Құлды жаратылысындағы негізгі мақсатқа жеткізетін әр түрлі жолдар мен дәнекерлер – уәсилә деп аталады.
Аллаға жақындау үшін осы дәнекерлерге жүгінуді де – тәуәссул деп атайды. Бұл сөздің арнайы түрдегі мағынасы болса, дұғаның қабыл болуына себеп болуын үміт етіп, алдымен «Әсмай Хүснә» деп аталатын Алланың көркем есімдерін, Құран Кәрімді, ізгі амалдарды, пайғамбарлар мен салих адамдарды дәнекер етіп, Алладан бір нәрсе сұрау, қалаған нәрсеге қол жеткізу немесе қаламайтын нәрсесінің жоюлуы үшін Аллаға дұға етіп жалбарыну деген сөз.
«Мәйдә» сүресінің 35-аятында: «Ей, иман еткендер! Алладан қорқыңдар және Оған жақындау үшін уәсилә (дәнекер) іздеңдер!» - деп бұйырады.
Аят кәримада «уәсилә» сөзі нақты яғни, ешбір шектеусіз түрде айтылған. Сондықтан Аллаға жақындау үшін ізделетін дәнекер дегені – намаз, ораза, жиһад және осыған ұқсас салих амалдар. Кейбір тәпсіршілер осы айтылғандармен қатар, Хазірет Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ахлағын бойға сіңіру мақсатымен кәміл мүршидтің тәрбиесіне кірудің өзі – «уәсилә» болғандығын айтқан. Ғалымдар мен салихтардың құлды Раббысының жолына бұруы христиандықтағы сияқты рухбандық мағынадағы бір іс емес. Ол – аса жоғары мәнге ие тәрбие беру мен жол көрсету. Рухани жолаушыларға бағдар беру ғана. Алайда, Христиандықта рухбандық бар. Оларда рухбан (Христиан дін адамы, поп) Алла мен құл арасындағы қажетті бір дәнекер. Ислам мұны қабылдамайды. Яғни, Алла мен құлдың арасына үшінші бір адам кіре алмайды. Құл Раббысына жеке өзі және тікелей, қай уақытта болмасын бет бұрып, оған құлшылық ете алады.
Исламның және тасаввуфтың ұстаным осылай бола тұра, рухбандықтағы сияқты мүршидтердің руханият жолындағы мүрид пен Алланың арасына кірді деп саналып, олардың жасаған қызметтеріне кейбір келіспеушіліктер айтылады.
Негізінде рухбандық – адамның поп болмай Алла Тағалаға құлшылық ете алмауы деген сөз. Бұл – негізі бұрмаланған христиан дінінде орын алған мәселе. Сондықтан ғалымдар мен шәйхтардың қызметтерін ешқашан рухбандықпен шатастыруға болмайды. Бұл жайындағы келіспеушіліктер – тәуәссүлді тек сөздік мағынасы бойынша ғана ұғынудан туындаған орынсыз әрі жағымсыз түсініктер.
Мұндай пікірдегілер тәуәссүлдің нағыз мәніне көңіл аудармайды. Ондай келіспеушіліктер көбіне-көп нағыз кәміл мүршидтердің халін түсінбейтін, тасаввуфи ортадан тыс адамдар арасынан шығады. Олай ойлауға кейде тасаууф әдістерді лайықты түрде бойына сіңіре алмаған кейбір ұстанушылардың жаңылыс әрекеттері де себеп болады. Сондықтан мұндай пікірлерді орынды деп санауға болмайды. Өйткені, белгілі бір мақсаттың жолындағы адамның әлсіздік, жетіспеушілік және кейде ниетіндегі жамандық себебімен негізгі мақсатты жоққа шығару қалай дұрыс емес болса, бұл мәселеде де адамдардың кемшіліктерін олардың мақсаттарының салдарынан деп көру дұрыс емес. Мұндай жеке кемшіліктерді олардың ұстанбақшы болған жоғары құндылықтарын жабу – қисынсыз іс. Сондай-ақ, қазіргі кезде ешбір ақылы бар адам мұсылманның кемшілігі үшін Исламды кінәлай алмайды.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz