17
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар

Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар

Ислам тарихы

Исламда ғайбаттың, сөз тасып, жала жауып өсек айтудың датталу себебі, қоғамдық өмірдегі бірлік пен берекетті, адамдар арасындағы жылылықты жоятындығында жатыр.

Тән жарасынан гөрі жан жарасының жазылуы қиын. Пайғамбарымыз: «Ғайбат зинадан да ауыр күнә» деген кезінде қасындағылар «Қалайша, уа, Расулалла?» деп сұрайды.

Пайғамбарымыз: «Кісі зина жасайды, сосын тәуба етеді, Алла оны кешіреді. Ғайбат жасаушы жамандаған адамы кешірмейінше кешірілмейді», – дейді. Сондықтан адамның жүрегін жаралап, рухына дақ салатын ғайбат кісінің жеке құқығына қол сұғуға жататындықтан, оны тек қана ғайбатталған адам ғана кешіре алады.

Құл ақысын Алла Тағала емес, тек құлдың өзі кешіреді. Пайғамбарымыз сондықтан кісінің бүкіл жақсы амалдарын тып-типыл ететін ғайбат сөзден әркез сақ болуды ескертеді. «Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» демекші, біреудің сыртынан айтылған сөздер жүрегімізге жара салып жаман сезімнің, өшпенділіктің тууына жол ашады.

Қайсыбір мұсылманның Алла Тағаланың құзырына өз бауырына деген жағымсыз не ренішті оймен аттануы, әрине, жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан да адамзатқа ұстаз етіп жіберілген Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ешкім сахабаларым жайлы жанға жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені, мен алдарыңа ішімде ешқандай жаман сезімсіз шыққым келеді», – деген. Әрине, Пайғамбарымыздың осындай даналық тұжырымдары - біздер үшін де үлгі.

Тырнақ астынан кір іздеп, басқа біреудің кемшіліктерін тізбектеп отыру да адамды ғайбатқа жетелейді. Сондықтан Алла: «Бір-бірлеріңнің кінәларыңды тіміскілеп іздемеңдер», – десе, Пайғамбарымыз (с.а.с.) : «Ей, тілімен иман келтіріп, жүректерімен сенбегендер! Мұсылмандардың сыртынан сөз айтып, кемшіліктері мен кінәларын тізбелемеңдер. Кімде-кім мұсылмандардың құпия халдерін іздесе, Алла Тағала да оның кінәларын ашады, тіпті, үйінде тығылып отырған күннің өзінде оны жұртқа масқара қылады», – деп ескертеді.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», пенде болған соң адамның күнә жасауы мүмкін. Біздің міндетіміз – діндес бауырларымыздың күнәсін барынша жасырып, жария етпей, қайта оның сол кемшіліктер мен күнәлардан арылуы үшін қол ұшын созып, тілекші болу. 

материал «Кемелдік кілті» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: