Хадис кітаптарынан мына бір сәтті оқыған кезде жүрегім езіліп кете береді.
Бірде бір сахаба екінші бір сахабадан:
– Қайдан келе жатырсың?, - деп сұрағанда ол:
– Пайғамбарымыздан келе жатырмын, - деп жауап береді. Тағы бірде:
– Қайда барасың?, - деп сұрағанда:
– Пайғамбарымызға, - деп жауап береді.
Неткен керемет сөз! Пайғамбарымыздан Пайғамбарымызға...
Ол кісіге барып:
– Уа, Алланың Елшісі! Жүрегім езіліп кетті. Кеудемнен сипаңызшы, жаным жай тапсын, - дегім келеді. Сонда ол кісі маған:
– Уайымдама, бәрі – өткінші, - деп жауап бергенін қалаймын... Немесе ойша мүбәрак қолын жүрек тұсыма қойып:
– Тыныштал!, - деп айтқанын сезінемін де, жүрегім қайта орнына түседі.
Ұхуд тауы да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір ауыз сөзімен тынышталған жоқ па?
Кейде ол кісіге сағынышым артып жылағым кеп, құрма ағашы ыңырсығандай ыңырсып, көзімді сығып аламын. Құрма ағашын барып құшағына алғандай, маған да келіп құшағына алғанда ғой!
Кейде қарыздан қысылғанда, ол кісіге шағымданып, қарыз берген кісілердің құзырында маған көмектескенін қалаймын...
Кейде дос-жарандар орынсыз көңіліме тиген кезде, Біләлді жақтағандай мені де жақтағанын қиялдаймын...
Кейде Әбу Бәкір сияқты ол кісіге жақын, қымбат адам болғым келеді...
Кейде Сағд ибн Әбу Уаққастың жағдайын сұрағандай менің де сырқаттанғанда көңілімді сұраса ғой деп армандаймын...
Торғайы өліп қалған кішкентай баланы жұбатқандай, уайым басқанда мені де жұбатқанын қалаймын...
Жолға шығарда сахабалар көлігіне мінгескендей, менің де сапарласым, сырласым болғанын тілеймін...
Уа, Алла Елшісі (с.ғ.с)! Сізді қалай сағынғанымды білсеңіз ғой!
материал Аслан Орақбаевтың «Сенің қамқор ағаң» кітабынан алынды,
ummet.kz