02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Алла Тағала жақсы көретін жеті адамның сипаты

Алла Тағала жақсы көретін жеті адамның сипаты

Ислам тарихы

Алла Тағала жеті адамға ешбір нәрсенің көлеңкесі жоқ күні сая береді, олар:

– әділ басшы;

– Раббысына құлшылық етіп есейген жігіт;

– жүрегі мешітке байланған кісі;

– бір-бірін Алла жолында жақсы көрген екі адам, олар Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін айырылады;

– әдемі және мансапты әйел шақырған кезде: «Мен Алладан қорқамын», – деген кісі;

– оң қолымен берген садақасын сол қолы сезбейтін садақа беруші;

– жалғыз отырып Алланы зікір етіп көзіне жас алған адам.

Хадис хикметі  Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдардың ішінен ең бақытты, жаны таза, шынайы иманды, мұсылман атына лайық жеті түрлі пенденің қасиетін тайға таңба басқандай етіп баян етуде. Ол жеті пендеге берілетін иләһи сый-құрмет – мәңгілік жаннат. Өйткені олардың фәни дүниеде шын ықыласымен жасаған ізгі амалдары, имандылық арқылы бойына сіңірген асыл қасиеттері соған әбден лайық. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) санамалап берген жеті қасиеттің бірі тұла бойынан табылған адам қиямет күні иләһи мейірімділік пен Раббани қамқорлық саясына тұруына себеп болмақ. Бұл – Алла Тағала мен елшісі қош көретін жеті қасиет. Әрі адам баласы мұны ұғып, сол қымбат қасиеттің біреуін өмірлік әдет етуге деген ниетке серпіліс беруде. Осылайша, сіз бен бізді Алланың ізгі құлдары қатарына келіп қосылуға талпындыруда. 

Ең әуелі, хадисте әділдікке шақыруда. Кісі қолындағы билік тізгіні басым көпшілік немесе белгілі бір ұжым үстінен болса да әділдік басты талап екенін айтуда.  Әділдік – Алланың шариғаты. Жаратқан Иеміз зұлымдық атаулыны жек көреді, мұндай әрекетке қаһарын төгеді. Құран Кәрімде: «Уа, Дәуіт! Біз сені жер бетінде (Біздің үкімдерімізді басшылыққа ала отырып билік жүргізетін) халифа қылдық. Ендеше адамдар арасында әділ билік айт. Нәпсіңнің қалауларына ерме, әйтпесе, ол сені Алланың ақ жолынан тайдырып жібереді...» – деп әмір етеді.

Екінші кезек – жастарда. Жігіттерге бозбала шақтан Аллаға бойсұнып, жақсылыққа бейім болуға баулиды. Себебі бүгінгі бозбала – ертең елдің арқа сүйер азаматы. Осы жолмен ең үлгілі ұрпақ қалыптаса бастайды. Құран Кәрімде: «...Олар Раббыларына шын көңілден иман келтірген бір топ жас жігіттер еді. Біз өз кезегімізде, олардың тура жолға деген құштарлығын одан сайын арттырып, сенімдерін күшейте түстік», – деп иманын сақтап қалу үшін үңгірге паналаған жандардың ерекше сипаты ретінде жастығы, жастар екені айтылуда. Демек, елдің үміті – жастар. Олар – елдің болашағы.

Үшінші қасиет: жүрегі мешіттен бір сәтке де үзілмейтін пенде. Ол – бес уақыт намазын мешітте оқумен Алланы үздіксіз зікір етуші. Діннің тірегі – намазды мешітте оқумен мұсылмандар арасында бауырмалдық және достық қарым-қатынас беки түседі. Мұсылманның намазда сап түзеп бір қатарда иық тірестіріп тұруымен ауызбіршілігі артып, ниеті мен ықыласы түзеле бастайды. Мұндай қасиеті бар мұсылманды Құран Кәрімде: «Осынау нұрға Алланың Өзі асқақтатқан әрі тұрғызылуына һәм ішінде атының аталуына Өзі рұқсат еткен үйлерде бөленуге болады. Ол үйлерде Оны ертелі-кеш: («Сен – мінсізсің, кемелсің», – деп) дәріптейтін. Сондай ер жігіттер бар, олардың күн-көріс көзіне айналған саудалары да, (күнделікті) алу-сату істері де оларға Алланы ауызға алуына (яғни, Алланы еске алу мақсатында бас қосып, дәріс оқып, насихат тыңдауына), намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқуына және зекетті толық беруіне бөгет бола алмайды», – деп мақтап суреттеген.

Төртінші қасиетте Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдарды Алла разылығы үшін жақсы көруге шақырады. Адамның бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен құрметінен мұрат дүниелік байлық, материалдық игілік немесе бір мүдде болмауы керек. Жалпы алғанда, дінді бір-ақ қасиет құрайды. Дін – Алла жолында жақсы көру, Алланың разылығы болатын іс-әрекетте бас қосу, Алла елшісі алып келген ақиқатты жеткізуде бір болу. Міне, мұндай сүйіспеншілік таза, пәк әрі асқақ болмақ.

Бесінші қасиет – адамзат пәктігінің ең биік көрінісі. Ар-ожданның тазалығы. Иман арқылы туындайтын пәктік. Мұндай пәктік пендені масқара қорлық түбіне құлдыраудан сақтайды. Масқара қорлық – бүлік. Фитна. Сұлу әйел бейнесіндегі бүлік. Бұл тезектің үстінде өскен әдемі гүл іспетті байлығына сұлулығы жарасқан бірақ арсыз әйелдің арбауына түспей, құмарлығына ерік бермеген ер азамат хақында. Әрине, сұрқия жыландай сұлу әйелдің арбауына түспеуінің бірден-бір себебі – Алла Тағаладан шынайы қорқуы.

Алтыншы қасиетте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайырымды жомарт жайлы ерекше көркем түрде айтуда. Әлгі қайырымды кісі басқа садақа берушілерден ниеті және ықыласымен ерекшеленеді. Адамдардың көзіне түспей, тек Алла Тағаланың разылығын ғана тілеп садақа жасайды. Тіпті басқа тұрмақ оң қолы берген садақаны сол қолы сезбей қалатындай етіп қайырымдылық жасайтын сақи азамат.

Жетінші қасиет: жеті бақытты жанның ең соңғысы – Алладан қорқып көзіне жас алған пенде. Жас көзден шығады, бірақ жүректен бастау алады. Жүректе Аллаға деген махаббат және тақуалық болмаса, қанша ышқырынса да, бір тамшы жас шығуы неғайбыл. Пайғамбарымыздың тәлімі неткен тамаша! Бұл жеті қасиет иелерін айта отырып, адамды Алла құзырында ықыласты болуға және шынайы таза өмір сүру жолын қарапайым да ұғыныңқы тілмен жеткізуде. Міне, бұл – Мұхаммади даналық (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм).

материал «Сүннет қазынасы (Ең таңдаулы хадистер түсіндірмесімен бірге)» кітабынан алынды,

ummet.kz  


Бөлісу: