Ойыңның жинақталмайтынын, көңіліңнің құлазығанын, жан-дүниеңнің қысылғанын айтып шағымданасың. Сонымен қоймай, «Бұл - Алланың ашуы ма?» деп сұрайсың. Алланың атымен ант етейін, ол нәрселер – Алланың саған деген махаббатының белгілері. Алла пендесін сынап жақсы көреді.
Пенде жер бетін басып жүреді екен, демек сынақ үзілмейді. Соның себебімен Аллаға шынайы бет бұрып, көңіліңді түзеуге себеп болар сынақтар көзіңді көр қылып, мастыққа батыратын дүние нығметтерінен әлдеқайда қайырлы болуы мүмкін. Ұлылар өмірі мен жолына назар салып, үңілер болсаң, сынақ пен қиыншылықтың тек таңдаулы дәрежеге жетелейтінін ғана байқайтын едің. Жақып пайғамбар баласы – Жүсіпті жоғалтып жылағаннан көру қабілеті нашарлап кетеді. Бірақ, Алла ол жағдайдан бейхабар емес еді. Жүсіпті патша қылған да – Алланың Өзі. Асықпа! Қараңғылық сені қаумап алса да, біраздан соң таң ататынын ұмытпа!
Мұса пайғамбар да Мысырдан қауіптеніп шығып еді. Кейін «Расында Мен Алламын» деген дауысты естіп, «сені Мен таңдадым» деген дәрежеге ие болды. Артында жан рахаты тұрған сынақты ауыр қабылдама. Зәкәрияны арамен қақ айырды, Жүніс киттің ішінде қалып кетті, 950 жылғы дағуаттан кейін Нұхқа аз ғана кісі иман келтірді, ұзақ жылдар Әйюб аурудан азап шекті, сонда да сен сынақтың созылуына налисың ба?
Жеңілдік жақын, достым! Түнерген бұлт Алланың қалауымен сейіледі. Бұл сынақтарды келесіде сен тек естелік ретінде еске алып отырасың. Кім Алламен болса, Алла сонымен бірге! Кейде діңкең құрып, өз-өзіңді ұстап жүруге де шамаң келмей қалады. Бірақ, сен өз мақсатыңа жету жолында тоқтамауың керек. Күрес кезінде ешкімге жығылып, еш нәрсеге сынып қалмауың қажет.
Жақыным, өз-өзіңмен күресуді тоқтатпа. Бізге шаршаған сәтімізде тоқтап қалу жараспайды. Алла саған берген белгілі бір шекаралар бар, соларды қалай болса да, қорғауға тырыс. Күндер жылжып, жағдай ауысып тұрады. Досым, сен де алға қарай жылжи бер. Мақсатқа жету жан-дүниені рахатқа бөлейді. Қозғалыстың өзі де – мақсат жолындағы жеңіс. Тоқтап қалма!
Жақыным, біз нәтиже үшін емес, соған жету жолындағы себептер үшін жауаптымыз. Қиямет қайым болғанда бірде-бір адам оған иман келтірмеген пайғамбарлар болады. Ойлашы, бірде-бір адам иман келтірмеген! Сонда ол пайғамбарлардан нәтиже емес, қандай себеп жасағаны сұралады. Яғни, не үшін оларға адамдар иман келтірмегеніне емес, адамдарды иманға шақырды ма, шақырмады ма – сол үшін сұрауға алынады.
Досым, сынақтың бәрінен шығасың. Жүрегіңдегі өзің сезетін жаралар орнына қарап, Раббыңның саған берген рахметін сезінгенде, жүзіңе еріксіз күлкі ұяласын. Ұмытпа! Жақсылардың емтиханы оңай болғанда, Алла пайғамбарын қиындықтармен сынамас еді...
материал Аслан Орақбаевтың «Сенің қамқор ағаң» кітабынан алынды,
ummet.kz