Абдуллаһ ибн Зәйд ибн Асим әл-Ансариден (Алла оған разы болсын). Ол (Пайғамбардың (с.а.с.)) сахабасы еді.
Оның айтуынша, (бірде) одан: «Бізге Алла елшісінің (с.а.с.) дәрет алғанындай дәрет алып көрсетші», – деп (өтінгенде), ол ыдыспен (су) алдырып, одан қолдарына су құйып, оларды үш рет жуған. Сосын қолын (ыдысқа) батырып алып, бір алақанымен аузын және мұрнын шайған. Ол мұны үш рет істеген. Содан кейін қолын (ыдысқа) батырып алып, үш рет бетін жуған. Сосын қолын (ыдысқа) батырып алып, екі реттен қолдарын шынтаққа дейін жуған. Содан кейін қолын (қайтадан ыдысқа) батырып алып, қолдарын алға және артқа жүргізіп, басына мәсіх тартқан.
Сондай-ақ қолда қалған ылғалмен құлақтарға да мәсіх тарту керек. Өйткені әт-Тирмизи, Әбу Дәуд, Ибн Мәжәһ жеткізген хадисте: «Құлақтар – бастың бөлігі» деп айтылған. Имам Бурһануддин әл-Марғинани «әл-Һидая» кітабында: «Әрі сулы (қолмен) мәсіх тарту да (сүннетке жатады) және бұл сүннет, біздің пікірімізше, әш-Шафиғиге (Алла Тағала оған рақым етсін) қарама-қайшы сипатта, құлақтарға мәсіх тарту басқа мәсіх тарту үшін суланған (қолдармен) орындалады. Бұл Пайғамбардың (с.а.с.) «Құлақтар – бастың бөлігі» деген хадисіне орайластырылған. Мұнда олардың (яғни бас пен құлақтың) дене мүшесі ретінде бір емес, өзара бір үкімге ие екендігі меңзелген», – деп айтқан.
Сосын тобықтарға дейін аяқтарын жуған. Содан кейін ол: «Алла елшісінің (с.а.с.) дәрет алуы осылай еді», – деп айтқан (235/18).
материал «Сахих әл-Бұхаридың хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz