05
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ислам діні кемел, ешқандай қоспаларға мұқтаж емес

Ислам діні кемел, ешқандай қоспаларға мұқтаж емес

Ислам тарихы

Алла Тағала былай дейді: «Әй, Елші! Раббың тарапынан түсірілгенді жеткіз. Егер оны істемесең, елшілік міндетін жеткізбеген боласың» («әл-Мәида» сүресі, 67- аят).

Бір күні бір кісі Ибн ‘Аббасқа (Алла оған разы болсын) келіп: “Бізге сіздерде Алла Елшісі адамдарға айтпай кеткен нәрселер бар дейтін адамдар келеді”, - деді. Сонда Ибн ‘Аббас оған: “Сен Алла Тағаланың «Әй, Елші! Раббың тарапынан түсірілгенді жеткіз. Егер оны істемесең, елшілік міндетін жеткізбеген боласың» деген сөзін білмейсің бе?!”, – деді. (Ибн Әбу Хатим “әт-Тәфсир” 4/1172).

Хафиз Ибн Кәсир иснадын жақсы деген. Алла Тағала сондай-ақ былай дейді: «Бүгін сендер үшін діндеріңді толық еттім, нығметімді тамамдадым, әрі сендерге Ислам дінімен разы болдым» («әл-Мәида» сүресі, 3-аят).

Ибн ‘Аббас (Алла оған разы болсын) осы аятқа байланысты былай деген: “Алла Өз Пайғамбары мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мүміндерге олар үшін нанымды (иманды) кемелдіке жеткізгенін, әрі олар еш уақытта оған қоспа қосуға мұқтаж болмайтынын жеткізді. Алла нанымды (иманды) тамамдады және оның кемшілігі болмайды, әрі Ол оны құптап, еш уақытта оған наразы болмайды”. (“Тәфсир әт-Табари” 9/518, “Тәфсир Ибн Кәсир” 2/12). Имам әз-Зәһаби былай деген: «Осы аят түскеннен кейін дінге енгізілген барлық нәрсе – қажетсіз, қоспа және бидғат болып табылады!» (“әс-Сияр” 18/509).

Ибн Мәжишун иман Мәликтің былай деп айтқанын жеткізген: «Кім Исламға бидғат енгізіп, оны жақсы деп есептесе, сол: «Мұхаммед жолдауды соңына дейін жеткізбеді», - деген болады, ал Алла Тағала: «Бүгін сендер үшін діндеріңді толық еттім», - дейді. Әрі сол кезде дін болмаған нәрсе бүгін де дін болмайды!» (“Тахзиб әл-фуруқ” 4/225, “әл-И’тисам” 1/64).

Имам Мәликтің осы сөздері нендей қарапайым, бірақ сонымен бірге нендей дана! Имам әш-Шәукани былай деген: “Егер Алла Тағала Өзінің дінін Өз Пайғамбарын (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алып кетпестен бұрын кемелдікке жеткізген болса, онда дін кемелдікке жеткізілгеннен кейін сендер оған енгізген мына пікірлерің не?! Егер сендер өздеріңнің енгізген мына амалдарың да діннен екеніне сенімді болсаңдар, онда сендердің ойларыңша, дін кемел болмағаны ғой, ал мұндай сөздерді Құран теріске шығарады: «Бүгін сендер үшін діндеріңді толық еттім, нығметімді тамамдадым, әрі сендерге Ислам дінімен разы болдым» («әл-Мәида» сүресі, 3-аят).

Ал егер осы енгізген амалдарың діннен емес болса, онда дінге қатысы жоқ нәрсемен айналысудың не пайдасы бар?! Жоғарыдағы аят өз пікірінің жақтаушылары айналып өте алмайтын аса үлкен дәлел әрі мықты дәйек болып табылады. Ендеше, осы аят өз пікіріне ілесушілердің бетіне лақтыратын ең бірінші нәрсең болсын!” (“әл-Қаул әл-муфид” 38).

Әл-‘Ирбад ибн Сариядан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мен сендерді түні күндіз сияқты ап-айқын жолда қалдырдым. Одан тек опат болғаннан өзге ешкім адаспайды!» (Ахмад 4/126, Ибн Мәжаһ 43). Хадистің сенімділігін әл-Бәззар, имам Әбу Ну’айм, имам әлБәғауи, хафиз Ибн ‘Абдул-Бәрр, имам әд-Дыя әл-Мәқдиси, хафиз Ибн Кәсир мен шейх әл-Әлбани растады.

Осы хадис Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметіне қалдырған жолы ап-айқын әрі ешқандай қоспаларды қажет етпейтінін көрсетеді. Хузайфа (Алла оған разы болсын) былай деген: «Бір күні Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге құтпа жасап, Қиямет күнге дейін не болатынын түк қалдырмастан айтып берді». (Әл-Бухари 6604, Муслим 2891).

Бір күні бір яһуди Сәлман әл-Фәрсиге (Алла оған разы болсын): “Сендердің пайғамбарларың сендерге барлық нәрсені, тіпті үлкен дәретке қалай отыру керек екенін де үйретті ме?!”, – деп айтты, сонда Сәлман: “Әрине!”, – деп жауап берді. (Муслим 262).

Абдуллаһ ибн ‘Амрдан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Алла Тағала қайсыбір пайғамбарды жіберсе де, оның міндеті - үмметіне өзі білетін бүкіл жақсылықты көрсету, әрі оларды өзі білетін бүкіл жамандықтан сақтандыру еді». (Муслим 1844).

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы: «Мен Жәннатқа жақындатып, Тозақтан алыстататын бірде-бір нәрсені сендерге түсіндірусіз қалдырмадым!», - деген. (Әт-Тәбарани “әл-Кәбир” 1647). Әбу Зарр (Алла оған разы болсын) былай деген: “Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге тіпті аспанда қанатымен пырылдап ұшатын құс туралы білімді де қалдырмастан айтып кетті”. (Ахмад 21771, Ибн Хиббан 3/271).

Ендеше, осы анық әрі бір мағыналы түрде айтылған Құран яттары мен хадистерден кейін де адамда «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дін мәселесінде бір нәрселерді толық айқындалмаған және бітпеген күйінде қалдырды» деген ой қалуы мүмкін бе?! Ақиқатында, кім осылай ойлайтын болса, сол Алла мен Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жала жапқан болады. Ал Алла Тағала былай деген: «Енді Аллаға өтірік жала қойғаннан залымырақ кім бар?» («әл-Кәһф» сүресі, 15-аят).

материал «Бидғаттың зардаптары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: