Алла Тағала Қиямет күні болатындығын Кітаптары және Елшілері арқылы баян етті. Мақсат – адамдардың о дүние туралы ойланып, қылған амалдары арқылы Аллаһ Тағаланың ризалығы мен сауабын үміт ету.
Бұл мәселе дүниедегі барлық ізгі амалдардың негізі болуы себебінен Құран Кәрім оған ерекше мән берген. Бүкіл адамзат Ақырет күніне сенсе, тіршілігімізде жақсылық көбейіп, жамандық аз болар еді. Бірақ барлық уақытта адамзат бойында Жаратушысына, дінге деген махаббаттан көрі, осы дүниеге қызығушылық басым болып келеді. Адамдардың көбісі қайта тірілуге күмәнданып, Қиямет күні болатындығына сенбеуінің негізгі себептері:
1. Ол Қиямет күніне сенгеннен бір қажеті өтелмейді немесе одан бір пайда көрмейді (дүниесі көбейгеннің үстіне көбеюі тұрғысынан).
2. Қайта тірілу – түсіну қиын болған іс. Адамдар мәйіттердің денелері шіріп, топыраққа араласып кеткенін көрген. Енді қалайша жерге сіңіп кеткен дене мүшелері қайта пайда болады?!
3. Осы уақытқа дейін бірде-бір денесі шіріп жоқ болып кеткен мәйіт қайта тіріліп, әуелгідей өмір сүріп кетпеді.
Бірақ Алла Тағала айтады: «Көк және жердегі нәрселер Алла Тағала билігінде. Жамандық істегендер, істегендерімен жазаланады да жақсылық істегендер жақсылыққа бөленеді», ("Наджм" сүресі, 31 аят).
«Алла Тағала адамдарды жоқтан бар етіп, олар өлгеннен кейін қайта тірілтеді. Бұл нәрсе Оған оңай», ("Рум" сүресі, 27 аят).
Адам баласы айналасындағы жақсылық пен жамандық, парасаттылық пен надандық, шыншылдық пен екіжүзділік арасында болып жатқан күрестің куәсі. Рас, көп жағдайда жамандық басым болып шығады. Әрі жақсылық жамандықтан басым болмағанын немесе жамандыққа өзіне лайықты жазасы берілмегендігін көріп адам баласы қиналады. Алайда, ең әділ үкім етуші Алла Тағала бұл дүниеде болмаса да, о дүниеде барша ізгіліктің сауабы мен жамандықтың жазасы берілетіндігіне кепіл.
Құран Кәрімде көп айтылған Қиямет күні қорқыныш халіне түскен адам қайта қашып, қайта тығылсам екен деп өзіне пана іздейді. Бірақ ол күні Алла Тағаладан басқа пана да, қамқоршы да болмайды. Міне сол күні әрбір адам өзінің қылған амалдары үшін жауап береді. Ол күні ешқандай өкініш қабыл етілмейді. Сол уақытта әрбір кемсітілген, нашар болып әділетсіздікке ұшыраған пенде өз ақысын зорлық пен үстемдік қылушылардан толығымен алады.
материал «Ақырет күніне иман» кітабынан алынды,
ummet.kz