07
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Дүние мен ақыреттің екі тізгін, бір шылбырын тең ұста

Дүние мен ақыреттің екі тізгін, бір шылбырын тең ұста

Ислам тарихы

Пайғамбарлардың (с.ғ.с) тағы бір міндеті – дүние мен ақырет тепе-теңдігін орнату.

Мұны адамдарға өлгеннен кейін өмір бар екендігін білдіру жəне осыған орай ақыретке қапысыз қамданудың жолдарын үйрету арқылы жүзеге асырды. Бұл жайлы Құран Кəрімде: «Бұ дүние тіршілігі бір ойын, ермек қана. Күдіксіз, ақырет жұрты нағыз тіршілік. Егер олар білсе», – делінеді.

Ақырет өміріне қатысты ақиқатты адам баласы пайғамбарлар көмегімен ғана түсіне алады. Яғни, пайғамбарлардың жеткізген ақиқат діні арқылы адамзат тура жолды таппақ. Мəселен, мына оқиға осыған дəлел. Бірде Ибраһим пайғамбар теңіз жағасында құстар да, толқынмен келген балықтар да шоқып жеп кетіп жатқан бір өлексені көрді. Қызықтап тұрып, əр тістегеннің аузында жырымдалып кетіп жатқан бұл өлексені Алла тағаланың ақыретте қалай бүтін күйде тірілтетінін ойлады. Сөйтті де: «Я, Раббым, ақыретте өлілерді қалай тірілтетініңді маған көрсетші?», – деп дұға жасады.

Алла Тағала тіл қатып, төрт құсты қолға үйреткеннен кейін төртеуін де сойып, еттерін араластырып, əр тауға апарып тастауын, содан соң оларды өзіне шақыруын тапсырды. Ибраһим (а.с.) айтылған əмірді орындағанда, Ұлы Жаратушының құдіретіне таңғалды. Əлгінде ғана өз қолымен сойған құстар тіріліп, еттері құралып, жанына ұшып келіп еді. Қайта тірілтудің Алла тағала үшін еш қиын еместігін өз көзімен көрді. Жүрегі жай тапты. Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) дəуіріндегі мына оқиға да айтпақ ойымызды растайды. Бір күні Убай ибн Халаф Алла елшісінің жанына келіп, қолындағы шіріп кеткен бір сүйекті ұстап тұрып келеке еткен сыңаймен былай деді:

– Сен сонда мына атам заманда шіріп кеткен сүйекті Алла тірілтеді дейсің бе? Алла расулы:

– Əрине, оған жан бітіріп тірілтеді əрі сені тозағына салады, – деп жауап берді.

Осы оқиғаға байланысты «Ясин» сүресінің төмендегі аяттары түсті: «Адам баласы өздерін бір тамшы судан жаратқанымызды көрмей ме? Сөйте тұра ол бізге ашық дұшпан болды. (бір тамшы судан) Қалай жаратылғанын ұмытып, бізге былай деп мысал келтірді: «Шіріген сүйектерді кім тірілтеді?». Оларға: «Оларды əу баста кім жаратса, қайтадан тірілтетін де Сол жəне де Ол барлық жаратуды біледі де». Құрандағы бірқатар аяттар ақыретке сенімге шақыруда: «Есеп күнін шектен шығушы əрі күнəһар адамдар ғана өтірікке балап, сенуден бас тартады». «Оларға есеп күніне байланысты аяттарымыз оқылған уақытта: «Бұлар бұрынғылардың ертегісі ғой» дейді».

«Күллі Аспан əлемін жəне жерді жаратқан əрі оларды жаратқан уақытта еш шаршапшалдықпаған Алланың өлілерді қайта тірілтуге құдіретінің толық жететінін (ақыретке сенбейтіндер) көрмейді ме? Иə, Ол əр нəрсеге толық құдіретті».

«Көк əлемін жəне жерді жаратқан Алланың олардың ұқсасын жаратуға құдіреті толық жетеді емес пе? Əрине, толық жетеді. Ол – (əр нəрсені) толық білетін жаратушы», «(Ей, қайта тірілуге сенбейтіндер! Ойланып ақылға салыңдар!) Сендерді қайтадан жарату қиын ба? Жоқ əлде аспанды ма? (көз салып, қараңдаршы) Алла аспан əлемін қалай мықты етіп жаратты».

материал «Пайғамбарларға иман» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: