18
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құранның аз сөзбен көп мағыналарды білдіруі

Құранның аз сөзбен көп мағыналарды білдіруі

Ислам тарихы

Құранның аз сөзбен көп мағыналарды білдіруі - шексіз ақиқаттарды қамтығандығынан. Өйткені, ғылыми зерттеулерде жарыққа шыққан ақиқаттар Құранда айқын және ауқымды түрде орын алғанда, одан екі қолайсыз жағдай туындайтын еді.

а) Адамдар өмір сүрген дәуірінің ғылыми даму дәрежесі жағынан бұларды қабылдауға қиналып, жоққа шығаратын еді. Сондықтан Алла рахметі мен мейірімі арқылы бұл ақиқаттарды уақыт өте келе өмірдің өз қажеті бойынша біртіндеп түсінілетін етіп, құлдарына сыйлаған.

ә) Егер барлық ақиқаттар Құран Кәрімде айқын әрі жанжақты түрде орын алғанда, оның ауқымы өте кеңейіп, жатталып, сақталуын былай қойғанда, бастан-аяқ оқып бітіру де мүмкін болмас еді. Өйткені, Алла Тағала аяттарда: «Ей, Расулым! Саған бұл кітапты барлық нәрсенің айқын баяны, бір һидаят, рахмет және мұсылмандар үшін сүйінші болсын деп аз-аздап түсірдік» ("Нахл" сүресі 89-аят).

«Жас және құрғақ не бар болса, барлығы айқын бір кітапта» - ("Анғам" сүресі 59-аят) деп бұйырып, Құран Кәрімде әлемдегі барлық ақиқаттарға негіз тұрғысынан ишарат еткендігі баяндалған. «Олар Құран туралы нақтылап (зер салып) ойланбай ма? Әлде жүректерінде құлып бар ма?» - ("Ниса" сүресі 82-аят) деген аятымен де құлдарын Құранның шынайы тәфәккур аясына шақырған.

Құран Кәрім Құдайдың өз сөзімен айтсақ, ол – «фұрқан». Яғни, һидаят пен адасушылық, жақсылық пен жамандық, нұр мен қараңғылық арасындағы айырмашылықты айқындайтын және осылардың арасын айырып көрсететін мүбәрәк кітап. Өзіне жақындағандарға нәсібіне, ниетіне және қабілетіне қарай нәтиже бермек. Оған таза, бұзылмаған жүрекпен жақындаса, жаңа-жаңа дәлелдерді көрумен иманның артатындығы аят кәримада айтылған. Мәселен Құран Кәрімде: «Нағыз мүминдер – Алланың аты аталған кезде жүректері дірілдеп, өздеріне Алланың аяттары оқылған кезде имандары артатын және тек қана Раббыларына сүйеніп, сенім артатын адамдар» ("Әнфал" сүресі 2-аят) - дейді.

Ал, Құран Кәрімге жағымсыз көзқараспен қарағандардың адасушылығы артады. Өйткені қандай да бір нәрсеге сүйіспеншілікпен қараса, ондағы барлық сұлулықтар одан да айқындала түсетініндей, керісінше, жақтырмай қарағанда, Құрандағы ешбір қасиет онда байқалмайды. Дәл Әбу Жәһилдің Исламға қарағаны сияқты. Мұндай адамдардың Құран Кәрімді оқыған сайын оның ұлылығына жете алмағандығынан шарасыздық тербелісімен күпірлік пен бұзақылық жолындағы сезімдері одан да бетер күшейеді. Яғни, сүймеген бір бәсекелес тарапынан жеңіліске ұшырағандардың қырсықтығы мен ашуға булығуына ұқсас ыза халінде болады. Нәтижесінде басына келетін жазасы артпақ. Бұл жайында аят кәримада былай баяндалады:

«Біз оның аяттары мүминдер үшін шипа және рахмет болатын, залымдардың қайғысын арттыратын бір Құран түсіріп жатырмыз» ("Исра" сүресі 82-аят). «Айт: Ол (Құран) – иман етушілер үшін һидаят және шипа. Иман етпегендерге келер болсақ, олардың құлақтарында (ақиқатты естуге кедергі болатын) саңыраулық бар және сол себепті (Құран) оларға жабық, түсініксіз келеді. Олар, өздеріне өте алыстан айтылған (адамдар) сияқты» ("Фұссиләт" сүресі 44-аят).

Байқап отырғанымыздай, Құран – мойынсұнушы мүминдерге һидаят жетекшісі болса, ал, ақиқатқа қарсы келуші кәпірлерге тек қана күпірлігі мен қайғысын арттырушы болатындығы жоғарыдағы иләһи баянмен белгілі болған. Және де ондай адамдар хақында мына аят кәримада: «(Ей, Хабибім! Саған қарсы шыққандар) жер бетінде еш қыдырмай ме? (Егер ғибратпен зер салып, қыдырғанда) олардың түсіне алатын жүректері, еститін құлақтары болар еді! Бірақ шындығында, көз соқыр болмайды. Бірақ, кеудедегі жүректер соқыр болады» ("Хаж" сүресі 46-аят) - делінген.

Жоғарыда баяндағанымыздай, әлем – иләһи сипаттардың көрініс жиынтығынан пайда болған жаратылыс жүйесі, Құран Кәрім болса – осы жаратылыс жүйесіндегі барлық жасырынәшкере ақиқаттардың сөзге шағылысуы. Ал, адам болса, ол – бұл екеуінің де негізі, жиынтығы және бір сөзбен айтқанда бейне бір дәні. Сондықтан, онда барлық қарама-қайшы көріністердің азды-көпті үлесі бар.

материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: