02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

«Фәлақ», «Нәс» сүрелерінің пайдасы екі дүниеңізге де жетеді

«Фәлақ», «Нәс» сүрелерінің пайдасы екі дүниеңізге де жетеді

Ислам тарихы

Адам болған соң елдің пендешілігінен қорғанып, біреудің сөзі, біреудің көзі, біреудің тілі тимесе дейміз. Қара ниеттілердің дуа, сиқырынан сақтанып жүреміз.

Бірақ сақтанудағы әрекетіміз кейде берекетсіз болып жатады. Сиқырға сиқырмен, дуаға дуамен жауап беріп әлек болатындар бар. Өмірімізді өзіміз қиындатпай, ілім ізденіп, намазымызды түгендеп, Алладан келген сүрелердің мағынасын түсініп, жүрегімізден өткізсек талай бәлекеттерден қорғалған болар едік. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басынан өткен мына бір оқиғада сиқыр, дуа, күншілдіктен сақтайтын сүрелер келтірілген.

Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызметінде Ләбид ибн Асам атты бір яһуди жігіт бар еді. Яһудилер Ләбидтің соңынан қалмай жүріп Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қастандық жасайды. Оны Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тараған кезде түскен шашын әкелуге жұмсайды. Сөйтіп сиқыр жасаудың әрекетіне кірісіп, дуаланған затты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) су ішетін құдыққа тастайды. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) су ішкен сайын жағдайы нашарлап, тіпті дәрет алған-алмағанын білмей қалатын дәрежеде болады. Қатты қиналған соң Раббысынан жәрдем сұрайды. Алланың қалауымен көктен екі періште түсіп, бірі бас жағына, екіншісі аяқ жағына тұрып:

- Алланың елшісіне не болған?

- Ол дуаланған.

- Оны кім дуалаған?

- Ләбид ибн Асам.

- Қалай дуалаған?

- Құрма ағашының кепкен қабығы, тарақ және түскен шаш арқылы.

- Ол зат қайда?

- Құдықтың ішінде, – деп өзара әңгімелесті.

Таңертең Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалармен бірге құдыққа барады. Арасынан бір кісі құдыққа түсіп әлгі затты алып шығады. Ішінен тарақ, шаш және он бір рет түйінделген жіп шығады. Сол арада Жебірейіл періште Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Фәлақ» пен «Нәс» сүрелерін жеткізді. Осы екі сүрені қосқанда он бір аят шығады. Әр аят оқылған сайын дуаланған жіптің бір түйіні шешіледі. Әр аятты оқыған сайын Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жағдайы жақсарады.

«Фәлақ» сүресі:

Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим
«Қул әузу бираббил-фәлақ, мин шәрри мәә халақ, уа мин шарри ғаасиқин изә уақаб, уа мин шаррин-нәф-фәәсәәти фил-уқад, уа мин шарри хәәсидин изәә хәсад»

Мағынасы:

1. Таңның Раббысына сиынамын.

2. Жаратқан нәрселердің кесірінен.

3. Қараңғылық басқан сәтте түннің кесірінен.

4. Түйіншектерге дем салған дуалаушылардың кесірінен.

5. Һәм қызғаныштан тұла бойын өрт шалған көре алмаушылардың күндеген сәтте кесірінен, – деп айт.

«Нәс» сүресі:

Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим
«Қул әузу бирраббин-нәәс, мәликин-нәәс, иләәһин- нәәс, мин шәррил-уәсуәәсил-ханнәс, әлләзи иуасуису фи судуурин-нәәс, минәл-жиннәти уәннәәс».

Мағынасы:

1. Адамдардың Раббысына,

2. Адамдардың жалғыз Иесіне,

3. Адамдардың Құдайына сиынамын.

4. Сол бір азғырған шайтанның кесірінен.

5. Ол – адамдардың жүрегіне жаман ой салып азғырады.

6. Ол шайтан жындардан да, адамдардан да шығады, - деп айт.

Қасиетті Құранның ең соңғы екі сүресі – «Фәлақ» пен «Нәстың» пайдасы дүниеңіз бен ақыретіңізге де жетеді. Жаттап, оқып жүрген адамды тіл-көзден, дуадан т.б. бәлекеттерден қорғайды.

Айша анамыз жеткізген хадисте: «Пайғамбар (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) әрбір түні төсекке жатарда екі алақанын қосып, оларға үрлеп, «Ықылас», «Фәлақ», «Нәс» сүрелерін оқып, басы мен жүзінен бастап денесінің алдындағы бөлігінің қолы жеткен жеріне дейін сипайтын. Солай үш рет жасайтын» делінген.

материал «Отбасы бақытына жеткізетін жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: