Көңіл әлемі де дәл сыртқы әлемдер сияқты ұшықиыры жоқ тәфәккур алаңы. Мәуләнә Хазіреттің мына қиссасы мұрақабәның, яғни жан дүние туралы тәфәккурдің маңызын қандай жақсы баяндайды:
«Сопының біреуі шаттанып, тәфәккур етейін деп гүлденген бір баққа кіреді. Бақтың сан алуан, түрлі түсті көрінісіне қарап шат-шадыман болады. Көзін жұмып, мұрақабә мен тәфәккурге кіріседі. Сол жердегі бейқам бір кісі сопыны ұйықтап жатыр деп ойлап, оның бұл халіне аң-таң болады да, мазасы кетіп, сопыға: – Неге ұйықтап жатырсың? Көзіңді ашып, мейіз сабақтарын, бүршік жарған ағаштарды, көгалданған шымды тамашаласаңшы! Алланың рахмет туындыларына көз салсаңшы! – дейді.
Сопы оған былай деп үн қатады: – Ей, Ғапыл! Мынаны білгейсің! Иләһи рахметтің ең үлкен туындысы – көңіл. Одан тыс қалғандар бұл үлкен туындының көлеңкесі іспеттес. Ағаштар арасынан жыра ағады. Оның мөлдір суынан екі жағаның ағаштарының шағылысқанын байқайсың... Суға шағылысып, көзге көрінгендер қияли бау-бақша. Нағыз бау-бақша – көңілде. Өйткені көңіл – Алланың назар салатын жері. Олардың шағылысқандағы нәзік те көркем көріністері су мен балшықтан тұратын мына дүние әлемінен. Егер бұл әлемдегілер көңіл әлеміндегі шабыт ағашының шағылысуы болмағанда, Алла Тағала бұл қиял әлеміне алданыш мекені демес еді. ("Әли Имран" сүресінің 185) – аят кәримәсінде: «... (Бұл) дүние тіршілігі құр алданыштан басқа нәрсе емес» – деп айтылады. Бұл дүниені жәннәт деп ойлап, “Жәннат осы!” деген ғапылдар мына жыраның өткінші көрінісіне алданғандар.
Негізгі бау-бақшадан алшақ болғандар сол қиялға бейімделіп алданады. Күні келер бұл ғапылдық ұйқысы соңына жетер. Көз ашылып, ақиқат көрінер. Бірақ ақтық демде сол көріністің қандай пайдасы болмақ? Қандай бақытты мына адам – өлмей тұрып өлген, оның рухы мына бақтың ақиқатынан өзіндік иісін алған...» Мұрақабә – Аллаға фәни болу, ғылым, парасат, сыр мен хикметке жету үшін аса маңызды жол. Тіпті тасаууфтағы рухани даму жолдарының ең бағалы, ең фәйізділерінің бірі болып табылады.
Мұрақабә жасағысы келген мүмин алдымен жүрегін бұған дайындауы керек. Намаздағыдай отырып, басын алдына қарай иеді. Осы қалпында бүкіл назарын Аллаға бағыттап, «Алла мені үнемі көріп тұр, Ол әр сәт менімен бірге, маған менен де жақын» деген оймен болуы керек. Мұның нәтижесінде әр нәрсені қоршап, қамтыған иләһи нұр ақыры оның жүрегіне де аға бастайды.
Мұхаммед Хадими Хазірет мұрақабәның рабыта арқылы жасала алатындығын да айтқан. Мұның нәтижесінде кейбір иләһи хикметтер көрініс табады (Хадими, Рисәлә фи Ұсулит-Тариқа, 139а). Ғашықтың назарындағы мұрақабә – адамды Аллаға жақындататын ең төте жол. Расында, жүрекпен Аллаға жету басқа ағзалармен жөнелуден әлдеқайда әсерлі әрі аса маңызды. Өйткені жүрек арқылы әркім Раббысына оңайлықпен жете алады. Алайда, қарттық пен науқас сияқты кездерде ағзалармен амал ету қиынға соғады.
Хикмет иелері: «Бір рет дем алып-шығарғанша Алла Тағаланың құзырындамын деп мұрақабәда болу – Сүлеймен Пайғамбардың мүлкіне ие болудан артық» деген. Пайғамбардың (с.ғ.с) хабарлағанындай, еш көлеңкесі жоқ қиямет күнінде Алла Тағала кейбір құлдарына Арштың көлеңкесінде сый тартады. Бұл бақтияр құлдардың біреуінің оңаша жерде Алла Тағаланы еске алып, көңілі босап, көзіне жас алған мүмин екені айтылған (Қараңыз, Бұхари, Азан, 36; Мүслим, Зекет, 91).
материал «Тәфәккур» кітабынан алынды,
ummet.kz