Машина жуғанда алдымен бір рет жуып шығасың. Шүберекті сыққан тазиктегі суың қап-қара болады. Көлікке қарасаң сәл-пәл қара тамшылар қалып қояды. Шүберекті сулап тағы да бір сүртіп шығасың. Сонда барып айнадай жарқырайды.
Сөйтіп тұрып ойланып қаламын. Неге біз жүрегімізді осылай тазаламаймыз? Қатарынан екі рет. Айнадай жарқырағанша. Жүректе қаншама күнәнің қап-қара кірлері қалған. Бір жуғаннан кетпейді. Оны тәубеден туған көз жасы кетіреді. Бірнеше рет.
Ыдыс жуғанда май, дақ, қалдықтар бірден кете қоймайды. Жай сумен кетпейді. Сусабын қолданасың. Қырғыш не сымжуғышпен ысқылайсың. Бірдеңе қып кетіріп, соңында мұздай сумен бір шаясың. Тап-таза тәрелкеге қарап тұрып ойланамын. Неге біз жүрегімізді осылай тазаламаймыз? Неге зікірмен, Құранмен, истиғфармен, кешірім сұраумен ысқыламаймыз?
Кетпей жатқан лас жерлеріне көбірек күш салмаймыз? Қолыңдағы смартфонның бетіне май жағылса, дереу ылғал салфеткі іздеп, сүртіп тазалап қоясың. Бірден! Бес минут, елу минут, бір күн күтпейсің. Сол заматта тазалайсың. Неге біз жүрегімізді бір күнәдан соң дәл осылай дереу тазаламаймыз?
Сурет не видеоға түсірерде камераны бір қараймыз, мүмкін бетіне саусақ таңбасы не бір дақ түсіп қалған шығар. Себебі сурет анық шықпайды. Футболкамыздың шетімен камераның көзін айналдыра тазалап шығамыз. Неге біз бір амал жасарда жүректегі Алла Тағалаға деген ықыласымызды осылай бір тексеріп алмаймыз? Рия боп жатса, бір тазалап шығу керек емес пе? Жүректің көзі таза болса, сыртқы әлем анық көрінбей ме?
материал «Терең ой» кітабынан алынды,
ummet.kz