Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі.
Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі.
Ал, ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70- ке жуық қолданылады.
Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы елшісіне, біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с): «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді,» -деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен. («Алақ» сүресі,1-5 аяттар)
Алла Тағала Құран Кәрімде білімнің артықшылығын бізге былай баяндайды: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!», деген. («Зумар» сүресі, 9-аят) Оған қоса Алла Тағала ілім берілген мүміндердін дәрежелерін басқалардан жоғары етеді. Құранда: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», деген. («Мужәдәлә» сүресі,11-аят)
Пайғамбарымыздың хадистерінде де ілім жайында аз айтылмаған. Тіпті, Пайғамбарымыз сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткендігін тарихтан білеміз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) білім турасында машһур хадисте былай айтқан: «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз», деген.
Ал білім алған адамның дәрежесі жоғары болатын жайында пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді» дейді (Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175).
Алла Тағала бір құлына білім нәсіп етсе, сол берілген ілім үшін сұралады. Ол жайында пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды» деген. (Тирмизи хадистер жинағы) Алланың «Ғалиим» (Бәрін білуші) деген есімі бар, демек ғылым-ілімді Алладан сұрау керек. Алла Құран Кәрімде пайғамбарымызға Мұхаммедке (с.ғ.с): «Күллі жаратылыс атаулының Хақ Патшасы (шын иесі) Алла қандай ұлы десеңші! (Уа,Мұхаммад!) Саған Құранның уаһи етілуі толық аяқталмай тұрып, оны оқуға асықпа. «О Раббым, білімімді арттыра гөр!»[7] -деп Алла дұға қылуды ескерткен. («Тоһа» сүресі,114аят) Іліммен қоса тақуалықта өсу керек, ол екеуі айырылмас нәрселер.
Алла Құран Кәрімде: «Расында, Алладан құлдарының ішінен ғалымдар ғана шынайы түрде қорқады, шүбәсіз Алла Әзиз әрі Ғафур»[8] («Фатыр» сүресі, 28аят). Ибн Масғұд (р.а.) «Ғылымның жоғалуы – ғалымдардың өлімімен болады. Жаным құзырында болған Алланың атымен ант етемін, Алла разылығы үшін өлген шейіттер ғалымдарға берілген жоғарғы дәрежелерді көргенде, ғалым болу үшін дүниеге қайта келуді тілейді» дейді.
Ибн Аббас (р.а.): «Мен үшін түннің аз да болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу, түні бойы ғибадат етуден жоғары» дейді. Зүбәйр ибн Әбу Бәкір: «Әкем Иракта жүргендегі хатында маған былай деп жазды: «Оқы, өйткені ғылым – жоқшылығыңда байлық, байлығыңда сән болар».
Хазрет Лұқман (ғ.с.) ұлына берген насихатында былай деген: «Ұлым! Ғалымдардың мәжілісіне қатыс. Көктен жаңбырымен жерді көгертетін Алла хикмет нұрымен мұсылмандардың жүрегін толтырады». «Ғалымның өліміне теңізде балықтар, көкте құстарға дейін әр жаратылыс жоқтап жылайды» делінген де сөз бар.
Ілім алудың маңыздылығы жайында Ислам әлемінде төртінші Халиф болған Али ибн Әбу Талиб (р.а): «Ілімсіз ғибадатта, түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ» деген. Ілім дүние мүліктен қымбат. Ілім сені қорғайды, малдың қорғаушысы сенсің. Онымен амал еткеніңде ілім арта түседі, ал дүние – мүлік жұмсаған сайын азаяды. Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің аты да жиһад. Ислам бізге ілім алуды, яғни дұрыс білім алуды бұйрады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, Ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.
Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады. Шариғат білімі адамды өмір бойы мазалайтын маңызды сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде көп адам Алланың бар екенін және бір екенін білсе де, өмірдің мәні неде екенін, өзінің не үшін жаратылғанын, Құдайға деген құлшылықтың не үшін жасалынатынын біле бермейді. Ал, «Зәрият» сүресінің 56-аятында «Мен жындар мен адамзатты тек өзіме ғибадат жасау үшін жараттым» делінген. Яғни, шариғи білім сіздің өміріңіздің шамшырағы.
Зайырлы білімді меңгерген адам да алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Қалай дейсіз бе?! Алла Тағала Құранда адамдарды ойлануға, айналадағы жаратылыстарға қарап, оның кереметтігіне көз жеткізуді бұйырады. Осы арқылы дүние заңдылықтарының даналықпен орналастырылғандығын түсініп, бұның бір құдіретті жаратушысы бар екенін еріксіз сезінеді.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ақиқатында аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің алмасуында, адамдар үшін пайдалы нәрселер мен теңізде жүретін кемеде және Алланың аспаннан су түсіріп, онымен жер тіршіліксіз қалғаннан кейін оны тірілтуінде әрі онда түрлі жануарларды таратуында және желдердің алмасуында, аспан мен жер арасындағы бағынышты бұлттарды басқаруында ақыл иелері үшін (Жаратушының бірден бір екенін дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар», деп адамзатты ойлануға, пікір қылуға шақырады. («Бақара» сүресі, 164-аят)
Сол себепті, әрбір адам, дінін сүйетін мұсылман өз саласында биіктерді бағындырып, мамандығын терең игеруі қажет. Демек адамға үйретілген ілімі тек шариғи білім емес екен. Адам баласы жаратылыстану ғылымдарын назардан тыс қалдырған жағдайда, жер бетіне жіберілген халифалық миссиясын толыққанды атқара алмайды. Сондықтан екі ғылымды да қатар алып жүру – мұсылман үмбетінің негізгі міндеті.
материал «Жүректерді оятушы» кітабынан алынды,
ummet.kz