01
Жұма,
Мамыр

һижри

Алланың хикметін сезін, Оның нығметтерінің ақысын бер

Алланың хикметін сезін, Оның нығметтерінің ақысын бер

Ислам тарихы

Кейде жұмыс қысымының төзгісіз болатынын, клиенттердің мінез-құлқы орынсыз көрінетінін және әріптестерің саған қарсы қастандық жасайтынын білемін. Бұл хикмет иесі – Алланың Өзіне жақындатып, пана сұрау үшін берілетін сынақ екенін біл.

Ол сынақтарды ызаңның бір себебі қылмай, Аллаға жақындау мақсатында пайдалан. Осы уақытқа дейін мен бір кісіге шексіз алғыс айтып келем. Ол кісі мен оқуды бітіргеннен кейін бірінші жұмыс істеген компаниядағы әріптесім еді. Ол маған жұмыстың қыр-сырын үйрету былай тұрсын, бір әріп те үйретпеді. Тіпті, компаниядан кеткеннен кейін маған жұмыс жүйесін қалдырудан бас тартып, өзіне сақтап қалды. Клиенттер маған қоңырау шалып, мен білмейтін нәрселер туралы сұрайтын.

Бұл компания менеджерін ашуландырып, менен әрдайым «Неге сен бұрынғы әріптесіңнен жұмыстарды алып қалмадың?!» деп сұрауға түрткі болатын. Жаратушының бұл сынағы мені сол кездегі көптеген клиенттеріміздің қарым-қатынас тарихын зерттеуге итермеледі. Сол сәттен бастап көп уақытымды жұмыста өткізетін болдым. Мен тек консультанттық мәселелермен айналысатын маман болсам да, қысқа уақытта бухгалтерлік және заңгерлік мәселелерді біліп, маркетингті де меңгере алдым. Бұл ауыр сынақтың жемісі өте тәтті болды. О баста, мені көрген әрбір адам жұмысқа салғырт қарайды деп ойлады. Себебі, мен әріптесімнен ешнәрсе үйренбей, жұмысын лайықты атқара алмайтынмын.

Алайда, бұл жайт мен үшін үлкен мүмкіндікке айналып, он жылдық тәжірибені санаулы ғана айларда жинай алдым. Бұл сынақтардың бәрін Алла маған мамандығымнан тыс салада тәжірибе жинау үшін жіберді және басымнан өткен бұл оқиға болашақта өз кәсібімнің аяғына тұруына үлкен септігін тигізді. Барлық мақтау Аллаға ғана тән, әрдайым Алланың хикметін сезін және Оның барлық нығметтерінің ақысын бер. Джим Коллинс өзінің «Foundations to Stay» кітабында кейбір компаниялардың ғасырдан астам уақыт бойы жоғарыда болуының ең маңызды себептерінің бірі – олардың әртүрлі қиындықтарға төтеп беру қабілеті мен сәтсіздіктерден сабақ алып, бәсекелестерін артта қалдыру өнері екенін айтады.

Жолыңда кезіккен әрбір ауыртпалық сені бір сатыға болсын жоғары көтереді. Алла Тағаланың ең сүйікті жаратылысы – пайғамбарлар мен елшілердің өмірбаяндарына зер салсақ, барлық сынақтар тек адамның дәрежесін асқақтату үшін ғана келетінін түсіне аламыз. Әрбір сынақ пен қиындыққа қарсы тұрып, өзіңе қажет болатын өмірлік тәжірибеңді жинақтай бер.

материал Аслан Орақбаевтың «Хәл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: