Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген мына хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Алла Тағала тәкаппарланып киімін жерге сүйреткен кісіге қиямет күні қарамайды (рақымдылық көрсетпейді)», – деген. Мұны естіген Әбу Бәкір: «Менің изарымның бір жағы егер қадағалап көңіл бөлмесем, төмен түсіп тұрады», – деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ей, Әбу Бәкір! Сен онытәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой», – деп жауап берді.
Бұл хадистен түсінетініміз Пайғамбарымыз (с.а.у.) киімнің ұзындығына емес, оның тәкаппарлану ниетімен киілгені үшін тыйым салған. Сол уақыттағы киім үрдісінде ер адамдар шалбар емес, барлықтары изар (белден төмен киетін шалбар тәрізді мата) киген және оның ұзындығының қалыптасқан нормасы тобықтан аспаған. Ал кейбіреулері тәкаппарланып, елден ерекшелену мақсатында изарының етектерін сүйретіп жүретін болған. Сондықтан «изардың тобықтан түскені тозақта» деген мәтінде тәкаппарлану сөзі бірге келмесе де, сол уақыттағы көпшілікке бұл мәселе түсінікті болған. Яғни, сол заманда ұзын кигендер көбінесе тәкаппарлану үшін солай істейтін. Ал қазір біздің қоғамда балағын тобығынан сәл асырып киген адамдарды тәкаппарлану ниетімен деп айту қиын. Керісінше, балағын шолтитып алу –елден ерекшеленген болып көрінеді.
Әбу Һурайрадан риуаят етілген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басқа бір хадисінде: «Тәкаппарланып изарын (дененің белден төменгі жағына киілетін шалбар секілді киім) сүйреткен кісіге Алла Тағала қиямет күні (рақымдылықпен) қарамайды» деп жалпы ұзын киюді емес, тек тәкаппарлану мақсатында ұзын етіп киюдің күнә екенін нақты түсіндірген.
Иә, тәкаппарлық – дінімізде кісіні тозаққа лайық ететін қатерлі рухани ауру. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кімнің жүрегінде тозаңдай өркөкіректік болса, ол кісі жұмаққа кірмейді», – деді. Сонда бір адам:Әркім өзінің киімі мен аяқ киімінің әдемі болғанын қалайды (бұл да тәкаппарлыққа жата ма?)», – деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Алла Тағала көркем, көркемдікті жақсы көреді. Тәкаппарлық ол – ақиқатты мойындамау әрі өзге адамдарды менсінбеу», – деп жауап берген.
Киім киюдегі негізгі өлшемді Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа бір хадисінде былай деп түсіндірген: «Ысырапқа және паңданып, тәкаппарлануға жол берместен ішіп-жеңдер, киініңдер әрі садақа беріңдер!». Бұл хадис әл-Бұхариде келген. Ибн Мәсғуд бұл хадиске: «Қалағаныңды ішіп-же, қалағаныңды ки. Тек екі нәрсе жаңылтпасын: ол мыналар – ысырап және паңданып тәкаппаралану» деп түсіндірме берген. Демек, киім киюдегі негізгі тыйылған нәрсе – тәкаппарлық пен ысырап. Осы екі нәрсе қадағаланғаннан кейін қалаған киімді киюуге дініміз рұқсат етеді.
материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz