Осы Рамазан айында өзіңізді зерттеп көріңіз. Қазір шайтан байлаулы. Өзіңізбен өзіңіз қалдыңыз. Яғни, иттігіңіз, ластығыңыз қазір көрінеді.
Оны түлен түртті деп, әзәзілден көре алмайсыз. Тап-таза өзіңіздің таңып алғаныңыз. Сол бір күнәларыңызды қаншалықты жиі жасайсыз, мәселе осыдан туындайды. Себебі Имам Ғазалидің баяндауы бойынша көбіне үлкен күнәлардың жолы кіші күнәлардан басталады.
Мысалы, көру, сөйлесу және сипалау секілді әрекеттер жасалмай, зина болмайды. Өсек, төбелес, ұрыс және дұшпандық болмай, адам өлтіру де орын алмайтыны секілді. Демек, әрбір үлкен күнәнің бастамасында және соңында кіші күнәлар болады.
Кіші күнәнің үлкен күнәларға айналуының себептерінің бірі – күнәні кіші санап, менсінбеу. Өйткені адам баласы жасаған бір кемшілігін үлкен деп көрсе, Алла Тағала оны кішірейтеді. Ал ұсақ деп көрсе, Алла Тағала оны үлкейтеді. Себебі адамның ол күнәні үлкен деп көруі – оны жек көріп, ұнатпауы себепті.
Бұл тұрғыда ол күнә ендігәрі оған әсер ете алмайды. Бірақ оны кіші санаса, оған әдеттеніп, осылайша жүрегіне көбірек әсер береді. Мұсылманға керегі – құлшылықпен жүректің нұрлануы. Ал аулақ болуы керек нәрсесі – күнәмен жүректі қарайту. Сол себепті ғапылдықпен жасалған күнә үшін жауапкершілік арқаламайды. Себебі бұндай күнәдан жүрегі әсерленбейді.
Осыған қатысты хабарда «Мүмін күнәсін басының үстіндегі бір тау секілді көреді және үстіне жығылайын деп тұр ма деп қорқады. Ал мұнафық күнәсін бірден ұшырып жібере алатындай мұрнына қонған бір шыбын секілді көреді» деп келеді.
материал «Ихия-улумиддин» кітабынан алынды,
ummet.kz