20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Құран неге араб тілінде түскен?

Құран неге араб тілінде түскен?

Ислам тарихы

«Бұл – ілімнің жөн-жосығын (һәм араб тілінің бар ерекшелігі мен қасиетін) жақсы білетін әрбір қауым үшін аяттары ашық баяндалған, жүйелі түрде тізілген, таза да көркем араб тілінде оқылатын Кітап». («Фуссилат» сүресі, 3-аят)

«Сендер ой жүгіртсін, түсінсін деп, Біз ол Кітапты арабша Құран түрінде түсірдік». («Юсуф» сүресі, 2-аят)

Негізі, бұл сұрақтың жауабы онша қиын емес. Пайғамбарымыздың ұлты араб еді, Алла Тағала Абдуллаұлы Мұхаммедті (с.а.с.) пайғамбар етіп араб қауымының арасынан таңдады. Демек, Құран араб тілінде болуы заңдылық қой. Алла елшісі де (с.а.с.), оның айналасындағылар да оны түсініп, үйреніп алуы үшін туған тілдерінде түсірілді. Әлде ұлты араб пайғамбарға Құран французша, қытайша түсуі керек пе еді?!

Жер мен жеті қат көкті сондай хикметпен жаратқан Алла Тағала, осындай ұлы істі қисынсыз қалдырар ма еді? Олай болса сұрақты былай қоюмыз керек: «Неге Пайғамбарымыз (с.а.с.) қазақтардың яки басқа бір ұлттың арасынан емес, арабтардың ішінен таңдалды?»

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, былай елестетіп көріңізші, екеуміз де қытайлық мұсылманбыз делік. Сол кезде біз: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) неге біздің арамыздан таңдалмады? Әттең, сол кезде Құран да қытайша болар еді...» Немесе неміс болсақ: «Неге Пайғамбарымыз неміс ұлтынан шыққан жоқ. Егер осылай болғанда, Құранды немісше оқушы едік...» дейтін едік.

Қарап тұрсақ, бұл осылай жалғаса беретін тәрізді. Жер бетіндегі барлық ұлттың осы сынды сұрақтарды қоюы заңды. Алла елшісінің (с.а.с.) жердегі барлық ұлтқа бір сәтте келмегенін, Құранның жер бетіндегі барлық тілге қатар түспегендігін ескерсек, Алла Тағала материктердің, ұлттардың, тілдердің арасынан бір ғана тіл мен ұлтты таңдап, пайғамбарын таңдап, Құранды түсіргенін байқаймыз. Бұл Алланың қалауымен болатын және ешкімнің тілегіне қарай өзгеретін шешім емес. Яғни аспанды жаратар кезде ашық көк түсті, жап-жасыл түспен орманды жаратқаны секілді нәрсе. Құстарды қанатпен, пілдерді ұзын мұрынымен, гүлдерді хош иіспен, тасқа қаттылықты, суға тұнық қалыпты бергені секілді біздің еркімізден тыс жаратылыс. Сол кезде біздің: «Әттең, құстардың ұзын мұрны болса ғой...» деуге немесе «Пілдер де ұша білсе ғой» деуге хақымыз бар ма?! Жоқ, өйткені құстар да, пілдер де Алланың жаратқан мақұлықтары. Алла Өзінің елшісін Өзі қалаған ұлттан, Құранды Өзі қалаған тілде түсіруге құқылы.

Демек, бізге «Құран қазақша не басқа тілде болса ғой...» деуге немесе «Пайғамбарымыз (с.а.с.) араб емес, басқа бір ұлттан шыққанда ғой» деуіміз орынды бола ма? Бізге ең дұрысы – «Құран неге араб тілінде түсті екен? Мұнда Алланың қандай хикметі бар?» деген сұрақтарға жауап беру үшін ізденіп, білім алуымыз керек. Себебі Жаратқан Иеміздің барлық нәрсені кемшіліксіз, көркем түрде жаратқанын сіз бен біз жақсы білеміз. Барлық жаратылыстың сырын Алла ғана жақсырақ біледі!

материал «Құран туралы білгім келеді» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: