Аллаға деген әдеп қалай болу керек?

Аллаға деген әдеп қалай болу керек?

Ислам тарихы

«Аллаға деген әдеп қалай болу керек?» деген сауалға ғалымдарымыз былай жауап береді:

«Алла Тағала құдіретінің кемелдігін көрсетіп, жек көрінішті, жағымсыз істерді жасырады. Өзіне ғибадат ететін құлдарын басқа жаратылыстарға көркем көрсеткісі келеді. Құлдарының жағымсыз кейіпте көрінуі Жәмил, Музәйин, Латиф және Хаким секілді есімдеріне қайшылық әрі әдепсіздік саналады. Міне, пайғамбарлық әдепке сай болу – Алла Тағаланың көркем есімдерінің сәулесін өз бойынан көрсетуге тырысу. Мына мәселені де ескерген жөн: Мәселен, дәрігер кісі ауырып келген кісінің әдетте қарауға болмайтын ағзасын көруіне тура келеді. Мұндай жағдайға әдепсіздік деп айтылмайды. Керісінше, медицинадағы зәрулік деп айтылады. Бірақ әлгі дәрігер харам нәрселерге басқа уақыттарда еркек ретінде қарайтын болса, әдепсіздік саналады. Міне, сүннеттегі әдептердің тәртіптері осылай болмақ».

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.): «Алладан шынайы ұялыңдар!» – деді. Біз: «Уа, Расулалла, әлхамду лилла, біз Алладан ұяламыз», – дедік. Бірақ ол былай деді: «Айтқым келгені бұл (сендер түсінгендей) емес». Алладан шынайы ұялу – бас пен оның алып жүргендерін, қарын мен оның қамтығандарын қорғауың, өлімді және топырақта шіруді еске алу. Кім ақыретті қаласа, дүние тірлігінің сән-салтанатын, қызығын тәрк етуі керек, бұл өмірдің орнына ақыретті таңдауы керек. Кім бұл айтылғандарды орындаса, Алладан шынайы ұялған болады».

Бұл хадисте Расулалла (с.а.с.): «Алладан шынайы ұялу» дегенде басқа нәрсені айтқан. Бұл хадисте әдеттегі ұят түсінігінен басқа анықтама айтқан. Бұл анықтама бойынша, адам, естіген, көрген, үйренген және ішіп-жегеніне дейін барлық әрекеттерінің Алланың разылығына сай болуына мұқият болуы керек дегенді ұғамыз. Міне, шынайы ұят – осы. Өйткені баста орналасқан көз, құлақ, тіл секілді ағзалар арқылы есте сақтау, қиялдау, ойлау секілді рухани сезімдер мен қабілеттер меңзелген. Сондай-ақ қарынның қамтығандары деп, асқазан, жүрек, тән, қол және аяқ секілді қарынның іші мен сыртына жалғасқан барлық ағзалар меңзелген. Аталмыш ағзаларға қатысты барлық әрекеттер хадистің аясына кіреді. Ендеше, адам барлық ағзаларын адал жолда қолданбайынша шынайы ұятқа жете алмайды.

Осы хадиске байланысты Бәйдауи: «Алладан шынайы ұялу, сендердің ойлағандарыңдай емес, керісінше, адамның нәпсісін барлық ағзаларымен Алла разы болмайтын әрекет пен сөздерден қорғауы» деген.

Суфиян ибн Уәйна: «Ұят – тақуалықтың ең төменгі мәртебесі. Адам ұялмайынша, Алладан қорықпайды. Тақуа кісілердің тақуалыққа ұяттан басқа кіретін есігі бар ма?» – деген.

Бұл хадиске қатысты Тиби: «Бұл жерде бас әртүрлі жаман мінез-құлықтың қорабы ретінде айтылып, ауыз, көз, құлақ және осыларға байланысты барлық рухани сезімдер меңзелген. Сондықтан бұлардың барлығын жамандықтан қорғау әмір етілген», – деп айтқан.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: