Егер жүрек Алланың бергеніне қанағат етіп, бақытқа жетсе, оған шайтан келіп былай сыбырлайды:
«Сен ешқандай ұмтылыссыз, ешбір жетістіксіз, тек міндетті болған нәрсеге мойынсұнып, белгісіз хәлде өмір сүріп жатырсың». Ібіліс осылайша қанағаттан туған ішкі тыныштықты қашырып, бізге шындыққа сай, ақылға сыйымды көрінетіндей болжамдар айтады. Егер біз сол өтірік болжамдарға тойтарыс бере алмасақ, ол өзінің азғыруын күшейте түседі. Осылайша, біз о бастағы қалауымызды ұмытамыз. Демек қалағанымызға ұмтылып, қолымыздағы барға қалай қанағат ете аламыз? Бар нәрсеге қанағат пен көп нәрсеге ұмтылыстың арасында қарама-қайшылық бар ма? Егер баз біреулер «Қазіргі жағдайыңа еш разы болма» деп айтса, ол – Ібілістің идеялогиясын жүргізуші. Сенің қазіргі жағдайың – сен қаласаң да, қаламасаң да, өзгертуді шешсең де немесе бәрі өз орнында қалсын десең де, сенімен бірге болады.
Қанағат пен қалаудың арасындағы қарамақайшылық – Ібілістің біздің ақылымызға салатын ойы. Анығында, қанағат – алдыға ұмтылуға итермелейтін нәрсе. Түсініктірек айтатын болсақ, қанағат – бақытқа апаратын жол, ал бақыт – оптимизмнің қозғаушы күші, ал оптимизм – жетістіктің кілті. Жетістік – ол сенің о баста қалағаның.
Жетістікке жеткен адамдардың өмірбаянын оқыған кезде, оларға оптимизмнің тән екенін байқадым. Әлемдегі ең қалталы тұлғалардың бірі – Джефф Безос – компаниясының алғашқы жұмысын үйінің гаражында бастаған. Ол есіктің беткі жағын үстел ретінде қолданып, соның үстінде жұмыс істеген. Қазіргі таңда барлық нәрсені сататын «Amazon» компаниясы өз қызметіне кітап сату арқылы кіріскен. Ғаламтор қолдану шектеулі болған сол заманда осындай жұмысты бастау оптимизмнің жоғары дәрежесін көрсетеді. Қазіргі жер бетіндегі көптеген жетекші компаниялар бастапқы кезде өте қарапайым болған. Олардың негізін салушы тұлғалар оптимист болмағанда, мұндай үлкен, танымал компанияларға айналмас па еді? Ендеше қанағат пен ұмтылыста қарама-қайшылық бар ма?
Неліктен жаңа жетістіктерге қол жеткізгіміз келгенде түңіліп, кейін ашуға берілеміз? Неге бәрі біз қалағандай мінсіз болуы керек? Жеткен кішкентай жетістікті неге азсынамыз? Неге жақсы ойлай алмаймыз? Алланың біз үшін жаратқандарына, нығметіне ризашылықпен қарау бізге оптимизм, жүрекке тыныштық сыйлайды. Сол арқылы басқа түскен сынақтар мен кедергілерді қиналмай жеңеміз. Оптимизм мен позитив – тек мотивациялық сөздер ғана емес. Ол – адам ағзасындағы, белгілі бір гормондар бөлінгенде байқалатын химиялық реакция. Ол адамның сезімін, көңіл күйін өзгерте алады. Адам миының ішінде қабылданған мәліметтерді маңыздылығы жағынан реттейтін жасушалар жүйесі бар. Ол «RAS» (Reticular Activating System) деп аталады. Мысалы: сен өзің қалаған көлік маркасын іздеп жүрсең, көзіңе тек сол марка ғана түсіп, жолдағы басқа көліктер назарыңа іліне бермейтін жағдайға жетеді. Себебі сол уақытта мидың ішінде RAS жүйесі өз қызметін атқарып, мәліметтерді көңіл маңыздылығына қарай сүзгіден өткізеді.
Сол сияқты егер әрдайым тек негативті заттарды көргің келсе, уақыт өте келе әдетіңе айналады. Тіпті, дүниедегі барлық затқа иелік етсең де, тек әдемі заттарға қол жеткізсең де, миың олардың тек негативті жағын ғана көрсетеді. Қанағатсыз, ашушаң, ешнәрсеге көңілі толмайтын адамдардың көбісі – жеке өмірінде, қызметінде, тіпті, өз ортасында айтарлықтай жетістікке жетпеген адамдар. Олар жайлы қытайлық кәсіпкер – Джек Ма былай деген: «Кедей адамның көңілінен шығу әсте қиын. Оларға тегін берсең, «тұзақ» деп қауіптенеді. Арзанға берсең, пайдасы аз деп ойлайды. Қымбат десең, қалтам көтермейді дейді. Жаңа ұсыныс айтсаң, тәжірибесінің жоқтығын сылтау етеді. Дәстүрлі бизнес берсең, қиын деп қымсынады. Жаңа кәсіп жайлы сөз қозғасаң, оның дамып кететініне кепіл жоқ деп ақталады. Google-дан көптеген пікірлерді қарап, өздері сияқты жетістікке жетпеген достарымен кеңеседі. Олар профессорлардан да көп ойланады, соқырдан да аз әрекет етеді. «Енді не істей аласың?» деп сұрап көріңізші, олар жауап та бере алмайды. Бұндағы сәтсіздіктің бар себебі: олар бар өмірін құр күтумен өткізуде».
материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz