09
Сәрсенбі,
Шілде

һижри

Исламның бидғатшыларға қатысты ұстанымы

Исламның бидғатшыларға қатысты ұстанымы

Ислам тарихы

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген:

«Сүннет пен бірауызды келісім (әл-ижма’) бойынша, бидғатшылар – күнәһарлардың ішіндегі ең жамандары». (Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 20/103).

Имам Ахмад былай деп айтқан: «Үлкен күнәлар жасап жүрген Сүннетті ұстанушылардың қабірлері – бау-бақшалар, ал дүниені тәрк еткен бидғатшылардың қабірлері – шыңырау-құз! ӘһлюСуннадан болған пасық адам – Аллаға жақын адам, ал зуһд бидғатшы – Алланың жауы!» (Қараңыз: “Табақат әл-хәнабила” 1/184).

Бидғаттар мен өз әуес-қалауларын жақтаушылардың жағдайы басқа күнәларды жасаушылардың жағдайынан нашар, өйткені күнәһарлар өздерінің істеп жатқан нәрселерінің күнә екенін түсінеді әрі уақыт өтісімен тәубе етуі мүмкін, ал бидғатшылар өз істерін күнәлі деп есептемейді, керісінше, бұны Аллаһ жақсы көретін құлшылық деп санайды. Әрине, ондай адам тәубе ету туралы тіпті ойламайды да, әрі уақыт өткен сайын адасушылыққа тереңдей түседі.

Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: «Аллаға Ол тыйым салған нәрселер арқылы құлшылық етіп жүрген адамдардың көбісі сонысы Аллаға мойынсұну және жақындау екендігіне сенімді! Әрі осындай адамның жағдайы өзі істеп жүрген ісін күнә екенін білетін адамның жағдайынан нашар!» (Қараңыз: “Иғасату-лләхфан” 2/181).

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп айтқан: «Бидғатшылардың жетекшілері жай күнә жасайтын адамдарға қарағанда үмметке көбірек зиян әкеледі! Дәл сол себеппен Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хауариждерді өлтіруді бұйырып, әділетсіз мұсылман басшыларына қарсы соғысуға тыйым салды!» (Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 7/284).

Бидғатшылар өз күнәларының ауыртпалығын да, олардың бидғаттарына ергендердің де күнәсін арқалайды Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Тура жолға шақырған кісі ізінен ергендердің сауабына тең сауап алады, әрі бұл олардың сауаптарын еш азайтпайды. Ал адасушылыққа шақырған кісі ізінен ергендердің күнәсін арқалайды, әрі бұл олардың күнәларын еш жеңілдетпейді!» (Муслим 2674).

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы былай деген: «Адамдар менің Сүннетімді өлтіргеннен кейін оны тірілткен кісі сол Сүннетті істеген бүкіл адамдардың сауабына тең сауап алады, әрі бұл олардың сауаптарын түк азайтпайды! Ал бидғат енгізген адам сол бидғаттың күнәсін әрі сол бидғатты істейтін адамдардың күнәларының ауыртпалығын арқалайды!» (Ибн Мәжаһ 209, әт-Тирмизи 2677). Бұл хадис бірін-бірі күшейтетін бірнеше риуаятпен жеткен. Хадистің сенімділігін имам Әбу ‘Иса әт Тирмизи, имам әл-Бәғауи, шейх Ибн Хәжар әл-Хайтами және шейх әл-Әлбани растады. (Қараңыз: “Сунан әт-Тирмизи” 3/128, “Шәрх әс-Сунна” 1/198, “әз-Зәуажир” 1/98, “Сахих «Сунан» Ибн Мәжаһ”)

Бидғатшылар бидғаттарын тастамайынша Алла олардың тәубелерін қабыл етпейді

Сенімдегі бидғаттар Алла Тағала мұндай құлының тәубесін қабыл етпеуіне себеп болады! Әнастан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Шынында, Алла бидғатшының тәубесін ол бидғаттарын тастамайынша қабыл етпейді». (Әт-Тәбарани 4360, Әбу әш-Шейх 259, Ибн Әбу ‘Асым 37). Хадистің сенімділігін хафиз әл-Мунзири мен шейх әл-Әлбани растады. Кез келген бидғатшының тәубесі қабыл болуы үшін оның діни бидғатты тастауы шарт болып табылады, себебі ол – ең бірінші кезекте тәубе етуді талап ететін күпірліктен кейінгі ең үлкен күнә.

Суфьян әс-Саури былай деген: “Ібіліс үшін бидғаттар күнәлардан сүйіктірек, себебі күнә үшін тәубе жасауға болады, ал бидғат үшін – жоқ4 !” Әл-Ләлакаи “Шарх усул әл-и’тиқад” 238. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп айтқан: “«Бидғат үшін тәубе жоқ» деген сөздің мағынасы – бидғатшы өзіне көркем етіп көрсетілген өзінің бидғатын жақсы амал деп ойлайтынында. Ол өз амалын игілік деп санауы себепті әрі тәубені тек жаман нәрсе үшін келтіру керек деп ойлағандықтан тәубе етпейді”. (Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 9/10). Сол себепті шейх Ибн әл-Қайим былай дейді: “Аллаға Ол тыйым салған нәрселер арқылы құлшылық етіп жүрген адамдардың көбісі сонысы Аллаһқа мойынсұну және жақындау екендігіне сенімді! Әрі осындай адамның жағдайы өзі істеп жүрген ісін күнә екенін білетін адамның жағдайынан нашар!” (Қараңыз: “Иғасату-лләхфан” 2/181).

материал «Діндегі бидғат (әл-бид’а) және оның түрлері » кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: