03
Жұма,
Мамыр

һижри

Алла Тағаланың көркем есімдерін неге білуіміз керек?

Алла Тағаланың көркем есімдерін неге білуіміз керек?

Ислам тарихы

«Ол – Алла! Одан басқа тәңір жоқ. Ең көркем есімдер Оған ғана тән». («Таһа» сүресі, 8-аят)

Сенің Дәулет деген досың бар деп есептейік. Ол бақшасында түрлі-түсті гүлдерді өсірген көрнекті бағбан болса. Бірақ оның өнері бағбандықпен шектелмейді десек. Мысалы, оның қолынан бал тамған ұсталық өнері де болса. Ағаштың діңінен өте әдемі жиһаздарды жасаса.

Сол сәтте ол тамаша аспаз да болсын десек. Таңдайыңды қақтырған, кімді болмасын тамсандырған дәмді тамақтарды жасай алса.

Сондай-ақ ол өте шебер суретші, шебер әнші, алдына кісі салмаған биші, жауырыны жерге тимеген балуан т.б. неше түрлі өнері болса.

Демек, оны осындай неше түрлі өнеріне бола жерлестері неше түрлі аттарымен таниды. Мысалы, кейбірі оны бағбан Дәулет дейді. Ал кейбіреуі аспаз Дәулет дейді. Тағы біреу суретші Дәулет десе, тағы біреу биші Дәулет дейді. Қысқасы, әркім әрқандай атымен таниды.

Осы жағдайда, оны қаншалық жақсы танысаң, оның өнерлерін, шеберліктерін және өзгешеліктерін де білсең, онда «Дәулет» деген есім саған көп нәрселерді түсіндіріп тұрады.

Дәулет дегеніңде ойыңа нағыз бағбан, шебер ұста, танымал аспаз және теңдессіз суретші келеді.

Кездейсоқ гүл керек болса, басқаға бармай-ақ Дәулетке, нақтырақ айтқанда, бағбан Дәулетке барасың.

Орындық керек болып қалса, оны Дәулеттен – ағаш ұстасы Дәулеттен сұрайсың.

Дәмді тамақ жегің келе ме? Басқа аспаздарды ойламай, бірінші Дәулет аспазды ойлайсың.

Үйіңнің қабырғасына әдемі сурет ілгің келсе де, ең әуелі сол суретші Дәулетке барасың.

Егер де Дәулеттің шеберліктері жөнінде, әртүрлі аттары туралы білмегеніңде, «Дәулет» деген есім саған онша маңызды болмас еді. Демек біреу сенен: «Дәулет деген кім?» – деп сұраса, «Баяғы Дәулет ше. Біздің ауылда жүреді ғой» деп немқұрайды жауап бересің. Оның әдемі гүлдерді өсіретінін де, жиһаздарды жасайтынын да айтпас еді. Дәмді тағамдарынан, көркем суреттерінен де еш сөз қозғалмас еді.

Тек қана: «Дәулет пе? Иә, танимын оны. Дәулет деген біреу бар» дегеннен басқа ештеңе айтпас еді.

Бірақ Дәулеттің неше түрлі шеберліктері, неше түрлі өнерлері бар екенін білгенің үшін, «Дәулет» деген аты аталғанда-ақ ойыңа жаңағы әртүрлі ұсталықтары, кәсіптері келері анық.

Бұл бір мысал.

Дәл осы сияқты, дұғаларымызда «Уа, Алла!» деген кезімізде қандай ұлы Жаратушыға тілек айтып жатқанымызды, сиынып жатқанымызды білуіміз – сол ұлы Алланың көркем есім-сипаттарын білуімізге байланысты. Анықтап айтқанда, Алла Тағаланың көркем есімдерін қаншалық білсек, соншалық шын ықыласпен Аллаға сиына аламыз десек болады.

Болмаса, біреу «Алла Тағала кім?» деп сұрап қалса, «Алла Тағала деген Алла Тағала да, оны бәрі біледі ғой» деп қысқа, түсініксіз жауап беруіміз мүмкін.

Негізі, «Жаратқан Иең кім?» деген сұрақ қойылса, тоқтамай жақсылап жауап бере алатындай болуымыз керек.

Өйткені тірі өмір сүріп тұрған болсақ, бүкіл әлемді және бізді жаратқан ұлы Алла Тағаланы танып-білу үшін қолдан келгенінше әрекет қылуға тиіспіз.

Оның көркем есімдерін және олардың мағыналарын үйренуіміз керек.

Ұлы Ұстазымыз ретінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тұрғанда, қолымызда ең әдемі сабақ беретін қасиетті кітабымыз Құран тұрғанда; көз алдымызда Алла Тағаланың көркем есімдерінің нұр-шұғылаларын, із-белгілерін, сан мың түрлі елестерін шағылыстырып тұрған Күннен бастап құмырсқаларға дейінгі керемет әлем кітабы тұрғанда, сабақтарды тыңдамай, кітабымызды оқымай, ережелерді үйренбей жүре беруге, сонымен сыныптан сыныпқа көшпей қалуға еш сылтауымыз жоқ!

материал «Алланың көркем есімдері» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: