Егде тартқан қарттың қолынан ұста да, жолдан өткізіп жібер, өзіңді бұл әлемдегі ең маңызды адам сезінесің. Көшедегі аш құрсақ мысықты тамақтандыр, өзіңді Біріккен Ұлттар Ұйымынан асып түскен белсенді көресің.
Сенен сұрамаса да, қолында түгі жоқ міскінге ақша бер, бақытқа жетелейтін ерекше сезімге бөленесің. Егер осыларды жасасаң, бәрекелді! Сен – жетістікке жеткен адамдардың қатарынансың. Өкінішке орай, біз барлық нәрсені Білуші Жалғыз Жаратушының стандартын тәрк етіп, Форбстың, Оскар мен Нобельдің стандарттарымен шұғылданып кеттік. Тек осы жүлделерге ие тұлғаларды ғана көкке көтереміз. Британиялық ірі бизнесмен – Джеймс Дайсонды үлкен жиналыстардың бірінде «Британиядағы ең бай адам» деп таныстырған кезде қатты ашуланған көрінеді.
Сөйлеп тұрған спикерге: «Мені иелігімдегі байлығыммен таныстыратындай банк шоты емеспін. Мен өзімді балаларын жақсы көретін әке ретінде, пайдалы істері бар инженер ретінде мақтан тұтамын», - деп жауап береді.
Осылайша, ол адамдардың стандартын жерге лақтырып, өзі разы болатын стандартты ұстанды. Жетістік стандарты ол банктағы ақшаның көлеміне емес, адамның айналасына тигізіп жатқан пайдасының көлемімен есептеледі. Әлемдердің Раббысы бізге жетістіктің қарапайым стандарттарын қойып берді. Ол жетістікке күндіз де, түнде де жетуге болады. Ол стандарттың өзі бізді «қане, жетістікке, жеңіске кеттік!» деп шақырады.
О, ықыласты, табанды намаз оқушы! Сен – Алланың алдында жетістікке жеткендердің бірісің. Басыңды абыроймен көтеріп жүр, бірақ, шектен шығып, тәкаппарланба. Өзіңді ешнәрсеге қол жеткізбеген бейшара деп ойлатқан жалған стандарттардың тас-талқанын шығаратын сенімділігіңді жина. Арқаңды тік ұста, себебі сен – барлық нәрсенің иесі болған Жаратушының стандартына қол жеткізген аз адамдардың қатарындасың.
Бұл сезімді күнделікті жетістіктеріңнің қатарына жазып қой. Осы жетістігің үшін жыл сайын мерейтой жаса. Сені адамдар өздерінің өлшемдерімен салыстырып, келеке етіп, күлген сайын өз-өзіңе осы жетістігің жайлы жиі айт. Мен сені өз-өзімен тамсануға, менмендікке, тәкаппарлыққа немесе қол қусырып ешнәрсе жасамауға шақырып жатқан жоқпын. Әркім өзі жайлы жақсы біледі. Мен сені Ібілістің айласы мен кедергілері тасып тұрған заманда өзіңе деген сенімділікті, өзіңе деген құрметті қайтаруға шақырамын.
Алла бізге қайғыға қарсы тұратын, бақытқа итермелейтін дінді берді. Шөлдеген итке су берсең, сыйыңды жәннат қылды. Бауырыңның бетіне күліп қарасаң, садақа бергеннің сауабын жазды. Жақыныңның жүрегіне бақыт кіргізсең, періштелердің құрметіне бөледі. Ендеше, өзіңнің бұл дүниедегі жетістікке жеткен аз жандардың бірі екеніңді естен шығарма.
материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz