Пайғамбардың (с.а.с.) «Үмбетімнен жетпіс мыңы жәннатқа есеп-қисапсыз кіреді» дегені
Хусайн ибн Абдур-Рахманнан. Ол: «(Бірде) Сағид ибн Жубәйрдің қасында болғанымда, ол: «Бүгін түнде аққан жұлдызды қайсың көрдіңдер?» – деп (сұрады). «Мен», – дедім де, сосын: «Бірақ мен намазда болған жоқпын, мені (улы жәндік) шағып алған еді», – дедім. «Сен не істедің?» – деп (сұрады). «Дем салдырдым», – деп айттым. «Бұған сені не итермеледі?» – деп (сұрады). «Бізге әш-Шағби жеткізген хадис», – дедім. «Әш-Шағби сендерге қандай хадис айтқан еді?» – деп (сұрады). «Ол бізге Бурайда ибн Хусайб әл-Әсләмиден жеткізді.
Ол: «Көзден және (улы жәндіктің) уынан басқаға дем салдырудың (қажеті) жоқ» , – депті», – дедім.
Сонда ол: «Өз естігеніне тоқтаған (адам) қандай жақсы! Алайда бізге Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын) бір хадис жеткізді. Ол: «Пайғамбар (с.а.с.): «Маған (барлық) үмбеттер көрсетілді. Сонда қасында бірнеше адам ғана бар пайғамбарды да, қасында бір-екі кісі ғана бар пайғамбарды да және қасында ешкім жоқ пайғамбарды да көрдім. Бір кезде маған өте көп адамның қарасы көрінді, мен «бұлар – менің үмбетім екен» деп ойлаған едім, маған: «Бұл – Мұса (аләйһис-сәләм) мен оның қауымы. Бірақ сен көкжиекке қара», – деп айтылды. Қарасам, өте көп адам бар екен.
Сосын маған: «(Енді) келесі көкжиекке қара», – деді. Қарасам, (тағы да) өте көп адам бар екен. Маған: «Сенің үмбетің осы, бұлармен бірге жәннатқа есеп-қисапсыз, азаптаусыз кіретін жетпіс мың (адам) бар», – деп айтты», – деді. Сосын (тыңдап отырғандарға олардың кімдер екенін түсіндірмей), орнынан тұрып, үйіне кіріп кетті. Содан кейін адамдар әлгі жәннатқа есеп-қисапсыз және азаптаусыз кіретіндер жайлы сөз ете бастады. Біреулері: «Мүмкін, олар Алла елшісіне (с.а.с.) сахаба болғандар шығар», – десе, біреулері: «Бәлкім, бұлар Исламда туылып, Аллаға серік қоспағандар шығар», – деген сияқты әңгімелер айтты. Алла елшісі (с.а.с.) олардың алдына шығып: «Не жайлы сөз етіп отырсыңдар?» – деп (сұрады). Олар мән-жайды айтып берді. Сонда (Пайғамбар (с.а.с.)): «Олар дем салмайтындар және дем салғызбайтындар, құстың ұшуын ырымға баламайтындар және Раббыларына тәуекел ететіндер», – деді. (Мұны естіген)
Ғұккаша ибн Михсан орнынан тұрып: «Мені солардың қатарына қосуы үшін Аллаға дұға қылшы!» – деп (өтінді). (Пайғамбар (с.а.с.)): «Сен – солардың қатарындасың», – дейді. Сосын басқа бір кісі орнынан тұрып: «Мені де солардың қатарына қосуы үшін Аллаға дұға қылшы» – деп (өтінгенде, Пайғамбар (с.а.с.)): «Бұл мәселеде Ғұккаша сенің алдыңды орап кетті», – деді», – деп айтты», – деген.
материал «Сахих әл-Бұхаридың хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz