Ислам құқығында жүгінуге лайықты әдет-ғұрыптарға төмендегідей шарттар қойылады:
1. Әдет-ғұрып Құран мен сүннетке, ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне (ижмағ) немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуі қажет;
2. Әдет-ғұрып, сирек кездесетін емес, кең тараған болуы керек;
3. Өміршеңдігі жойылмаған қазіргі таңда іске асырылып жүрген дәстүр болуы керек. Өйткені, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар уақыт пен мекеннің өзгеруімен ауысуы ықтимал;
4. Үйреншікті әдетке қайшы келетін сөздің болмауы қажет.
Заманның өзгеруіне қарай үкімдердің өзгеруі. Әдет-ғұрыпқа негізделген үкімдердің заман талабына қарай өзгеруі қажеттілік болып табылады. Өйткені құқықтың түпкі мақсаты – жеке тұлға мен қоғам өмірін ретке келтіру. Бұған қатысты Шихабуддин әл-Қарафи «Әдет-ғұрыпқа негізделген үкімдер әдеттердің өзгеруіне қарай түрленіп отырады. Әдеттердің маңызы қашқан кезде, үкімнің де күші жойылады. Түрлі мақсатта есеп айрысу, алу, сату кезіндегі тауарлардан ақау шығуы т. б. секілді. Мәселенки, қолданыстағы ақшаның түрі (теңге, доллар, рубль, т. б.) өзгерсе, алу-сату кезінде келісетін ақша ескі ақшамен емес, жаңасымен жүзеге асырылады. Сол секілді киім-кешек пен мата өнімдерінен қандай да бір ақау табылып, қайтарып беруге себеп болған жағдайларда сол өнімдерден табылған ақау сәнге айналып, заман талабына қарай өзгеше мәнге ие болып, басқаша сипат алып, қайта құны аспандап кеткен жағдайда ол тауар сатушыға қайтарылмайды», делінген. Ханафи ғалымы Ибн Абидиннің пайымдауынша, бір мәселеге қатысты кесімді дәлел кездеспеген жағдайда, ижтихад бойынша шешілген мәселелерде сол кезеңдегі кең тараған әдет-ғұрыптың рөлі ерекше. Өйткені мужтахид ғалым құқытық мәселелерді өз заманындағы ғұрыпқа негіздегендіктен басқа шарттар туындаған кезде ол өзгеріске ұшырайды. Егер уақыттың өзгеруіне байланысты үкімдер өзгермесе адамдардың өмірінде қиындыққа жол ашатындықтан ислам шариғатының жеңілдік пен әлемдегі жүйенің үйлесімді жалғасуын қалаған негізгі мақсатына қайшы келмек. Кейінгі ғасырларда келген ғалымдардың мужтахид имамдардың өз кезеңдерінің шарттарына қарай берген пәтуаларына қайшы үкімдер шығаруы да осы мәселеге байланысты. Сондықтан пәтуа беретін мужтахид ғалымның өз заманының кең тараған әдеттерін жақсы білуі қажет деп табылған. Демек, әдеттерге сүйенген дәлелдер өзгереді. Ал шариғат белгілеген нақты үкімдер өзгермейді. Заман талабына қарай жасалған өзгерістер шариғаттың үкіміне өзгеріс енгізу дегенге саймайды. Өйткені, кесімді үкім бар, бірақ, оның шарттары нақты болмағандықтан, үкім әр түрлі жолмен орындалады. Яғни, әдеттің өзгеруі нені білдіреді? Бұл басқа бір үкімнің орындалуын қажет еткен бұрын-соңды кездеспеген жағдайдың орнағанын көрсетеді. Яки, асли (негізгі) үкім өзгеріссіз (жоғарыдағы мысалдағы әділдік секілді) қалумен қатар үкімнің орындалуы үшін белгілі бір шарттарды қажет етеді. Осыған қатысты ханафи ғалымдарының өзгеріске ұшыраған пәтуаларынан кейбір мысалдар келтіре кетейік. Әуелгі кездері Құран үйретуші мұғалімдерге ақша алуға болмайтын, өйткені мемлекет қазынасынан оларға ақша төленетін. Ал бертін келе мемлекет қаржы бөлуді тоқтатқандықтан ғалымдар ақша алуға рұқсат етілетіндігіне қатысты пәтуа шығарған. Ислам шариғатында куәлардың әділ болуы шарт. Имам Ағзам Әбу Ханифа өз кезеңінде адамдардың арасындағы шыншылдық пен дұрыстықтың кең тарағанын назарға ала отырып бұрын-соңды жаман әрекеттерге бармаған кез-келген адамның куәлігін жарамды деп тапса, шәкірттері Әбу Юсуф пен Мұхаммед өз кезеңдеріндегі өтірік айту, алдау-арбау секілді жат әдеттердің етек алуын есере отырып, куәгерлік жасайтын адамның әділдігін дәлелдеуді қажет деп тапқан. Алғашқы кездері үй сатып алу үшін оның сыртқы көрінісі мен кейбір бөлмелерін ғана аралап көру жеткілікті болатын. Өйткені, қай үйге бас сұқпа бірбірінен бәлендей әкетіп бара жатқан айырмашылығы жоқ еді. Бірақ, уақыт өте келе, заманына қарай үй құрылысының салыну үлгісі әркімнің талғамына қарай өзгеріске ұшырағандықтан, ханафи ғалымдары үй таңдаған кезде барлық бөлмелерін аралап көруді шарт етіп қойған. Яғни, үкімдердің түрлі жолмен іске асырылуын осындай жағдайлармен байланыстырып түсіндіруге болады. Әдет-ғұрыптың діни мәтіндерге қайшы келуі. Әдет-ғұрып пен діни мәтіндердің қайшы келуі мәселесі мұсылман құқықтанушылары арасында түрлі көзқарастардың туындауына жол ашқан.
Мұны білу өз кезегінде ғалымдардың бір мәселеге қатысты әр түрлі үкім шығаруын түсінуге септігін тигізеді. Енді осы жәйттарға қысқаша тоқтала кетейік:
1. Жеңіл жүріске, құмар ойындарына, мас етуші ішімдікке тыйым салу секілді арнайы, жалқылықты білдіретін аят-хадиске қайшы келген жағдайда әдет-ғұрып негізге алынбайды. Сондай-ақ пайыздық өсімге негізделген келісімдер, құлдыққа алу секілді әдеттер исламнан бұрын арабтар арасында кең жайылғанымен, кейіннен оларға арнайы Құран аяты мен хадистер арқылы тыйым салынды. Сондықтан мұндай әдет-ғұрыптар жойылды.
2. Әдет-ғұрып жалпы мағынада айтылған мәтінге қайшы келген жағдайда екі түрлі мәселе туындайды:
а) Әдет-ғұрыптың қолданылу аясы жеке жағдайларға ғана қатысты болса және діни мәтін келген кезде бар болса, жалпылықты білдіретін діни мәтінді жекелейді. Мысалы, бір хадисте қолда жоқ затты сатуға тыйым салынған. Бұл жалпылықты білдіретін діни дәйек. Шариғат бойынша саудагер қолында жоқ тауарды саудаға шығара алмайды. Себебі ол өзінде жоқ заттың қолына түсетіндігіне ешқандай кепілдік бере алмайды. Әрі қолына түсірген жағдайда да сатып алушы талап еткен түрдегі зат болмай шығуы немесе сатып алушыға ұнамауы мүмкін. Алайда истисна (қандайда бір затты жасауға тапсырыс беру дегенді білдіреді. Яғни, адамның құны белгілі бір затты жасату үшін ұстаға алдын-ала тапсырыс беріп, келісім шарт жасауы) және сәләм (ақшаны алдын-ала төлеп затты кейін алу) келісімдері секілді сауда-саттық түрлері Пайғамбарымыздың кезеңінде қоғамда кең тарағандықтан бұл хадистің жалпы үкімін жекелеп оған рұқсат берілген. Яғни, халық қанына сіңген әдет бойынша, қандай бір затқа тапсырыс беру арқылы сауданың көрігін қыздыратындықтан, шариғат оған тыйым салмаған. Мұны халыққа жасалған жеңілдік деп ұғу керек.
ә) Әдет-ғұрып жалпылықты білдірсе, жалпы түрде келген діни мәтіндерді жекелей алмайды.
3. Егер әдет-ғұрып қандайда бір мәселеге қатысты діни мәтін келген кезде беймәлім болып, кейіннен шықса негізге алынбайды.
4. Егер келген діни дәйек әдет-ғұрыпқа негізделген болса онда уақыт өте келе әдет-ғұрып өзгерген жағдайда діни мәтіннің де үкімі өзгереді. Бұл ханафи мәзһабының ең танымал имамы Әбу Юсуфтың көзқарасы. Хадистерде бидай, арпа, құрма, тұз және ұн секілді заттар өлшемі белгілі ыдыстар арқылы, ал алтын, күмістер таразы арқылы өлшеніп сатылатындығы баяндалған. Хадис айтылған кезеңде сол жердегі халықтың аталмыш заттарды алып-сатуы солай жүзеге асырылатын. Яғни, хадисте айтылған үкім сол кездегі халықтың әдетіне негізделген-ді. Егер сол кездегі әдет бойынша бидайды сату таразы арқылы, ал алтынды сату ыдыстар арқылы өлшеніп сатылатын болғанда діни үкім де соған сай берілер еді. Діни үкімнің келуінің негізгі себебі кейбір заттарды тарту, кейбір заттарды өлшеу арқылы сату болып табылады. Бұл өз кезегінде әдетке айналғандықтан, хадистегі үкім әдетке негізделген. Демек осы мәселеде егер әдет өзгерсе, соған сай үкім де өзгереді. Османлы мемлекеті кезеңінде Әбу Юсуфтың осы көзқарасы таңдалып, жүзеге асырылған. Сондықтан «Мәжәлладағы» (Османлы мемлекетінің соңғы кезеңінде ислам құқығының жазбаша бекітілген құқықтық құжат түрі) «уақыттың өзгеруі мен үкімнің өзгеруін жоққа шығаруға болмайды» деген қағида осы негізге сүйенеді. Байқағанымыздай фиқһ ғалымдары хадистерді сөзбе-сөз емес, барлық шарттарды негізге ала отырып, кең мағынасында түсінген.
5. Әдет-ғұрып қияс секілді қосымша дәлелдерге қайшы келген жағдайда әдет-ғұрып таңдалады. Мұны ханафилер әдет-ғұрыпқа сай истихсан жасау деп атаған. Қияс әдет-ғұрып арқылы немесе қажеттілікке қарай өзгереді. Әйтпесе адамдар өмірінде қиындық туындап, бұл өз кезегінде жеңілдікті қалаған ислам дінінің негізгі мақсатына қайшы келеді. Бұған қатысты мысалдарды ханафи ғалымдарымен қатар шафиғиларда да кездестіруге болады. Негізінен көп жағдайда әдет-ғұрып қажеттіліктің дәлелі болғандықтан қиястан жоғары тұрады. Әрине мұндай жағдайда дәрежесі жоғары дәлел таңдалады. Сонымен қатар ханафи және мәлики мәзһабтарында истислах және истихсан әдісінің кездесуі әдет-ғұрыптың таңдалатындығын көрсетеді.
Қорыта айтар болсақ, шариғатта ислам құқығының негізгі қағидаларына қайшы келмейтін әдеттер негізге алынады. Өйткені, ислам құқығындағы үкімдердің негізгі мақсаты – адамдардың игілігі, әділетсіздікті болдырмау және қиындықтың алдын алу. Олай болса, ислам құқығы бойынша үкім берілер кезде белгілі бір қоғамда әдетке айналған ғылым, білімде өзіндік орны бар ғалым мамандардың да құптаған көзқарасымен есептеспеу былайғы жұртты қиындыққа итермелеп, тығырыққа тірейді. Ал бұл – өз кезегінде ислам құқығының ең негізгі мақсатына қайшы. Құран мен сүннетке жіті назар аударғанда, шариғаттың құқықтық нормалар бекітуде қоғамдық-әлеуметтік ерекшеліктерді назарға алғандығы, түбегейлі өзгерістерді бірден емес сатылай, бірте-берте өзгерту әдісін қолданғандығы, халықтың аят-хадиске қайшы келмейтін дәстүрлерінің жалғасын тапқандығы байқалады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай ұстанымдарын негізге алған фақиһтар кейбір мәселелерге қатысты үкім берерде халықтың әдет-ғұрпына мән берген.
Имам Әбу Ханифа үкім берерде адамдардың салт-дәстүрі шариғатқа қайшы келмесе оны дәлел ретінде санаған. Әбу Ханифа мәселелерді әуелі қияспен, егер қиясқа сай келмесе, истихсанмен бағамдайтын. Ал истихсанмен шешілмесе, жергілікті халықтың өзіне тән әдет-ғұрпын ескеретін. Адамзаттың түрлі ұлт, ұлысқа бөлінуінің өзі – Жаратқанның қалауы. Бұл шындық Құран кәрімде: «Әй, адамдар! Сендерді бір еркек пен әйелден (Адам ата мен Хауа ана) жараттық. Бір-біріңді танып-білуілерің үшін сендерді ұлттар мен ұлыстар қылдық»– деген аятта ашық айтылған. Қандай да бір ұлтты екіншісінен түр-түсі ғана емес, тілі мен әдетғұрпы да ерекшелеп тұрады. Әбу Ханифа мәзһабында осының бәрі егжей-тегжейлі ескеріле отырып, пәтуалар берілген. Яғни кез келген халықтың өмір-салты мен дүниетаным негізінде ғасырлар бойы жинақтала келе қалыптасатын құндылықтар жиынтығынан тұратын әдетғұрып діни үкім шығару, яки, пәтуа беру тұрғысынан мұсылман құқығында маңызды рөл ойнаған. Әдет-ғұрыпқа мән беріп, оны негізге алу – ислам құқығының динамизмін, барлық уақытта жергілікті халықтың дүниетанымына сай келетін кеңдігін көрсететін бірден-бір ерекшелігі. Осы ерекшелігіне баланысты ислам дінін өзге ұлт өкілдері жатсынбай қабылдап, өзіндік ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалған.
материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының
ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,
ummet.kz