07
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Жүректегі тәкаппарлықты шығару – тауды инемен қазудан да қиын

Жүректегі тәкаппарлықты шығару – тауды инемен қазудан да қиын

Ислам тарихы

Жүректі көркем ахлақпен безендіріп, жаман ахлақтан қорғау – мәңгілік бақыттылық пен сәлемет үшін аса қажетті болғаны сияқты өте ауыр іс екендігі де шындық.

Көрнекті тасаууфшылардың бірі Әбу Хашим Суфи: «Жүректе орныққан тәкаппарлықты шығару, тауды инемен қазудан да қиын» - деген.

Әбу Бәкір әл-Қаттани болса: «Тасаууф – ахлақ. Ахлақ жағынан сенен жоғары адам, рухани тазалық жағынан да жоғары» - дейді. Адамзат тарихы, пайғамбарлардың көптеген теңдесіз көркем ахлақи іс-әрекеттеріне толы. Осының ең тамаша мысалдарының бірі – Хазіреті Юсуф (аләйһиссәләм). Ол аят кәримада айтылғанындай, өзіне айқын түрде зұлымдық жасаған ағаларына: «…Бүгін сендердің кемшіліктеріңді беттеріңе басып айыптамаймын. Алла сендерді кешірсін! Ол мейірімділердің мейірімдісі» (Юсуф сүресі 92-аят) деп, кешірімділіктің шексіз бір үлгісін көрсеткен.

Мұтасаууфтардың алға қойған мақсаттары өз жүректерін Хазіреті Ибраһим (аләйһиссәләм) сияқты дүние құмарлықтан аулақ, иләһи әмірлерге бойсұнғыш, Хазіреті Исмайл (аләйһиссәләм) сияқты Хақ Тағалаға бас иіп, иләһи тағдырға разы, Әйюб (аләйһиссәләм) сияқты сабырлы ету. Мүминнің қайғысы Дәуіттің (аләйһиссәләм) қайғысындай, пақырлығы болса Хазіреті Исаның (аләйһиссәләм) пақырлығындай болуы керек. Мұтасаууф – Хазіреті Мұсаның (аләйһиссәләм) мінәжаты кезіндегідей ынта мен жігерге толы көңілге және әлемнің мәңгілік мақтанышы Хазіреті Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ықыласына, яғни Раббысына деген сүйіспеншілігі мен шынайылығына ие болуға тырысқан адам.

Әбу Хафс әл-Хаддад: «Тасаууф дегеніміз – әдеп» деп тоқсан ауыздың тобықтай түйіні ретінде түсіндірген. Хазіреті Мәулана да әдеп хақында былай дейді: «Мырзам! Біліп қой, әдеп – адамның тәніндегі рух. Әдеп - әулиенің көзі мен көңілінің нұры. Егер шайтанның көзін жойғың келсе, көзіңді ашып қара, шайтанды құртатын – әдеп. Адам баласында әдеп болмаса, ол шындығында адам емес. Әдеп – адам мен хайуанның арасындағы айырмашылық».

Жүректі ағартудың маңыздылығын түсіну үшін жүректің материалдық және рухани өмірдегі орнына қарау жеткілікті. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жүректің адамдағы өмірлік мәнін былай жеткізген: «…Адам денесінде бір жапырақ ет бар. Ол жақсы болса, барлық дене жақсы болады, ал жаман болса, барлық дене жаман болады. Абай болыңдар, ол – жүрек» (Бұхари, Иман 39).

материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: