31
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Ғұламалар өміріндегі кітаппен байланысты оқиғалар

Ғұламалар өміріндегі кітаппен байланысты оқиғалар

Ислам тарихы

Расында, ғалымдар бізге кітап оқудың үлгісі бола білді. Біз қаншалықты олардың өмір жолын оқысақ соншалықты жігерленеміз. Олардың ілім алуға деген құштарлығы мен кітап оқуға құлшыныстары шынымен таң қалдырады. Олар жайында жеткен оқиғалар жәй халық аузындағы қисса емес. Сенімді жолмен келген оқиғалар.

Ислам дінінің артықшылығы ол жалаң ақылға еріп ойдан үкімдер шығара беру емес. Бәлкім діннің барлық үкімдері мен асыл мақсаты күнімізге дейін еш өзгеріссіз жеткен. Өйткені ғалымдарымыз дінге қатысты айтылған бір ауыз сөздің жетуіндегі сенімділіктің өзін тексерген. Өзге діндер секілді әуелгі қалпынан өзгеріп кетпеуіне баса назар аударған. Соның нәтижесінде риуаят пен дираят ілімі пайда болған. Яғни, хабарды жеткізушілерді адалдық пен нақтылық тұрғысынан және хабардың мәтінін өзін зерттеу ілімі. Ешбір үмбет ислам діні секілді діннің қайнар көздерін көзінің қарашығындай сақтап, ғылыми жүйеге негіздеп сақтаған жоқ.

Абдулла ибн Мүбәрәк (Алла оған рақым етсін): «Тізбек – бұл діннің бір бөлігі. Егер тізбек болмағанда, кім көрінген қалаған нәрсесін риуаят (жеткізер) етер еді», – деген. Имам Шафиғи (Алла оған рақым етсін) болса: «Тізбексіз хадисті талап қылушының жағдайы қараңғы түнде отын жинаушының жағдайына ұқсайды», – деген.

Сондықтан мұсылман адам тек қана сенімді болған оқиғалар мен хабарлармен ақпараттануы керек. Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Егер сендерге әлдебір күнәһар адам қандай да бір хабар жеткізсе, оның анық- қанығын анықтап біліп алыңдар», – делінген. Яғни қазіргі кезде көптеген мұсылмандар ешқандай негізі жоқ хабарларды таратып жүргенін кейде куәсы болып қалып жатамыз. Сөйтіп халық арасында дін турасында қате түсініктердің белең алуына жол ашылып жатады. Ол нәрселер жоғарыдағы аятқа амал етпей жатқанымыз себепті болып жатыр. Аятта күнәһар адам делінгенімен біз бұдан жалпы кез келген хабарды ой елегінен өткізу керектігін түсінсек болады. Бұл әңгіменің қозғалуына себеп болған ғалымдарымыздың оқиғаларын қысқаша баяндап беруден бастау алған болатын. Егер тақырыптан ұзап кеткен болсақ кешірім сұраймыз. Осы тақырыпты қозғау себебіміз кейде ғалымдар турасында келген олардың өмірінде орын алған сәттері бізге ертегі сияқты көрінуі мүмкін. Сол тұста олар ешқандай ертегі емес сенімді жолмен келген хабарлар екендігін ескертіп кетуді ұйғардық. Яғни, олардың құлшылығы мен ілімге құштарлығын көріп біз таңдай қағар едік. Сол ғалымдардың бірнешеуін жазып кітабымыздың бөлімін аяқтаймыз.

Ибн Әл-Жәузи (Алла оған рақым етсін) өзінің Сайд әл-Хатыр кітабында жағдайын былай деп баяндайды: «Мен өз хәлімді айтар болсам, кітап оқуға ешқашан тойған емеспін. Егер жаңа бір кітап көрсем құдды құнды зат тапқандай боламын. Низамия медресесінде жиырма алты мың том кітапты қарап шықтым. Олардың ішінде Әбу Ханифаның, Хумайдидің, ұстазым Абдулуәһәб ибн Нәсирдің және Әбу Мұхаммад ибн Хашшабтың кітаптары болды. Егер мен жиырма мың кітап оқыдым десем артық айтқан болмаспын және мен әлі де оларды оқу үстіндемін».

Ибн Әл-Жаузидің көп кітап жазғандығы соншалық оның кітап жазу кезінде ұштаған қалам жаңқаларынан қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен. Бұл істі өсиет ретінде айтып кеткен. Оның жазған кітаптарының саны бес жүзге жеткендігі айтылады.

Хафиз ибн Ражаб (Алла оған рақым етсін) оның өмірбаянын жаза отырып былай дейді: Оның кітап жазбаған ғылым саласы жоқ. Барлық пәнде оның еңбегі бар. Одан қанша еңбек жаздыңыз деп сұралғанда үш жүз қырық. Олардың ішінде жиырма томдық және бір қағазға жазылғандары да бар деп жауап берген.

Имам Захаби (Алла оған рақым етсін) және ибн Ражаб өздерінің кітаптарында ибн Жаузидің немересінің былай деп айтқанын жазады: « Атамның мінберде тұрып мына екі саусағыммен екі мың том кітап жаздым», дегенін естідім.

Ибн Жаузидың өмір сүрген уақытын жазған кітаптарына бөлген кезде оның күніне тоғыз беттен жазғаны айтылады.

Хатыб әл-Бағдади (Алла оған рақым етсін) «Тақиид әл-Ғилм» кітабында ибн Аббас әл-Мубаррид деген кісінің былай дегенін жеткізеді: «Ілімге құштар болған мына үшеуінен артық ешкімді көрмедім. Олар әдебиетшілердің төресі болған Жахиз Амр ибн Бахр (Алла оған рақым етсін). Егер Жахиз кітапты қолына алса оны соңына дейін оқымай қоймайтын. Ол кітап қандай тақырыпта болмасын. Тіпті арнайы кітап оқу үшін кітап дүкендерін жалға алып сонда түнейді екен. Жазушы, ақын, заманының көреген кісісі Фәтх ибн Хақан. Уақытында Аббаси әулетінің халифасы Мүтәуаккил оны өзінің жақын уәзірі етіп тағайындаған. Оның үлкен кітап қоры болатын. Ол әрдайым өзімен бірге кітап алып жүрген. Кітаптарын киімінің жеңінде немесе аяқ киімінде ұстаған. Халифаның алдынан шығып, дәретке немесе намазға барғанша кітап оқып баратын. Қайтар жолында да осылай оқитын. Халифа орнынан тұрып кеткен кезде ол қайтадан кітабын алып оқиды екен. Бағдаттық Мәлики мәзһәбының ғалымы Қазы Исмаил ибн Исһақ. Мен оны қай кезде кезіктірсем де оны кітап оқу үстінде табатынмын яки болмаса оқитын кітаптарын іздеп жататын немесе кітаптардың шаңын сүртіп отыратын.

Имам Әбу Бәкір Бақиллани болса қырық ракағат намаз оқып отыз бес бет парақ жазбайынша ұйқыға жатпаған екен. Оның жазған кітаптарын есептеп өмір сүрген уақытына есептегенде күніне он беттен жазғандығы белгілі болды. Ибн Жарир Табари қырық жыл бойы үздіксіз қырық бет парақ жазған. Оның Құран Кәрімге жазған тәпсірі үш мың беттен тұрады. Және ол тәпсірлердің ішіндегі дәреже жағынан ең алдыңғы қатарға қойылатыны болып есептеледі.

Имам Қаффал Әш-Шаши ілім жолын қырық жасында бастаған екен. Сонда ол өзіне: «Ілімді қашан үйренемін қай кезде жаттаймын қашан түсініп, оны басқаларға үйретемін» дейді. Сөйтіп беті қайтып келе жатып жолда сиырларды суаратын бір кісіні көріп қалады. Оның қолындағы шелегіне назары түседі. Оның жібі тасты үйкелеп оған із қалдырған екен. Сонда ол іштей мен білімді талап етіп сол жолда еш шаршамаймын деп айтады. Сөйтіп мына өлең шумағын шығарады:

Талапты бол! Талабың сені шаршатпасын,

Шәкірттің құрдымы оның жалығуы,

Көрмедің бе жіптің берген әсерін,

Уақыты өте тасқа ізін қалдырған.

Ибн Тоһир әл-Мақдиси былай деген: Мен ілім алу үшін шыққан сапарларымда ыстық күні жалаң аяқ жүргенімнен аяғымды екі рет қансыратып алдым. Біріншісі Меккеге барған сапарымда екіншісі Бағдатқа барған кезімде орын алды. Хадис үйрену сапарларымда ешқандай көлікке мінбей кітаптарымды арқалап жүрдім.

Шафиғ ибн Али әл-Кинани (Алла оған рақым етсін) кітап жинауды жаны қатты сүйген. Ол дүниеден өткенде іші толы жиырма сандық кітап қалған. Оның кітаптарды қатты жақсы көргені соншалық егер ол бір кітапты ұстаса кімнің кітабы екенін және қашан сатып алғанын айтатын. Одан мына том қайда десе орнынан тұрып қай жерде тұрғанын бірден таба қоятын.

Әбу әл-Аббас Ахмад ибн Яхиа (Алла оған рақым етсін) жұма күні аср намазын оқып мешіттен шығады. Жолда кітап оқып келе жатқанда көшенің шуын естімей оны ат теуіп құдыққа түсіріп жібереді. Оны есінен танған күйі құдықтан шығарып үйіне әкеледі. Бірақ ол есін жимай екінші күні дүниеден өтіп кеткен екен.

Ғұлама ғалым Жәләлуддин әс-Суютидің ибнул кутуб (кітаптың баласы) деген лақабы бар. Себебі оны анасы кітаптардың арасында босанған. Әкесі анасын кітапханаға бір кітапты әкелуге жұмсаған сәтте анасының толғағы болып сол жерде баласын өмірге әкелген. Кейін ол кітап баласы емес кітаптың әкесі (әбул кутуб) атанып 600-ге жуық кітап жазған.

Әбу Ханифаның шәкірті имам Мұхаммад Хасан Шайбани (Алла ол екеуін рақым етсін) Түнін ұйқымен өткізбей кітап оқыған. Бір кітаптан жалықса басқасына үңілетін. Ұйқысы келсе салқын сумен кетіретін. Өзі «Расында ұйқының келуі ыстықтан», – дейтін.

Имам Мұхаммадтың «Мабсут» атты кітабын оқыған кітап иесінен болған бір дана кісі ( яһуди немесе христиан) иман келтіріп былай деген екен: «Мына кітап сендердің кіші Мұхаммадтарыңның кітабы, ал үлкендеріңдікі қандай болады?», – деп таң қалған екен. Яғни үлкендерің деп Алла елшісін ( Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) меңзеген.

материал «Не үшін оқу?» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: