07
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Алланың мейірімі күн сайын жауады, оны көре білгендер бақытты

Алланың мейірімі күн сайын жауады, оны көре білгендер бақытты

Ислам тарихы

Кейде Алла бізге шешімі жоқ сынақтар мен Одан басқа ешкім бұза алмайтын кедергілер жібереді. Себебі Алла өзінің сипаттарын көргеніңді, жалбарынған дауысыңды естуді қалайды. Ал, ол дауыс Жаратушысынан басқа барлық адамдарға шағымын шашып үйреніп кеткен еді. Сол дауыспен шыққан демдер сенің барлық нәрсеге құдіретті Аллаға иман еткеніңді білдіреді.

Сөйтіп, Алла сенің көмек сұрап, мінәжат еткен дауысыңды естіген кезде мәселеңді шешіп, қайғыңды кетіреді. Алланы өз іс-әрекеттерінен көрген адамдардың бірі – америкалық дәрігер Лоренс Браун еді. Ол атеизмді тастап, Исламды ешқандай ғылыми дәлелдерсіз, ешбір философиялық тартыссыз қабылдаған. Басынан өткен оқиғасын өзі былай баяндайды: «Менің екінші қызым дүниеге келген кезде оны бірден перзентхана залынан жансақтау бөліміне алып кетті. Мен оның себебін білмедім, дәрігерлер де тіс жармады. Негізі, өзім дәл осы Джордж Вашингтон университетінің ауруханасында дәрігермін. Ал, бұл – Америка Штаттарындағы ең танымал ауруханалардың бірі еді. Мұнда медициналық қызмет көрсету дәрежесі өте жоғары. Сол себепті де әйелімді босандыру кезінде ешқандай қателік кетпегеніне сенімді болдым. Алайда, қызым дүниеге келген кезде кеудесінен аяғына дейін жап-жасыл болғанын байқадым. Мен дәрігер болғандықтан қызыма оттегі жетіспей жатқанын бірден түсіндім. Жүректі ультрадыбыстық зерттеуге (УЗИ) түсірген кезде оның қан тамырлары қатты қысылып жатқанын көрсетті. Сол кезде қызымның тұншығып, өліп бара жатқан хәлін көрген кезде, өмірімде алғашқы рет ешнәрсе істей алмайтын әлсіз жағдайға түстім. Бір Ұлы Күшке мұқтаж екенімді сезіндім. Негізінде мен философиялық теорияларға мән бермей, Жаратушының бар екенін жоққа шығаратын атеист едім. Адамдармен сенімдерінен бас тартқызу үшін талас-тартыс та жүргізетінмін. Қызымның мұндай жағдайын көруге шыдай алмай, реанимация бөлмесінен шығып кеттім.

Сөйтіп, жанындағы дұға жасайтын бөлмеге еріксіз кірдім. Өзімнің табиғи болмысыммен шынайы түрде: «О, Құдай! Егер сен бар болсаң, мен Сенен көмек сұраймын. Менің қызымды құтқар. Егер мені Өзің разы болған дінге салсаң, мен сол дінге еремін» дедім. Осылайша, дұға бөлмесінде он бес минут болып, жансақтау бөлмесіне оралдым. Дәрігерлер қызымның айналасында жиналып тұр. Олардың көздері бір нәрсенің өзгергенін айтып тұрғандай болды. Сөйтсем, жүрек ультрадыбыстық зерттеуінің нәтижесі қан тамырларының қалыпты жағдайда екенін көрсетіп тұр екен. Арасындағы бір дәрігер қызымның жағдайы не себепті кенеттен күрт өзгергендігін ғылыми-медициналық тілде түсіндіре бастады. Шыны керек, оның айтқанына көңілім толмады. Қызым ешқандай дәрі қабылдамай, ешқандай хирургиялық операциялардың араласуынсыз қалайша қалыпты жағдайға түсті? Бұл жерде бір кереметтің болғаны сөзсіз. Бұл кереметті жасаған – мен дұға еткен Құдай екендігіне жүрегімнің түкпірінде сендім. Кейін дұға бөлмесінде берген сөзімде тұру үшін әртүрлі киелі кітаптарды зерттей бастадым. Буддизмді оқыдым, даосизм мен индуизмді, сосын иудаизм мен христиандықты зерттедім. Барлық діндерді оқып, ешқандай сұрақтарыма жауап таба алмадым. Америкалық адам ретінде ойлаған ең соңғы дін мен үшін ислам болды. Сөйтіп, оны да зерттеп, барлық сұрақтарыма жауап тауып, мұсылманға айналдым. Сол оқиғадан кейін бұл адамның Жаратушыға деген көзқарасы өзгерді. Оның жүрегі Жаратушының бар екенін жоққа шығаратын еді.

Зұлымдық, әділетсіздік, қиыншылықтары бар әлемді ешқандай құдай басқармайтынын айтып, адамдарды күпірлікке шақыратын еді. Осыдан кейін оның жүрегіне ғылыми пікірталастар мен философиялық теориялар түсіндіре алмайтын Аллаға деген бойұсынушылық пен иман бекіді. Жамандықтан даналық көретін, бір нәрседен айырылып қалуда, қол жеткізбеуде сыйсияпат бар екенін көру үшін жүрегіне қонған нәрсе оның көкірек көзін ашты. Әрбірімізде «Алланы көрдім» деп айта алатындай жан дүниемізді тербететін есепсіз оқиғалар бар. Алланың мейірімі бізге күн сайын жауады, мұны көре білген адам бақытты. Осындай оқиғаларды жазып, оларға көз жүгірту адамның жан дүниесінің тынышталып, иманының артуына, қиындықтарға сабыр етуіне септігін тигізеді. Егер ұйықтайтын жерің боп, үйіңде тамағың дайын тұрса, сен әлем тұрғындарының 75%-нан байсың. Егер таңертең денің сау болып оянсаң, әлемде шамамен 4 миллион адам қатерлі ісік ауруы науқастанып жатқанын біл. Ендеше, Аллаға шүкір ет. 

Егер соғыс зардабын көрмесең, түрмеде жалғыздық пен азапты сезінбесең, сен әлемдегі 500 миллион астам адамнан артықсың. Ендеше, Аллаға шүкір де.

Егер мешітте намаз оқып, діни рәсімдерді еш қауіпсіз орындасаң, сен 3 миллиард адам бөленбеген нығметке иесің.

Сенің әке-шешең тірі болып, ажыраспай өмір сүрсе, сен – әлемдегі ең сирек адамсың. Ендеше, Аллаға шүкір деп айт.

Егер сен осы кітапты оқысаң, жер бетіндегі 2 миллиард адамның сауатсыз екенін біл. Ендеше, Құдайға шүкіршілік етуде тұрақты бол.

 

материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: