Ибраһимнің (оған сәлем болсын) қауымында да пұтқа табынушылық кеңінен етек алды. Оның әкесі сол пұттарға табынумен ғана шектелмей, оларды өз қолымен жасап, ел арасында таратумен айналысатын кісі еді.
Ибраһим (оған сәлем болсын) өз уағызын әкесінен бастады. Бұл туралы «Шұғара» сүресінде: «(Мұхаммед!) Оларға Ибраһимнің хабарын оқып бер. Ол өз әкесі мен қауымына: «Не нәрсеге құлшылық қыласыңдар?» дегенін (есіңе ал). Ол: «Біз пұттарға табынып, оларға әркез беріліп тұрамыз», – деді. (Ибраһим): «Оларға дұға қылсаңдар, олар сендерді естиді ме? (Сендерге) пайда не зиян тигізеді ме?» – деді.
Олар: «Алайда біз әкелеріміздің осылай жасағанын көрдік», – деді.
(Ибраһим): «Сендер және ілгеріде өткен әкелерің қандай затқа табынғандарыңды көрдіңдер ме? Олардың (барлығы да) маған жау. Мен әлемдердің Раббысы (болған Аллаға ғана құлшылық жасаймын). Ол мені жаратып, тура жолға салған. Мені тамақтандырып, сусындатқан. Ауырып қалсам шипа берген, жанымды алып кейін тірілтетін және Жаза (Қиямет) күні күнәмді кешіреді деп өзім үміттенетін (дәмеленетін Алла)» – деп түсіндіргенін және сөзінің соңында: «Раббым! Маған даналық беріп, ізгілердің қатарына қос! Маған кейінгілердің арасында жақсы естелік бер. Мені Нағым жәннаттарының мұрагерлерінен қыл!» («Шұғара» сүресі, 69-85 аяттар) – деп Аллаға дұға жасағаны баяндалады.
Алла оның алғашқы тілегін қабыл алғаны туралы: «Расында Ибраһимнің әулетіне Кітап пен хикмет бердік және оларға зор патшалық берген едік» («Ниса» сүресі, 54-аят), – деді. Сосын оны ізгілерден еткені жайлы: «Әрі ол Ақыретте де ізгілерден» («Бақара» сүресі, 130-аят), – деген.
Ал соңғы тілегін қабыл еткені жөнінде: «Оған кейінгілердің арасында (аса зор даңқ) қалдырдық. Ибраһимге сәлем! Ізгі іс істеушілерді осылай сыйға бөлейміз. Шынында, ол Біздің иман келтірген құлдарымыздан (еді)» («Саффат» сүресі, 108-111 аяттар), – деп айтқан.
материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,
ummet.kz