Тіршіліктің қайнар бұлағына жалпы мағынада қараған Құран оны бір ғана өте қысқаша сипаттайды. Бұл аятта ғаламның пайда болуы туралы: «Кезінде көктер мен жер тұтасқан бір бүтін еді, Біз ол екеуін бір-бірінен ажыраттық, күпірлік қылғандар соны көрмей ме? Сондай-ақ тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық. Олар сонда әлі де иман келтірмей ме? («Әнбия» сүресі, 30)
Бұл бөлімде де әрбір тіршілік иесінің судан жаратылғаны туралы аятты талдауымызды жалғастырамыз. Бұл аят әрбір тіршілік иесінің негізгі материалы ретінде судан жасалғанын ғана білдірмейді, сонымен қатар су әрбір тіршілік иесінің бастауы болып табылатындығынан хабар береді. Осы мәселеге қатысты Замахшаридің аяттағы «жағаләнә» етістігіне қатысты мына сөзі назар аударуға тұрарлық: «Жәғаләнә» етістігі екі іс-әрекетті меңзей алады. Бір іс-әрекетті меңзеген болса: «Біз барлық тіршілік иесін жараттық» деген мағына шығады. Осылайша «Алла жер басып жүретін әрбір тіршілік иесін судан жаратты. Олардың кейбіреуі бауырымен жорғалап жүреді, кейбіреуі екі аяғынан тік тұрып жүреді, енді біреулері төрт аяқтап жүреді. Алла қалағанын жаратады. Шүбәсіз, Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді» («Нұр» сүресі», 45) деп келетін аятпен бір мағынаны береді.
Ал екінші мағынасын алар болсақ: «Жаратылыстардың суға деген қажеттілігі, суды жақсы көруі және сусыз өмір сүре алмауы себепті біз оларды судан жаратқандаймыз» деген мағына береді. Бұл жағдайда аят «Адам баласы сабырсыз болып жаралған» («Әнбия» сүресі, 37) деген аяттың мағынасына тұспа-тұс келеді. Бұл мағыналардың барлығы ғылыми деректермен толық сәйкес келеді. Тіршілік судан пайда болғаны сияқты, су да әрбір тірі жасушаның негізгі элементі болып табылады.
Сусыз тіршілік мүмкін емес. «Кез келген планетада тіршілік болуы мүмкін бе?» деген мәселені талқылағанда, ойға оралатын бірінші сұрақ ол жерде тіршілік үшін жеткілікті су бар ма? Аяттағы «әрбір тіршілік иесі» деген сөз өсімдіктер мен ағаштарды да қамтиды. Өйткені олардың өмірі де суға тікелей байланысты. Олардың бойындағы бүршік, жемістер судан жасалған. Аят мәтінідегі «маъ» сөзі «су» деп аударылған. Бұл аспандағы суға да, теңіз суына да, кез келген сұйықтыққа да қаратылып айтыла береді. Бірінші мағынада су әрбір өсімдіктің тіршілігіне қажетті элемент болып табылады.
Құранда бұл ақиқатты былайша баяндайды: «...(Алла) көктен жауын жаудырды. Біз сол сумен жерден түрлі өсімдіктерді жұп-жұбымен шығардық». («Таһа» сүресі, 53) Екінші мағынасы, яғни «маъ» сөзін ешқандай түсіндірмесіз берілген «сұйық» мағынасына келсек: «Маъ» сөзі әрбір тіршілік иесінің пайда болу негізінің не екенін көрсету үшін «нәкра» (белгісіз форма) болып қолданылады. Мына аяттың мағынасына да тоқтала кетсек: «Алла жер басып жүретін әрбір тіршілік иесін судан жаратты» («Нұр» сүресі, 45). Бұл сөз («мәъ») сұйық сперматозоидты да меңзейді. Негізінде, Тәбари бұл аятта «нәкра» болып табылатын «мин маъин» сөзін «мин нутфәтин» деп түсіндірді.
Замахшари: «Бұл аятта «маъ» сөзінің нәкра ретінде қолданылуы «Алла Тағала әрбір тіршілік иесін бір судан немесе сол тіршілік иесіне тән ерекше судан жаратады» дегенді білдіреді дейді. «Әнбия» сүресінің 30-аятындағы «маъ» сөзінің «әл-маъ» түрінде келуі мынадай мағынаны білдіреді: «Барлық тіршілік иелері судан жаратылған». «Нұр» сүресіндің 45-аятында бұл су түрінің әр тіршілік иесінің қасиеті мен құрылымына қарай әртүрлі мағынада көп түрге бөлінетіні көрсетілген.
Осы түсіндірмелерден мынадай қорытындыға келуге болады: «Әнбия» сүресінің аятында тіршілік пен тіршіліктің бастауы су екені және барлық тіршілік иелерінің әуелі судан пайда болғаны түсіндірілсе, «Нұр» сүресінің аятында барлық тіршілік пен жаратылыстың судан пайда болғаны айтылады. Одан бөлек барлық жандылар, мейлі ақылды, мейлі ақылсыз (барлық жануарлар, оның ішінде адамдар, өйткені «дабба» сөзі қолданылған, ал өсімдіктер мен ағаштар бұған кірмейді) судан (нутфа) жаратылғаны айтылады. Бұл түсініктемелер бүгінгі ғылыми түсініктемелермен үндес, олардың арасында ешқандай қайшылық жоқ.
материал «Құрандағы технологияға қатысты ишаралар» кітабынан алынды,
ummet.kz