Мәлик Яхия ибн Сағидтен, ал ол Сағид ибн әл-Мусәйябтан жеткізген хабарында Сағид: «Расында бір адам баласының дұғасымен биік дәрежелерге көтеріледі», – деп екі қолын аспанға көтеріп көрсеткен (Мәлик).
Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Алла жәннатта бір ізгі пендесінің дәрежесін көтереді. Ол пенде: «Уа, Раббым! Бұл ненің сыйы?» – деп сұрайды. Сонда Раббы: «Балаңның саған жарылқау тілегенінің сыйы», – деп жауап береді», – деді», – деген (Ахмад).
Тағы бір хадисте Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.): «Адам қайтыс болғанда үш нәрседен басқа амалы үзіледі: жүріп жатқан садақасы, басқалар пайдаланатын білімі немесе артынан дұға қылатын ұрпағы», – деді», – деген (Муслим).
Сонымен қатар, үңгір ішінде қалып қойған үш адамның хикаясы да анық дәлел бола алады. Өйткені олардың біреуінің ізгі амалы әке-шешесіне құрмет көрсетуі болатын (Әл-Бұхари, Муслим).
Сол сияқты Пайғамбардың (с.а.с.) сахабалардан кейінгі толқын болатын тәбиғиндердің ең абзалы – Уәйс туралы хадисі де дәлел. Анасына жасаған құрметінің арқасында ол дұғасы қабыл болатын пендеге айналады. Омар (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Сендерге Йеменнен келетін көмекші әскерлермен бірге қаран тайпасының мурад аталығынан Уәйс ибн Амир келеді. Оның алапес ауруы бар болатын, кейін денесінің дирһам мөлшеріндей жерінен өзге жері түгел жазылған. Ол анасының тілін екі етпей құрметтейді. Ол Аллаға ант ішсе, Алла оның дұғасын қабыл етеді. Егер одан өзің үшін Алладан жарылқау тілеуін сұрағың келсе, сұра», – деді», – деген (Муслим).
материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,
ummet.kz