Мұсылман қыздарына байланысты түскен Құран аяттарын, түсіндірмесімен және ғалымдардың сөздерімен жаза отырып, сіздерге ұсынбақпыз.
Бірінші аят: «Мүмін әйелдерге айт! Ұятты жерлерін харамнан сақтасын! Орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын! Әрі олар әшекейлерін көрсетпесін! Өздерінің жасырған әшекейлері біліну үшін аяқтарымен жерді тепсініп жүрмесін!» («Нұр», 31 аят).
Имам Куртуби жазды: «Ол кездегі әйелдер жамылғыны (химарды) бастарына жауып, онымен толық артын жабатын. Әйелге орамалын толық кеудесіне түсіріп, мойны мен омырауын жабу керек. Имам әл-Бұхари Айшаның (Алла оған разы болсын) былай дегенін жеткізеді: Мединалық жергілікті әйелдерді Алла рақымына бөлесін. «Орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын!» аяты түскен кезде олар дереу бастары мен кеуделерін жабу үшін жамылғыларын жыртып алып оранды. Бір күні мойнына мөлдір шүберек жамылған Хафса бинт Абдур Рахман (Алла оған разы болсын) Айшаға (Алла оларға разы болсын) келеді. Айша оның кеудесіне түсіп тұрған жұқа матаны жыртты да, айтты: «Мойның мен омырауыңды зейнетің көрінбейтін матамен жап!»
Ибн Касир тәпсірі: «Өздерінің жасырған әшекейлері біліну үшін аяқтарымен жерді тепсініп жүрмесін!» Надандық заманда әйел адам жол бойымен аяғында әшекей бұйымдары бар, олар бұл әшекейлердің сылдырын еркектер естісін деген күйде әдейі жүретін. Ал Алла Тағала мұндай жүруге тыйым салған. Әбу Усайд әл-Ансари әкесінен риуаят еткен хадисте: «Бір күні Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешіттен шығып, бір-бірімен араласып жүрген ерлер мен әйелдерді көрді де, әйелдерге былай деді: «Шетке шығыңдар, сендерге көшенің ортасымен емес шетімен жүрген дұрыс». Я, мұсылман қызы! Сұлулығыңды паш етумен бөтен еркектердің тура жолдан таюына себеп болма!
Екінші аят: «Үйлеріңде қалыңдар да, алғашқы надандықтың жасануындай жасанбаңдар. Һәм намазды орындап, зекет беріңдер, Алла мен оның Елшісіне бойұсыныңдар» («Ахзаб», 33 аят).
Әнәстан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Алла елшісіне оның әйелдері келіп: «Уа, Алланың Елшісі, адамдар Алла жолында жиһад жасайды, Алла жолында мужахид сияқты болу үшін не істеуіміз керек?», деді. Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: ~ «Сендердің үйлеріңде қалуларың, Алла жолында жиһад етудің сауабына тең». «Алғашқы надандықтың жасануындай жасанбаңдар»
Муджахид: «Бұрын әйелдер ерлердің алдында жүретін. Надандық дәуірінде ол әшекей саналған». Мұқатил: «Жасану – басына орамалы бола тұра, алқасы, сырғасы, мойыны көрінетіндей етіп байлау». «Үйлеріңде қалыңдар да, алғашқы надандықтың жасануындай жасанбаңдар. Һәм намазды орындап, зекет беріңдер, Алла мен оның Елшісіне бойұсыныңдар» Я, мұсылман қыз! Мына сөзді жадыңда ұста, «егер әйелдер еркектерің ойын білгенінде үйлерінен бір сәтке шықпас еді». Бөтен еркектің ойында кезуден қымсын.
Үшінші аят: «Егер тақуалық қылсаңдар, қылымсып сөйлемеңдер. Онда жүрегінде дерті бар әлде кім дәмеленіп қалмасын. Әдеттегі сөзді сөйлеңдер». («Ахзаб», 33 аят).
Ибн Касир тәпсірі: Судди айтты: әйел адам бөтен еркектермен даусын өзгертіп, нәзік дауыспен сөйлуге болмайды. Әйел адам бөтен еркекті сөзімен өзіне тартпастан бір қалыпты, салмақты сөйлесулері керек. «Егер тақуалық қылсаңдар, қылымсып сөйлемеңдер. Онда жүрегінде дерті бар әлде кім дәмеленіп қалмасын. Әдеттегі сөзді сөйлеңдер» (Ахзаб, 33 аят). Я, мұсылман қыз! Әлеуметтік желіге қылымсып сөйлеген видеоларыңды жүктеумен Раббыңның сөзіне қарсы келме!
Төртінші аят: «Зинаға жоламаңдар! Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол». («Исра», 32 аят).
Аяттың мағынасына мән берсек, бұл жерде Алла Тағала «зина жасамаңдар» деп тұрған жоқ, «зинаға жақындамаңдар» деу арқылы арсыз үлкен күнәні жасау былай тұрсын, оған жақындамауды, тіпті оған апаратын кез келген әрекеттен бойды аулақ ұстауды бұйырып тұр. «Бір құл зина еткен кезде иманы одан шығып, бұлт секілді басының үстінде тұрады. Зина жасап болған соң, иманы қайта өзіне қайтады» (Әбу Дәуіт, Тирмизи). Шариғатта бір нәрсе харам болса, оған алып баратын барлық амалдар харам болады. Зина – харам. Зинаға апаратын жолда – харам. Я, мұсылман қызы! Ойланып көр, өз суретіңді жариялау арқылы, аш қасқырларға суретіңнің астына “МашаАлла ухти, сізбен жекеде сөйлесуге қалай доступ аламын?” деген сөздерді жазуына разы болу арқылы зинаға алып баратын әрекеттер жасап жатқан жоқсың ба?! Егер солай болса, дереу тәубе ет те, Раббыңнан жарылқау тіле. Сөзсіз Алла Ғафур (Кешірімді).
Бесінші хадис: Әбу Мұсадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Әйел адам әтір жағып сыртқа шығып, бөтен ерлердің арасына баратын болса, зина жасағанмен тең» (Тирмизи/2786).
Егер әйел адам әтір себініп, әдемі киімімен көшеге шығып ерлерді өзіне қарататын болса күнә алады. Сол себепті мұсылман қызы еркектерді азғыратын шайтанның құралына айналмауға тырысу керек. Қазіргі уақытта хиджабты сәнге айналдыруда. Бұл хиджабтың негізгі мақсатына сай келмейді. Хиджабтың негізі – ұяңдық, жасырыну мен қарапайымдылық. (Абу Али аль Ашари). Я, мұсылман қыз! Орамалды басыңа ғана емес жүрегіңе де таққайсың!
материал «Әйел жасырын хәлімен қадірлі» кітабынан алынды,
ummet.kz