26
Жұма,
Сәуір

һижри

Қайдан келдік? Қайда барамыз? Бұл дүниеге не үшін келдік?

Қайдан келдік? Қайда барамыз? Бұл дүниеге не үшін келдік?

Ислам тарихы

Қайдан келдік? Қайда барамыз? Бұл дүниеге не үшін келдік?

Бұл сұрақтарға қатысты философиялық ойлар мен теориялар толассыз айтылған. Матералистер кездейсоқтықтан бастау алып кіршіксіз керемет ғаламға айналғанын айтса, дін өкілдері де Құдайдың жаратқандығын алға тартқан. Ал тылсым күштерге сенетіндер өз пікірлерін білдірген.

Дін «Әлем кездейсоқтан пайда болды» деген ұғымды жоққа шығарып, керемет реттілікпен қозғалған ғаламшарлар, есептелген уақытынан бір минутта кешікпейтін күн, белгілі бір мезетте қараңғылығымен айналаны бүркейтін түн, осының бәрін жасау тек Ұлы Құдірет иесі, Шебер жаратушының қолынан келеді» – деп жар салады. Тіпті есі дұрыс ақыл иелері жер бетіндегі ғажайып реттілікті көріп, ұсақ-түйек болмашы нәрселердің босқа жаратылмағандығын ескеріп, осыншама нақты есеп-қисаппен жұмысын жасаған ғаламның асқан шебер, дана Жаратушының құдіреті деп сенеді.

Құдіреті шексіз Жаратушы «Кун!» (бол) деп бұйырғанында, жаратылыс ағашының «дәнегі» пайда болып, артынша «бәйтерек болып жайқалып», соңында «адам» атты жемісін беретін кемеліне толысқан. Пайғамбарымыз – жаратылыстың жауһары, адамзаттың ең асылы, гауһары. Бізге жеткен аяттардың арқасында адамның жаратылысынан бастап жер мен көктің жаратылысына дейін, тіпті тылсым әлемде өмір сүретін жын мен шайтанның жайынан хабардар боламыз.

Имран ибн Хусейін (р.а.) былай дейді: «Мешітке Расулалланың (с.а.с.) жанына бардым. (Сол уақытта) Бәни Тәмим тайпасынан бір топ адам келді. Алла елшісі оларға: «Сүйінші! Уа, Бәни Тәмим!» деп сөзін бастады. Олар да бірден: «Бізді сүйіншілеген екенсің, ендеше, бәйтул-малдан екі рет сүйіншіңді бер!» деп талап етті. Бұл сөздерді естіген Расулалланың (с.а.с.) жүзі бірден өзгеріп сала берді. Алла елшісінің (с.а.с.) құзырына (Хайбардың жорықтары аяқталған уақыт) Йемен халқынан бір топ (Ашғари) келіп кіреді. Алла расулы оларға: «Уа, Йемен жамағаты! Бәни Тәмим тайпасының қабыл алмаған сүйіншісін, бәлкім, сіздер қабыл аларсыздар!» – деді. Олар: «Қабыл алдық, уа, Расулалла! – деп сөздерін ары қарай жалғастырды: «Біз дінімізді үйренуге әрі жаратылыстың бастауы неден екенін сұрап білуге келдік!» – деді. Осы сөздерді естіген Расулалла (с.а.с.) жаратылыс атаулы мен Арштың қалай жаратылғанын баян етті: «Ешбір нәрсе жаратылмай тұрып тек Алла бар еді. Аршы су үстінде орналасқан болатын. Содан кейін аспан әлемі мен жерді жартты. Сосын «Зікір» деп аталатын тағдыр дәптеріне ақыр заманға дейінгі барлық нәрсені жазды».

Әбу Рәзин әл-Уқайли (р.а.) былай дейді: «Уа, Расулалла, – дедім, – жаратылыс атаулыны бар етпес бұрын Ұлы Раббымыз қайда еді?» Сонда Алла елшісі маған былай жауап берді: «Амада болатын. Астында да ауа жоқ, үстінде де ауа жоқ. Әрі Аршын су үстіне жаратты».

Ахмад ибн Ханбал былай дейді: «Язид мынаны айтты: «Әл-Ама» – «Алладан басқа ешбір нәрсенің жоқтығы» деген сөз».

Тариқ ибн Шиһаб (р.а.) былай дейді: «Омар ибн әл-Хаттаб былай деді: «Бір күні Расулалла (с.а.с.) орнынан түрегеліп, жаратылыстың неден бастау алғанынан бастап (өтіп кеткен және болашақта болатын жайттарды) жаннат жамағатының жаннатқа, тозақтықтардың тозаққа кіретініне дейінгі нәрселерді баян етті. Бір бөлігі бұл айтылғандарды есінде сақтап қалды, бір бөлігі ұмытты».

 

Жоғарыдағы үш риуаят әлемнің жаратылуы жайын сөз етеді. Бұл хадистерде жаратылыстың неден бастау алғанын қамтитын мәліметтер болғанымен, адам ақылының қорытуы қиынға соғатын тұстары да бар. Біз хадистердегі нақты нәрселерді жіпке тізіп қарайық:

  • Ешбір жаратылыс болмай тұрып тек Алла Тағала бар болған.
  • Алдымен суды, сосын су үстіне Аршты жаратты.
  • Содан кейін аспан әлемін, артынша жерді жаратты.
  • Күлі болып-бітетін нәрселерді тағдыр кітабына жазды. Қазіргі болып жатқан жайттар осы тағдыр кітабының желісімен жүріп жатыр. Мұнда кездейсоқтық деген атымен жоқ.
  • Расулалла (с.а.с.)жаратылыстың бастауы және оның немен аяқталатыны жайында сұраған адамдарға түсіндіруге тырысқан.

Мінеки, сол хадистерден бізге жеткен мәліметтер арқылы әлемнің жаратылысына байланысты ақпараттарға қанық болып, ойды сан-саққа жіберетін құрғақ пайымдар мен бос болжамдарға алданбай дұрыс тұжырым жасай аламыз.

Бұл баптың алғашқы хадисінен жаратылысқа қатысты сұрақ қоюдың рұқсат екенін аңғаруға болады. Ал қалған хадистерден ешкім сұрақ қойып, бұл тақырыптан сөз етпесе де осыған қатысты білім берудің орынды екенін түсінеміз.

Бірінші хадистен Йемендіктердің діни және рухани мәселелерде тереңдегенін, ал Тәмимдықтардың дүние тіршілігін көбірек уайым еткенін байқаймыз.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: