30
Дүйсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Нәпсіме ең қиын нәрсе – әрдайым ниетімді жаңарту»

«Нәпсіме ең қиын нәрсе – әрдайым ниетімді жаңарту»

Ислам тарихы

«Ниет» сөзінің тілдік және терминдік мағынасы «бір нәрсені мақсат ету, соған қарай ішкі ұмтылыспен бағыт алу» дегенге саяды.

Ілім жолында ниет өте маңызды. Әбу Һурайрадан (Алла разы болсын) жеткен хадисте1 Алла елшісі (с.ғ.с) тозаққа ең бірінші болып бетімен сүйрелене кіргізілетін үш адамның бірі – ілім алып, Құран оқып, әрі оны үйреткен адам. Ол Алла Тағаланың құзырына барғанда: «Раббым, бір өзің үшін Құран оқып, оны үйретіп, ілім алдым», – дейді. – Сен өтірік айтасың!

Адамдар сен туралы ғалым, қари деп айтсын деген ниетпен ілім алдың. Құдіреті шексіз Алланың жауабы осындай болмақ. Ілім ізденуде ниет қандай болуы керек? Ең алдымен, Алланың разылығын іздеу керек. Одан соң надандықтан арылу қажет. Ілімді басқамен бөлісіп, екі дүние бақытына ұмтылу да шын ниеттің көрінісі. Көпшілік ғалымдардың жақсы бір сөзі бар: «Нәпсіме ең қиын нәрсе – әрдайым ниетімді жаңарту».

Ниетті жаңарту деген не? Әртүрлі ішкі-сыртқы нәрселердің әсерінен арылып, ниетті бастапқы қалыпқа түсіру. Мәселен, сіз ілім алуды бастағанда ниетіңіз Алла разылығы үшін, дінді жаю болатын. Бірақ ниетіңіз бірте-бірте басқамен жарысу, атақты болу қалпына ауысқандай. Жамағаттың ұстаздарды аса ұлықтап, құрметтегеніне қызығып, ниетіңіз жұртқа жағыну, ғалым секілді көріну болуы да мүмкін. Бірақ…

– Мен не үшін ілім алып жүрмін?! Ішкі даусыңыз жаңғыруы керек. Алла үшін болған ниет қайда? Адамдарға ұнау үшін, атақ-даңқ үшін ілім алу дұрыс емес қой! Мінеки, осы тектес саналы ойдың жетегінде ниетіңізді жақсы жаққа бағыттайсыз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жоғарыдағы мәселе бойынша: «Кімде-кім Алла разылығы үшін алынуы тиіс ілімді дүние үшін алатын болса, жәннаттың иісін де иіскемейді» - деген. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім ғалымдармен сөз таластыру үшін, яки надандар арасында білімді боп көріну үшін немесе адамдардың назарын өзіне аударту үшін ілім алса, Алла оны тозаққа кіргізеді», - деп ниеттің маңыздылығын ескерткен. Жақсы ниет жақсы амалға жетелейді. Тіпті, жақсы ниеті үшін де мұсылман адам сауап алады.

материал «Не үшін оқу?» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: