Әр кез азда болса үздіксіз Алладан кешірім тілеп жүрген құл көптеген сансыз пайдаға жолықпақ. Мұндай мұсылманның рухы да кемелділікке жетіп, сауапқа кенеледі. Амал дәптерінде «Алла кешір!», «Алла кешір!» деп көп жазылған күнәһар құлын Алла қалайша кешірмесін?!
? Жүректі тазартады, рухани ластықтан арылтады
Күнә – рухани дақ. Жүрек оны қабылдай берген сайын қарая түседі. Истиғфар осындай дақты өшірудің, жүректі қайтадан нұрландыра тірілтудің жолы. Құран аяттарында күнә жайлы былайша баян етіледі: «Жоқ! Әсте, олай емес! Олардың өз қолымен істеген күнәлары жүректерін әбден қарайтып тастаған (сондықтан олар ақиқатты көре алмауда).» ("Мутаффифин" сүресі, 14-аят) Ақ көйлек киген адам бірнеше күн сол киімімен жүре берсе, көйлегі сол қалпы ақ болып тұра бере ме? Жоқ, шаң-тозаң, тағам қалдығы, шырын суы сияқты нәрселер кірлетеді. Нәтижесінде ақ көйлек емес, кірлі қара көйлек болып шыға келеді. Ал ондай көйлекпен жүргіміз келмей дереу тазалауға ұмтыламыз ғой иә?!
Жүрегіміз де туылған сәби сәтімізде ақ, пәк еді. Балиғатқа толып есейе ол сол қалпы тұрмайды. Сол үшін күнә шаңымен кірлег е н қалбымызды сол секілді тазалауымыз керек. Жүрек дерттері жайлы көптеген еңбек жазып, қалам тербеген атақты ғалым Имам Әбу Хамид әл-Ғазали:» Истиғфар – жанның сабыны. Онымен жуынып тұру – рухани тазалықтың кепілі» деген екен бір сөзінде. Олай болса, рухани сабынды неге қолданып, таза жүрмеск е ей, мұсылман бауырым!
? Аллаға жақындатады, махаббатқа бөлейді
Раббымыз Құранда қателескен пенделерін кешірудің бірден-бір жолы ретінде истиғфарды көп аятта әмір етті. Алла Тағала جل جلاله бұйырған әр нәрседе тұла бойы жақсылық бар. Ол пенделерінің истиғфар еткенін сүйеді. Бақара сүресінде: «Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі (күнә атты рухани кірлерден) тазаланушыларды жақсы көреді.» ("Бақара" сүресі, 222-аят) Аталмыш аятта Алла Өзі сүйетін тазаланудың екі түрін атаған. Бірі денені тазалап жақсы киім жақсы ортадағы тән тазалығын айтса, екіншісі рух тазалығын меңзеді. Ең маңыздысы да сол рухты тазалап, тәубе етіп, кешірім тілеу. Абай айтқандай, сыртын қанша жуса да іші оңбаған болып жүрмейік. Ізгі үш ғасырдың белді де беделді ғұламасы Имам Хасан әл-Басри истиғфар тілеу хақысында: «Күнә істеген пенде истиғфар айтқанда, жүрек пен Раббысын байланыстыратын жіп қайта жалғанады» деген екен.
? Тәубеге жетелейді, үміт сыйлайды
Истиғфар – тәубенің бастауы. Ол адамға үміт береді. Жан қиналып, қиындыққа тап болған сәтте де «Астағфирулла» деп айту – үміт шамын жағады. Алла Тағала күнәға батып, өз-өздеріне зиян келтірген пенделеріне Құранда былай дейді: «(Уа, Мұхаммед! Оларға Менің мына сөзімді жеткіз): «Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (құлдарының күнәлары қаншалықты ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!» ("Зүмәр" сүресі, 53-аят) Бұл аят – күнәға батқан адамға Алланың рахмет есігі әрдайым ашық екенін дәлелдейді. Риядус-солихин (Тақуалар бақшасы) еңбегінің иесі, мухаддис ғалым Яхия ибн Шәрәф ән-Науауи ауызбен ғана айтып, күнәні тастамауды құптамаған. Мына бір сөзінде былай келтіріледі: «Ауызбен истиғфар айту бірақ күнәні тастамау – бұл шыншылдардан емес, өтірікшілердің тәубесі.» Сондықтан истиғфар тілде де, жүректе де болуға тиіс. Екеуі қосылса, ең шынайы тәубеге мұрындық болар ізгі іс болады.
? Жан тыныштығын сыйлайды
Көп адамдар күнә жасағанда өзін кінәлі сезінеді. Расында, бетінде ұяттан бір кесек ет болса, істерінде істеп болып, жүрегі тынышталмайды. Жүрегі қобалжиды. Истиғфар сол бір ішкі күйзелістен арылуға, жүрек тыныштығын басуға жетелейтін зікір. Тарихта әділеттілігі мен тақуалығынан «ІІ Омар» яки «Бесінші әділетті халифа» деген лақабтармен есімі ел есінде қалған Омар ибн Абдулазиз:» Көп истиғфар айт! Ол адамға қамығу үстінде үміт, жалғыздыққа серік, қиындықта шешім болады»,– деп истиғфарды әр күні айтылатын тұрақты амал етуге шақырған.
? Хидаятқа жол ашады
Истиғфар – тек кешірім емес, дұрыс жолды нұсқайтын компас сияқты құрал. Аяттарда: «Егер олар (қауым) бізге истиғфар еткенде, олар үшін Ерекше Мейірімді һәм Тәубелерді қабыл етуші Алла тарапынан жақсылық болар еді» ("Ниса" сүресі, 64-аят) Көпшілік жан хидаятты, тура жолды іздейді. Бірақ жүрек жолы күнәмен тұманданған да, ақиқат көрінбейді. Истиғфар сол тұмшаланған тұманды сейілтеді. Қараңғылық пердесін ашады. Алла кешірім сұраған құлын тура жолына бастап, еш адастырмайды.
материал «Истиғфар - рахмет есігі» кітабынан алынды,
ummet.kz