29
Жұма,
Наурыз

һижри

«Рух» және «рухтар әлемі» ұғымдарын қалай түсінеміз?

«Рух» және «рухтар әлемі» ұғымдарын қалай түсінеміз?

Ислам тарихы

Діни әдебиеттерде «рух» және «рухтар әлемі» туралы айтылып жатады. Осы мәселені қалай түсінуге болады?

Задында, дініміздің түп-негіздерінде рух туралы мәлімет өте жұтаң. Оны жаббар Хақ та Құран Кәрімде: «(Мұхаммед с.а.у.) олар сенен (рух) жан туралы сұрайды: «Ол, Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілген» деп ескерткен. Десек те, Ұлы Жаратушы әрбір пендесін мына бейдауа сынақ әлемінде сауапты көбірек жинауы үшін рухына жақсы сипаттар берген. Біз Хақ тағала берген сол жақсы сипатымызды танып, сол сипатымызбен амал етсек, шырғалаңнан аман-есен шығып, ұшпаққа көтеріле алмақпыз. Ол үшін әлбетте алдымен рухымызда қандай илаһи игілік бар, соны айқындап алуымыз шарт.

Анығында, рухты тану – «әл-мисақ» келісімін (Алла мен рух арасындағы) есімізге түсіруіміз үшін керек. Ал, «әл-мисақ» дегеніміз не? Бұл хақында қасиетті Құран-Кәрімде: «(Мұхаммед с.а.у.) сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» (дегенде), олар: «Әрине, куәміз» деген. Қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ» демеңдер» деп баяндалған. Яғни, анамыздың құрсағында пайда болмай тұрғанда, яғни, рухымызға пішін берілмей тұрған шақта, Ұлы Жаратушы рухқа сынақ әлемінің алғышарттарын түсіндіріп, рухтың әлеуетіне қарай қандай кедергілерге тап болатынын, тығырықтан қалай жол табу керектігін жан-жақты ұғындырған. Осы ойында жеңіске жетсе, теңдессіз ләззатқа бөлейтінін алдын ала сүйіншілеген. Рухымыз да бұл фәнидің сынағы мүмкіндігімізге қарай берілгендіктен, пендеуи әлемнің шарттарын нық сеніммен қабыл алған. Осы келісімді қазақ «әлімсақ» деп атайды. Әйткенмен, анамыздың жатырынан шыр етіп дүниеге келгенде, тіпті ес біліп, етек жиған шағымызда да рухтар әлеміндегі «әл-мисақ» – анттасқан уағдаластық тарс есімізден шығып кетеді. Естен шықты деген сөз – әу бастағы адамдық міндетімізді атқарудан қалыс қалдық деген сөз. Анығында, адасу осы жерден басталады. Ал «әлімсақты» еске түсіру үшін рухымызды тануға терең үңілуіміз шарт-ақ.

Әсілі, Алла Тағаланың «әл-мисақты» ұмыттырып жіберуінің себебі, ол келісімді біздің ақылымыз бен ар-ұжданымызға сейфтеп тастаған. Бұл құпияны ашу үшін уаһи мен нұрлы ақылды код ретінде пайдалануымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, руханиятты гностицизм тұрғысынан түсіндіретін Матуриди ақидасының методологиясы – адамзат үшін аса маңызды құрал. Яғни, рухымызға үңілу арқылы біз әу бастағы Жаббар Хақпен анттасқан құлдық келісімді есімізге түсіреміз һәм фәни-шырғалаңнан алып шығатын рухымыздағы ізгі сипатты тани аламыз. Ал, есімізге түсіріп, Тәңір тарту еткен жақсы сипатымызбен амал етуге ұмтылсақ, бұйыртса, Құдай-тағаланың уәде еткен теңдессіз жарылқауына ие бола алмақпыз.

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: