-бөлек қағазға көшірген, (тіпті) бір бөлімін жасырып тастаған кітапты кім түсірді? Өздерің де, ата-бабаларың да білмеген нəрселерді сол кітап білдірмеп пе еді? Соны түсірген – Алла», – де» (Анғам: 91).

«Тəңіріміз – Бір Алла дегендерге, сонан соң тура жолдан таймағандарға періштелер түседі де: «Қорықпаңдар да, қам жемеңдер, сендерге уəде етілген жəннат бар, соған қуаныңдар. Бұл дүниеде де, ақыретте де біз сендердің жағыңдамыз..», – дейді» (Фуссилəт: 30).

Алладан басқа құлшылыққа жəне махаббатқа лайық нəрсе жоқ. Себебі əрбір жақсы көрінген нəрсе құлшылық жасауға лайық деп есептеледі. Адам баласы құлшылықты тез үйреніп жəне өзі сүйген нəрсесіне тез тəуелді болып қалады. Құранда адамдардың дінті тəрік етіп, өздері сүйген басқа нəрселерге қалай тəуелді болып қалғандары туралы былай делінген: «Тəңірім! – деді пайғамбар. – Менің қауымым Құранды тəрк етті ғой» (Фурқан: 43).

Осы мағынада Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Жер бетіндегі табынушылыққа айналған құдайлардың ең жаманы – құмарға берілген нəпсі (яғни құмардың жетегінде кеткен нəпсі)», – деп айтқан.

Зайд ибн Арқамнан (Алла оған разы болсын) пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кім шын ықыласпен лə илəһə иллАлла деп айтса, жəннатқа кіреді», – деген риуаят жеткен (имам Табарани).

Ықыластың мағынасы – жүректі тек Аллаға арнау, Оған ешкімді серік қоспау, Оны жүректің махаббаты мен мағбуды (құдайы) жəне мақсаты етіп тұрақтандыру. Кім осындай хəлде болса, оған бұл дүние қараңғы қамауға айналады. Себебі оның алдында дүниенің құндылығы жоғалады, өлім керісінше сол қамаудан шығып, ғашығына қауыштыратын жалғыз жолға айналады.

Ғашығына ынтызар адамның ұзақ уақыт отырған қамауынан шығып, сүйіктісімен қауышып, мəңгілік саулыққа жеткен адамның бақыты қандай десеңші!

Аллаға махаббаттың əлсіз болуының себептерінің бірі – дүниені сүю. Адамның отбасын, малын, балалары мен бауырларын, туыстары мен бау-бақшаларын сүюі – дүние махаббатына жатады. Адам дүние махаббатына батқан сайын, Алладан алшақтай береді. Дүние махаббаты артқан сайын, ақырет туралы пікір де кеми түседі. Жүректегі дүние махаббатын кетірудің жолы – тақуалық, үнемі сабырлы болу, Алладан қорқу жəне Одан үміт ету.

Жоғарыда айтылған тəубе, сабырлық, тақуалық, қорқу мен үміт ету сияқты мəртебелер махаббаттың екінші рүкініне жатады. Бұлар жүректі Алладан басқа нəрселерден тазартуға септігін тигізетін құралдар. Бірінші рүкіні – Алла Тағалаға, ақырет күніне, жəннат пен жаһаннамға иман келтіру. Осы иманның арқасында адамның көкірегіне Алладан қорқу мен үміт ету сезімдері ұялайды. Осы екеуінің салдарынан тəубе мен сабырлық шығады. Бұл өз кезегінде тақуалыққа шақырады.

Жүрек осы аталған мəртебелермен тазарып, кейін оған Алланы тану мен жақсы көру қасиеттері орнығады. Əбу Мəлик Ашғаридің (Алла оған разы болсын) пайғамбардан (с.ғ.с.) «Тазалық – иманның жарымы», – риуаят қылған хадисі осыны көрсетіп тұрғандай (имам Мүслим).

Жүректегі махаббатты күшейтетін екінші жол – Алла  Тағаланы танитын күш молайып, жүректі толықтай билеуі қажет. Адам бұл мəртебеге жүрегін барлық дүние істерінен тазартқан соң жетеді. Мұны жерге дəнек тастамай тұрып, ол жерді арам шөптерден тазарту амалына ұқсатуға болады. Айтылған бұл жағдай тазалықтың екінші жартысы болмақ. Кейін еккен əлгі дəнектен Алланы тану жəне жақсы көру ағашы өніп шығады. Осыған ұқсас жақсы сөз мысалын Алла тағала келтірген:

«Алланың мынадай бір мысалын көрген боларсың? Жақсы сөз (кəлиматун-тоиибатун) жақсы терек тəрізді, оның тамыры тереңде болады да, бұтақтары аспан бойлап кетеді» (Ибраһим: 24).

Сондай-ақ, Алла Тағала: «Кімге даңқ қажет болса, даңқтың бəрі Құдіреттің қолында. Жақсы лебіз, ізгі іс бірін-бірі көтеріп, Алланың құзырына жетеді. Ал қулық-сұмдыққа жақындар түбі ауыр азапқа душар болады. Олардың айла-тəсілдері іске аспайды», – деп хабар берген (Фатир, 10).

Жақсы сөз дегеннен мақсат – Алланы тану. Барлық жақсы амалдар жүректі дүние қамынан тазалау үшін жұмыс жасайды. Амалды дұрыс жасау үшін шариғат көрсеткен жолмен іске асыру керек. Ол үшін барлығынан бұрын білім қажет. Бұл білімнің басында адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу амалы тұрады. Себебі дұрыс қатынас жасай білген адам амалды да дұрыс орындайды.

Адамдармен дұрыс қатынаста болу ілімі дегеніміз – Алланың ұлықтығына жету үшін жүректі тазалау жəне таным білімімен зейнеттену. Бұл жасырын нəрсені əшкере ететін білім. Жүректе Алланы тану білімі орныққан соң оның артынан махаббат та пайда болады. Ақылды адам əдемі бейнені елестетіп, кейін оны көзімен көрсе соған ынтызарлығы артқандай болады. Оны жақсы көрген сайын, бойында соған деген лəззат та пайда бола бастайды. Бұл лəззат жақсы көру қасиетінің салдарынан туындады. Осы сияқты Алланы тану ілімі де – дүние істерінен алшақтап, Алланың аспан мен жер жəне Оның барлық мақұлықаттарға қатысты құдіреті мен күші туралы оймен жеке қалып, Оны үнемі зікір етіп, Оның сипаттарын ойлау арқылы келеді.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: