05
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Истиғфардың бұл дүниедегі пайдасы

Истиғфардың бұл дүниедегі пайдасы

Ислам тарихы

Ризықтың артуы Алладан кешірім тілеген құлдарының ризығын молайтады. Ризық-несібенің көбеюіне ең үлкен пайдасын тигізеді.

Нұх сүресінде мынадай аят келеді: «Және де оларға: «Раббыларыңнан күнәларың үшін кешірім тілеңдер! Өйткені Ол (құлдары қанша жерден күнәға батса да тәубелеріне келген жағдайда) өте кешірімді», – дедім.»

«(Алладан кешірім тілеңдер) төбелеріңе аспаннан нөсерлетіп нұр жаудырсын». «Сендерге дүние мен бала-шағаны молынан берсін, Һәм сендер үшін бау-бақшалар өсірсін және өзендер ағызсын». ("Нұх" сүресі, 10-11-12 аят)

Аяттарға зер салып, мән берсек истиғфар арқылы Алла сол қауымның не адамдардың ризығын көбейтіп, егіндігіне де, балашағасының көп болуы сынды нығметтерге бөлейтінін серт етеді. Имам Хасан әл-Басри:» Адамдар ризықтарының кемдігін айтып келсе, мен оларға истиғфарды көбейтуді ұсындым. Себебі Құранда Алла оны берекенің кілті етіп қойған»,–дейді. Имам Ахмад ибн Ханбалдың ұлы бір кедей адам жайлы мына бір әңгімені айтады. «Бір кедей адам Хасан әл-Басриге келіп, кедей екенін айтып шағымдана мұңын шағады. Имам кедейлігіңнің дауасы – истиғфар. Истиғфарды көп айт деп өсиет етті. Көп уақыт өтпестен әлгі кедей кісі қайтып оралады. Имамға алғысын айтып, ризығының молайып, уақыт өте келе кәсіп ашып, байығанын айтты»,- дейді ол. М і н е, тілдегі һәм жүректе болған истиғфар ризыққа да әсер беріп шырынды жемісін беретіні айқын екен.

? Қиыншылықтардың жеңілдеуі, жолдардың ашылуы

Истиғфар – тығырыққа тірелген сәттерде қиындықтан шығатын жол. Яғни, истиғфар айту тағдырда болған қиындықтың құлыптарына арналған кілт тәрізді.

? Жаңбыр жауып, құрғақшылықтың кетуі

Һуд сүресіде пайғамбар өз қауымына келген қуаңшылықтың кетуі – сендердің истиғфар тілеулерің деп ескертеді. «У а, қауымым! Осы күнге дейін істеген күнәларың үшін Раббыларыңнан кешірім тілеңдер, содан кейін күнәларыңа өкінген бойда Оған шын пейілмен бет бұрыңдар. Сонда Ол сендер үшін көктен құтты да берекелі мол жауын жаудырады. Күштеріңе күш қосып, қажыр-қайраттарыңды арттыра түседі. Насихатыма құлақ аспай сырт айналып, күнәһар болып кетпеңдер», – деп насихат айтты.» ("Һуд" сүресі, 52-аят} Мүміндердің әмірі Омар ибн әл-Хаттаб  құрғақшылық келген кездерде Алладан жаңбыр тілемей тұрып, алдымен ұзақ истиғфар оқитын. Мәнісін сұраған халқына: «Жаңбырдың кілті – истиғфар» деп жауап беріпті.

? Ұрпақ пен отбасыға береке

Сахаба Абдулла ибн Аббас:» Истиғфар тек кісіге ғана емес, оның отбасына да береке әкеледі»,– деген.

? Ауру-сырқаудан амандық

Кейбір дерттерге дәрі табылмаса да, истиғфар оларға шифа болады. Себебі күнә – дерттің себебі не болмаса сынақ. Ал истиғфар – оның емі.

? Ұрпақсыз болуға дауа

Имам Әбу Ләйс әс-Самарқандиге бір әйел келіп қаншамалаған жылдар бойы бедеу екенін, оған шифа іздеп келгенін айтады. Имам Әбу Ләйс әс-Самарқанди истиғфар айту арқылы бедеуліктен құтылуға болатындығын айтады. Әйел ұзақ уақыт тоқтамастан истиғфар тілейді. Артынша Алла оған ұрпақ сыйлайды. Себебі кейбір қиындықтар күнәға байланысты болады.

? Жақсылыққа деген ынта

Истиғфар – рухани тазалыққа жол ашады. Таза жүрек жақсылық жасағысы келіп талпынып ұмтылады. Фудайл ибн Йяд өткен өмірінде қарақшы болған. Бір түнде-ақ Алла оның жүрегіне һидаят нұрын септі. Сол түні Құран аятын тыңдап жүрегі оянады. Кейін исти ғфар оқып, Алладан көп кешірім тілеп, тәубесіне түседі. Уақыт өте өмірінің соңғы сәттерінде Фудайл ибн Йяд өте үлкен ғалымдардың біріне айналады.

? Уақыттың берекесі

Истиғфарды көп айтушының уақытына Алла береке беріп қояды. Біреулер үшін зымырап жатқан уақыт ол пендеге әр ісін аяқтауға жетерліктей берекелі болады. Ғұламалардан қалған мынадай сөз бар екен. «Күнәлар – уақытты өлтіруші. Истиғфар – уақытты тірілтуші. Кім уақытының берекелі болғанын қаласа, истиғфар айтсын!» Көп адам «уақытым жетпейді» деп шағымданады. Истиғфар адамды ішкі тыныштыққа жетелеп, уақытын басқаруға көмектеседі.

? Дұғалардың қабыл болуы

Ғалым Суфиян әс-Сәури айтады: «Дұғаң қабыл болмай жатса, бірінші жүрегіңді тазартып, истиғфар айт. Ол дұғаңның есігін ашады.»

? Депрессиядан шығу

«Кім көп истиғфар етсе, Алла оны барлық қайғы мен уайымнан құтқарады»  (Әбу Дауд, 1495-хадис).

материал «Истиғфар - рақмет есігі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: