16
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Дұға – басқа түскен нәрсеге де, түспеген нәрсеге де пайдалы

Дұға – басқа түскен нәрсеге де, түспеген нәрсеге де пайдалы

Ислам тарихы

Дұғаның артықшылығы көптеген аяттар мен хадистерде айтылған. Олар төмендегідей.

Алла Тағала: «Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен жақынмын. Қашан менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл аламын. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған иман келтірсін. Әрине тура жол тапқан болар еді»; «Раббыларың: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында Маған құлшылық қылудан паңсынғандар қор болып, тозаққа кіреді», – дейді»; «Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді. Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүліншілік қылмаңдар. Одан қорқа әрі үміттене тілеңдер. Расында Алланың рахметі жақсылық жасаушыларға жақын»; «Ендеше (ей, мүміндер,) кәпірлер жақтырмаса да дінді Оның Өзіне арнап, Аллаға ғана дұға (яғни, ғибадат) жасаңдар»; «Ол Тірі (Алла), Одан басқа ешбір құдай жоқ. Ендеше дінді Оған арнап, нағыз ынтамен Өзіне жалбарыныңдар. Барлық мақтау әлемнің Раббысына лайық», – деген.

Нұғман ибн Бәшир (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Дұға – ғибадат», – деп: «Раббыларың: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында маған құлшылық қылудан паңсынғандар қор болып, тозаққа кіреді», – деді» (деген) аят оқыған», – деп айтқан.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Алла Тағала үшін дұғадан артық ешнәрсе жоқ»; «Кім Алладан сұрамаса, Ол оған ашуланады», – деді», – деген.

Бір ақын: «Сұрамағын пенделерден, сараңдардан сабылып, Тәңірден тіле тілекті, қалмаған есіктері жабылып. Сұрамасаң қажетіңді Раббың саған кейиді, Ал адамнан сұрасаң, шыға келер шағынып», – деп жырлаған. Әбу Сағид (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Қандай да бір мұсылман Аллаға дұға жасап, (дұғасында) күнә, туыстық байланысты үзу болмаса, Алла оған үш нәрсенің біреуін береді: не оның тілегі тез орындалады, не Ақыретке дейін сақтап қояды немесе одан сондай бір жамандықты қайтарады», – деді. Сонда сахабалар: «Онда біз (дұғаны) көбейтейік», – десті. Пайғамбар (с.а.с.): «Алланың (беретіні) одан да көп», – деді», – деген.

Салман әл-Фариси (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Ұлы әрі биік Раббыларың Ұялушы және Жомарт. Оған пендесі екі қолын көтергенде, бос қайтарудан ұялады», – деді», – деп айтқан. Дұға – жамандықты кетіріп, тілекке жеткізетін себептердің ең бастысы. Ол – дауа атаулының ең пайдалысы, сынақ, бәле атаулының қарсыласы. Дұға пендені қорғап, емдейді, зауалдың төнуінен сақтайды. Ал басқа бәле түскен жағдайда дұға оны кетіреді немесе жеңілдетеді. Сайып келгенде дұға – мүміннің қаруы.

Осы тұрғыда дұға мен бәленің жағдайы үш түрлі болатынын білуіміз керек.

1. Дұға бәледен күшті болып, оны кетіруі мүмкін.

2. Дұға әлсіз болып, пенденің басына түскен бәле күшті болуы ықтимал. Мұндай жағдайда дұға әлсіздігіне қарамастан бәленің ауыртпалығын жеңілдетуі мүмкін.

3. Дұға мен бәле бір-бірімен шамалас болып, екеуі бір-біріне кедергі келтіруі кәдік.

Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Дұға басқа түскен нәрсеге де, түспеген нәрсеге де пайдалы. Сондықтан, ей, Алланың құлдары, дұға қылыңдар!» – деді», – деген. Салман (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Жазмышты тек дұға ғана қайтарады, ғұмырды ізгілік қана ұзартады», – деді», – деген.

материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: