21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Ұйықтар алдында «Аятул-курсиді» оқудың маңызы

Ұйықтар алдында «Аятул-курсиді» оқудың маңызы

Ислам тарихы

Әбу Һурайраның (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте:

«Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған Рамазан айында берілетін зекеттен түскен дүниені сұғанақ қолдан қорғауды тапсырған еді. Бір күні әлдебіреу келіп алып, азыққа қолын сала бастады. Мен оны ұстап алдым да: «Сені Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдына алып барамын», – дедім. Сонда ол маған: «Мен мұқтаж жанмын. Менің бала-шағам бар, жағдайым өте нашар», – деп жалынған соң, босатып жібердім. Таңертең Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) менен: «Уа, Әбу Һурайра! Кешегі тұтқының қайтті?» – деп сұрады. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Мұқтаждығын, көп балалы екенін айтып мұңын шаққан соң, жаным ашып жібере салдым», – деп жауап бердім. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Саған ол өтірік айтты, әрі тағы да келеді», – деді.

Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқаны айнымай келетініне сенімім кәміл болғандықтан, оның жолын тосып, аңдумен болдым. Күткенімдей-ақ, әлгі ұрының да төбесі көрінді. Келіп алып, тағы да азыққа сұғанақ қолын сала бастады. Мен оны бұл жолы да ұстап алып: «Сені Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдына алып барамын», – дедім. Ол маған: «Өтінем, мені қоя бер. Мен шынымен де өте мұқтажбын. Қолыма қарап отырған бала-шағам бар, ендігәрі мұнда аттап аяқ баспаймын», – деп, өлердегі сөзін айтып жалынған соң, жаным ашып кетті де тағы қоя бердім.

Таңертең Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) менен: «Уа, Әбу Һурайра! Кешегі тұтқының қайтті?» – деп және сұрады. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Өте мұқтаж әрі бала-шағасы көп екенін айтып, мұңын шаққан соң, тағы да жаным ашып жібере салдым», – деп жауап бердім. Сонда ол: «Саған ол бұл жолы да өтірік айтты, осыдан қарап тұр, ол тағы да келеді», – деді. Сөйтіп оның үшінші келісін аңдыдым. Көп ұзамай қарасы шалынды. Келген бетте әдеті бойынша азықтан молынан қарпып ала бастады. Мен оны шап беріп ұстап алдым да: «Бұл жолы сені міндетті түрде Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдына алып барамын. Ендігәрі келмеймін дейсің де, айналып кеп қайта соғасың. Айтқаным айтқан, бұл үшінші һәм соңғы келісің болады», – дедім. Сонда ол маған: «Жалынам, мені жіберші. Есесіне Алла Тағала саған пайдасын тигізетін жақсы сөздер үйретемін», – деді. Мен: «Қандай сөздер?» – деп сұрадым.

Сонда ол: Ұйқыға бас қояр алдында «Аятул-курсиді» оқығын. Сонда таң атқанша қасыңда Алла Тағала тарапынан жіберілген қорғаушы (періште) болады әрі ешбір шайтан саған жақындай алмайды», – деді. Сөйтіп, оны тағы да қоя бердім. Таңертең Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) менен: «Уа, Әбу Һурайра! Кешегі тұтқының қайтті?» – деп тағы сұрады. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Ол «Алла Тағала маған пайдасын тигізетін жақсы сөздер үйретемін» деген соң, жібере салдым», – дедім. Ол: «Онысы қандай сөздер екен?» – деді. Ол маған: «Төсегіңе жатқанда, Алла – Одан басқа тәңір жоқ, мәңгі Тірі әрі бүкіл жаратылысты толық игеріп, оларды Сақтаушы....» деп басталатын «Аятул-курсиді» бастан-аяқ оқы. Сонда таң атқанша қасыңда Алла Тағала тарапынан жіберілген қорғаушы (періште) болады әрі ешбір шайтан саған жақындай алмайды», – деді», – деп жауап бердім.

Сол кезде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ол барып тұрған суайт болса да, бұл жолы саған ағынан жарылыпты. Уа, Әбу Һурайра! Үш күннен бері кіммен тілдесіп жүргеніңді білесің бе?» – деді. Мен: «Жоқ, білмеймін» – дедім. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ол шайтанның нақ өзі», – деп айтты», – деген.

материал «40 сүннет» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: