05
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Алланың уәдесі берік әрі өзгермейді

Алланың уәдесі берік әрі өзгермейді

Ислам тарихы

Бәрін Білуші – Алла өзінің елшісіне оның жіберген діні жердегі ең мықты болған елдерді өзіне қарататынын уәде еткен. Оның уәдесі жармасып ұстайтындай ешқандай материалдық себептерге немесе белгілі бір уақытқа я алдын пайғамбарға үйретіп қойған әдеттен тыс ғажайыптарға байланбаған еді.

Алла Тағала тек Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоныс аударуын әмір еткен. Сөйтіп, жанына жолсерік ретінде Әбу Бәкірді алып, Меккеден жасырын түрде шығып, Мәдинаға бет алған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың берген уәдесіне сүйеніп, оны оптимизмге жетелейтін, әртүрлі қиындықтарға төтеп беретін күш қылған. Сурақаның оқиғасынан бірнеше күн бұрын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) досымен бірге үңгірде жасырынған еді. Іздерінен өлтіруге қуып келген құрайыштықтар әлгі үңгірге жақын келеді. Сол кезде Әбу Бәкір өзінің сүйіктісі үшін уайымдап, «егер олар аяқтарының астына қараса, бізді көріп қояды» деп сыбырлайды. Сол кезде Сүйіктіміз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уайымдама! Расында, Алла бізбен бірге», - деп жауап берді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзді тек Алланың уәдесіне берік сенгендіктен ғана айтқан еді. Ол Раббысынан жеңістің қалай болатындығын сұрамаған және өзіне де ол сұрақты қоймаған. Оған (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың берген уәдесі жеткілікті еді. Сол себепті өзіне де, досына да сол оптимизмді ұстануды насихат етті. Алла үңгірдің кіре берісіне өрмекшінің өрмегін себеп қылып, мүшріктердің қысымынан құтқарған. Алайда, пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сурақаға берген уәдесі өзінің көзі тірі кезінде орындалмаған. Тіпті, сол оқиғаға куә болған пайғамбардың досы – Әбу Бәкір Сыддықтың (Алла оған разы болсын!) кезінде де іске аспады. Өйткені, мұсылмандар парсы елін Омар ибн Хаттабтың кезінде фатх қылған. Ол уақытта Сурақа ибн Мәлик егде тартып қалған еді.

Негізінен, Алланың уәдесі оған сенген адам үшін ғана орындалады. Омар Фаруққа (Алла оған разы болсын!) соғыстан түскен олжалар әкелінеді. Солардың ішінде Кисра ибн Хармаздың әшекейлері де болған. Омар Сурақаны шақырып, Кисраның көйлегін, аяқ киімін кигізіп, қылышын береді. Басына тәжін, екі қолына білезігін тағады да: «Алла Ұлы! Бұл – Алла мен Оның елшісінің уәде еткені. «Мен адамдардың құдайымын!» деген Кисрадан оның екі білезігін шешіп, Мүдлиж тайпасынан шыққан арабқа таққызған Аллаға мақтау болсын!», - деді. Кейін Сурақа атқа мініп, Мәдина қаласын айналып шықты. Алланың уәдесі берік әрі өзгермейді. Алла мұсылмандарға берген уәдесін орындамаудан қарағанда бұл дүниенің құрып кеткені жеңіл. Алайда, біз Алланың уәдесімен біздің ұстазымыз – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) секілді мәміле жасаймыз ба? Қиын сәттерде біздің жүректеріміз Алланың уәдесіне жармасып, ұстап тұра ала ма? Әлде біз сынақтың басында-ақ Аллаға ренжіп, наразылық танытып, оның уәдесін ұмытамыз ба?

материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: