– «Әссәләмуғалейкум» деп амандасқан адамға жауап қайтару уәжіп пе, парыз ба? Әр жерде әр түрлі үкім айтылады. Біздің Ханафи мәзхабы бойынша негізге алынатын үкім қандай?
– Амандасқан адамға жауап беру жалғыз адам үшін – уәжіп, ал, көпшілік үшін – парыз кифая, яғни, берілген сәлемге жамағат ішінен бір адам жауап айтса, қалғандарынан міндет түседі.
– Қазір технология заманы. Электронды поштамен немесе whatsapp секілді интернет желісі арқылы бір-бірімізбен хат-хабар алысамыз. Интернет желілері арқылы жолданған амандасуға жауап қайтарудың үкімі, сөзбен айтылғандағыдай ма (уәжіп пе)?
– Whatsapp арқылы болсын, электронды пошта арқылы болсын дәл сізге айтылған «сәлемге» жазбаша түрде немесе ауызша түрде (естімесе де) жауап қайыру - уәжіп.
– Тікелей чат арқылы біреуге «әссәләмуғалейкум» десең, кейбір кісілер «уағ.ас.» деп қысқа қайырып жатады. Осы дұрыс па?
– Берілген сәлемге толықтай жауап беру ләзім. «Уағ.ас.» деп қысқа қайыра салу дұрыс емес. Өйткені Құран Кәрімде: «Біреу сендерге сәлем берсе, оған онан әрмен жақсы сәлеммен жауап қатыңдар немесе өзінің айтқанын қайта айтыңдар. Алла Тағала барлық нәрсені есепке алып отырады», - делінген[1].
[1] Ниса сүресі, 86 аят.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz