16
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қияметте таразыны ауыр басатын бір ғана амал

Қияметте таразыны ауыр басатын бір ғана амал

Ислам тарихы

«Қияметте таразыны ауыр басатын бір ғана амал − Алладан қорқу мен көркем мінез» (хадис)

Адам баласы қауым болып өмір сүруге бейім жаратылған. Жеке және қоғамдық қатынастарды реттеуде, жүйелеуде көркем мінездің орны ерекше. Көркем мінез – адамның іс-әрекетін, ішкі және сыртқы сезімдерін қамтитын бесаспап ауқымды жүйе. Ал оны толық қамтитын – бүкіл адам баласына ортақ діни қағидалар. Жаратушы адамды жаратқанда оның неге мұқтаж екендігін жақсы білгендіктен, өмір сүруін жеңілдету мақсатында елшілер жіберіп отырған. Қандай да бір жүйені пенденің өз еркіне салса, ол жүйесіздікке ұрындырады.

Бүгінгі қоғамымыздағы түрлі мінез-құлық нормалары соның айғағы. Батыс пен шығыстың құндылықтары екі бөлек болғандықтан, жалпы адам баласының басын біріктіретін ортақ құндылықтардың болуы заңды. Осындай адам баласына тән ортақ құндылықтардың бәрі бойынан табыла білген бірден-бір тұлға – ғаламға рақым нұрын шаша келген ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) болды.

Пайғамбарымыз: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», − деп өзінің ұлық мұратын паш етеді. Осы­ лайша ол ислам діні негізінде адамзаттың бақытына баланған игі жақсылықтың бірі көркем мінез екендігін дөп басып айтқан. Алла елшісінің саналы ғұмыры негізінен көркем мінезді дәріптеуге арналды. Көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге Пайғамбарымыз (с.а.с.): «(Ей, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер», − деген аятты оқып:

– Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің, – деп қорытқан.

Және бір жерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірденбір амал – Алладан қорқу мен көркем мінез» екенін айтқан.

Бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп:

– Дін деген не? – деп сұрағанда:

– Ол – көркем мінез, – деп жауап қатқаны тағы бар. Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын неше мәрте қайталаса да Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Көркем мінез», − деген жауапты алған.

– Іс-амалдардың қайсысы жақсы? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

– Көркем мінез, – деген.

Тағы басқа бірнеше хадистерінде:

– Алла бұл дінді өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер; 

– Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны;

– Мен үшін сіздердің ең сүйіктілеріңіз, сондайақ қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз – ең көркем мінезділеріңіз;

– Сірке балды қалай бұзса, жаман мінез-құлық та сол секілді ізгі амалдарды бұзады (жарамсыз етеді);

– Қайда болсаңдар да Алла Тағаладан қорқыңдар! Жамандық жасасаңдар, артынша дереу оны жуыпшаятын жақсылық жасаңдар. Елмен қарым-қатынаста көркем мінезді болыңдар!т− деп, бұның маңыздылығына үмбетінің назарын ерекше аудартқан. 

материал «Кемелдік кілті» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: