Әбу Хурайра (р.а.) риуаят етті:
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егерде біреулеріңнің ыдыстарыңнан ит ішсе, оны жеті рет жусын!»,- деді.
Әбу Хурайраға (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып берген екен: «Бәний Исрайл қауымынан болған бір кісі иттің (шөлдегеннен) топырақ жалап жатқанын көріп, оған мәсісімен су алып ішкізді. Алла Тағала ол пендені құрметтеп, жәннатқа кіргізеді»,- деді.
Абдулла ибн Омардың ұлы Хамза (р.а.): «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында иттер мешітке кіріп-шығып жүре беретін. Бірақ ешбір жерді сумен жумайтын»,- деді.
Ғадий ибн Хатим (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) итпен аң аулау туралы сұрадым. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егерде итіңді аң аулауға алып барсаң, ол олжаны өлтіріп ұстап берсе, жей бер, ал егерде итің өз бетінше ұстап жеп жатқан болса, онда оны жеме, өйткені ол өзі үшін аулап ұстаған»,- деді. Сол кезде мен: «Үйреткен итімді аңға жіберсем, ұсталған аңның қасынан өз итімнен басқа итті бірге көрсем ше?»,- деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол олжаны жеме, өйткені сен өз итіңді аңға саларда (Бисмилләһи, Аллаһу Акбар) деп айтқансың, бірақ ана бір бөтен итке айтпағансың»,- деді.
материал «Сахих әл-Бұхаридың хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz