Рия – ең қорқынышты күнәлардың бірі. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) осы күнәдан неге қорықты?
Себебі, кіші ширк кешірілмейді. Жұрттың көпшілігі осы мәселеде немқұрайлы, әрі көп мән бермейді. Ал шайтан болса мүміндерді дәл осы кешірілмес күнәға батуға бар күш-жігерін салады. Рия мәселесінде аса маңызды бір жайт бар.
Рия дегеніміз – істеп тұрған құлшылығыңды көріп тұрған әлгі кісіге арнау деген емес. Өйткені, егер біреу құлшылықты Алладан өзге біреуге арнайтын болса, ол – үлкен ширкке жатады. Рия дегеніміз – негізінде Аллаға арналған құлшылықпен қатар адамдар да осыны көріп мақтасын деген ниет. Осы нәзік ниетте адамдардың көпшілігі қалай алданып жатқандығын сезбей де қалады.
Кісі сауапты тек Алла Тағаладан ғана күтудің орнына, адамдардан да бір пайда қалсын, олар да мені көріп мақтасын, мені жақсы көріп қалсын деген ой болғандықтан бұл кіші ширк деп аталады. Әуелгі ғалымдарымыз өз-өзіне «сен тәкаппарсың» деп айтып, өз нәпсісін тыйып жүруге тырысқан.
Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін жазушылардың бірі Ханзала ибн әр-Рабиғ (Алла одан разы болсын) айтады: «Маған Әбу Бакір (Алла одан разы болсын) жолығып: - «Я, Ханзала жағдайың қалай?» - деді, мен: - «Ханзала мұнафық болды» - дедім. Ол: - «Субханалла, не айтып тұрсың?!» - деді, мен: - «Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанында отырсақ, Жәннат және Тозақ жайлы бізге айтқанда өз көзіммен көргендей боламын. Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанынан шықсақ, әйелдеріміз, балаларымыз және өмірлік істермен айналысып, көп нәрсені ұмытып кетеміз» - дейді» (Сахих Муслим «Китабу әт-Тәубә» (2750).
Малик ибн Динар (Алла одан разы болсын) деген ұлы табиғиннің басынан бір жағдай өтеді. Бишр ибн әл-Харис (Алла одан разы болсын) айтты: «Бір адам Мәлик ибн Динарға (Алла одан разы болсын): - «Ей, мура-и» (яғни , риякер деген сөз) - дейді. Сонда ибн Динар (Алла одан разы болсын): - «Есімімді қашан білдің? Сенен басқа ешкім есімімді білмеген» - дейді (Сифат әс-Сафуа (3/204).
Басқа риуаятта: «Сенен басқа Басра халқының бірі де білмеген» - деп жауап бергендігі келген». Бұл жерде ғалым, расында риякер болғандықтан емес, өз-өзін солай айтып, нәпсісін жеңіп отырған. Осы екі оқиғадан ғибрат алар болсақ, адам өз бойындағы тәкаппарлықты жеңбесе, риякерлікке жол ашылады немесе рия ететін амалдар тәкаппарлыққа алып барады. Ал, тәкаппарлық тек бір Жаратушыға ғана тән сипат. Сахабалар өздеріне қатысты екіжүзділіктен қорқып, амалдарының ара-жігі болуы үшін өзі жайлы бауырына әшкерелеп, өзін айыптайтын. Сол себепті, бір күні бір адам Хузайфа ибн әл-Иәманға (Алла Одан разы болсын) келіп: - «Мен екіжүзді болудан қорқамын» - дейді. Сонда Хазіреті Хузайфа (Алла Одан разы болсын): - «Егер екіжүзді болғаныңда одан болудан қорықпас едің, өйткені екіжүзді адам екіжүзділігінен қорықпаған адам» - дейді.
Атақты ғалымдардың бірі әл-Харис әл-Мухасиби (Алла одан разы болсын) рияға мынадай анықтама береді: «Рия – құлдың Раббысына құлшылық жасаумен бірге басқа құлдардан құрметті қалауы». Басқаша айтқанда рия құлдың құлшылық жасаған кезде Алладан басқаға көңіл қоюы. Сондықтан риякер Алла Тағалаға құлшылық жасап жатқан болып көрінсе де, негізінде Алланың жаратқан құлдарының мақтауы мен марапатына ие болуды көздеуі. Ғибадаттарын әдейі көрсетіп, адамдарға жақсы көріну.
материал «Жүректерді оятушы» кітабынан алынды,
ummet.kz